Аутсайдерлердің балалық шағы мен жаңашылдыққа қатысты қорқыныш: Раф Симонс пен Канье Уэст не туралы сұхбаттасты?

Өткен жексенбіде Раф Симонс 57-ге толды. 30 жыл бойы радикалды дизайн данышпаны атанып келген Симонс культтік сипатқа ие болған жеке брендтің негізін қалаушыдан Jil Sander, Christian Dior, Calvin Klein сынды алыптардың креативті директорына айналып үлгерді. Stan Smith x Raf Simons коллаборациясының арқасында Раф люкс пен стритвир арасындағы серіктестіктерге жол ашты. Басты ерекшелігі – классикалық ерлер тейлорингі мен панк эстетикасының үйлесімі.

2008 жылы Раф арнайы Interview Magazine журналы үшін Канье Уэстке сұхбат берген болатын. Ол кезде Симонс Jil Sander басшылығында еді, ал Канье сән әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан болатын. Подкастқа ұқсаған сұхбат екі дос арасындағы әңгімеге ұқсайды. Сән және музыка индустрияларының аутсайдерлері сол кезде не туралы сөйлескенін еске түсірейік.

Стильге ықпал ету туралы

Раф Симонс шағын бельгиялық ауылда, шығармашылық мүмкіндіктер аз жерде туып-өсті: «Мектепте шығармашылыққа тыйым салатын, жалғыз жақсы нәрсе пластина сататын дүкен еді». «Жаңа толқын» әсеріне бөленген Раф пен оның достары қара киім кигенді ұнатқанымен, мектеп бұған қарсы болыпты. Осылайша модельер сәнге өнеркәсіптік дизайн арқылы келеді. Симонс мансапты дұрыс таңдағанын Мартин Маржеланың Париж геттосында өткен үшінші көрсетілімінен кейін ғана түсінген екен: «Көрермендердің жартысы еңіреп жылады, олардың қатарында мен де болдым. Сәннің құдіретін сол кезде бір-ақ түсіндім».

Канье стилінің қалай құрылғаны жөнінде айтты. Әке-шешесі ажырасқаннан кейін жас Канье Чикагоның «қара» ауданы мен Мэрилендтің «ақ» қала маңы арасында әрі-бері сандалып жүріпті. Сондай-ақ жасөспірім кезінде Канье анасымен бірге бір жыл бойы Қытайда тұрыпты. «Басқа мәдениетке жеке тұлғамнан алыстамай-ақ бейімделе аламын. Стилімде Париж де, Жапония да, қала маңы да бар».

Шектен шығу туралы

«Қатал ережелер мен жүріс-тұрыс кодтары жастар субмәдениеттеріне тән жайттар», – дейді Раф субмәдениеттік догмалардың уыттылығы туралы. Кезінде шабыт берген жастар қозғалыстарына модельер енді сын көзбен қарайды. Канье болса жаңа идеяларға қарсы тұрып, орныққан культтарды қорғаштайтын қоғамды сынайды: «Ludacris маған Did It for Hip-Hop деген ән жаз деді. Мен хип-хопқа арнап ештеңе істеген жоқпын, бәрін өзім үшін істедім». Хип-хоп стереотиптерін бұзған Уэст жапон мәдениетіне нұсқайды: «Олар сыртта жатқан бірнәрсені алып, оны жетілдіріп, жаңа деңгейге шығады. Джинс киімдері сынды Америка мәдениеті элементін алады да, осы істің шеберіне айналады. Жазған битімді анамның жанында отырып жетілдірдім, бес түрлі продюсерді жеңуге тырыстым. Жаз бойына демалыс алдым, шаш алуды да ұмыттым, жаңа аяқ киімге қараған да жоқпын. Мұның бәріне жұмсар уақытым болған жоқ».

Tatler Asia

Танымалдық туралы

Раф тоқтаусыз метаморфозаны мәңгі шығармашылық мен танымалдық кілті деп біледі: «Коллекцияларым менің кім екенімді айқындамайды. Мақсатым – дизайнды жеке тұлғамнан неғұрлым алыстату. Жеке брендтің өзі абстракцияға айналды. Оны жаңартып, аудиторияны қызықтырудың бірден-бір жолы – осы». Канье танымалдықты сұлулыққа теңейді. Рэпердің пікірінше, ол әрі сый, әрі қарғыс болуы мүмкін: «Танымалдықпен күнде күресемін. Оны Ральф Лорен сияқты жақсылық жасау үшін қолдануға, Курт Кобейн сияқты даңқ құрбаны болудан сақтануға тырысамын. Мұны әлемді жақсы жаққа қарай өзгерте алатын идеялармен талмай жұмыс істеу деп білемін».

Жаңашылдыққа қатысты қорқыныш туралы

«Модельер рөлімен шектелгім келмейді. Болашақта сән әлемінен тыс пайда болатын шығармашылық мүмкіндіктерге кедергі келтіре ме деп қорқамын», – дейді Раф. Сондай-ақ Канье өзін тек рэпер бейнесінде көре ме деп сұрайды. Канье осы нәрсеге нұсқаймын да жүремін деп мысқылдайды: «Interview журналында жарияланған сөзіңіз (Рафтың) елдің санасына оттай басылады. Менің киім не дизайн жөнінде айтқаным ашық сұр түсті болып көрінеді. «Рэперге тән» әрекетке қарама-қарсы нәрсе істегенімше ел маған «Кет, рэпер!» дегенін қоймайды». Раф Каньені қостап, Jil Sanders бренді аясында әйелдер киіміне көшкенін еске алады: «Бұрын еш барып көрмеген жерге аттанғанның не екенін білемін. Ет аңдыған арыстанға толы арена».

Tatler Asia

Темы