Эди Слиман ұсынған ерлер киімі бренді туралы сыбыстың рас-өтірігін анықтаймыз
Сән әлемінде әйгілі француз дизайнері Эди Слиманға қатысты сыбыс пайда болды. 2024 жылдың қазанында Celine брендінің креативті директоры лауазымынан кеткен дизайнердің жаңа бастамасы бар сияқты.
Instagram желісінде жақында пайда болған сырға толы @hedislimanehomme аккаунты лезде сегіз мыңнан астам жазылман жинады. Тоғыз ақ-қара пост Слиманның фирмалық эстетикасын бейнелейтіні де сөзсіз. Осыған орай Слиманның ерлер киімі бренді туралы спекуляция көбейе бастады. Бұған дейін дизайнер мұндай жоспары жоқ екенін айтқанымен, әу бастағы шешімі өзгеруі әбден мүмкін.
Слиман — ерлер сәнін жаңартқан жан. Dior Homme-дағы (2000-2007) жұмысы аясында дизайнер әлемге өзінің «қынама силуэтін» сыйлаған болатын. Слиманның шалбары үшін Карл Лагерфельдтің өзі диетаға отырды деген сөз бар. Saint Laurent (2012-2016) атауынан Yves сөзін алып тастаған, Celine-ге (2018-2024) жастарды тартып, ерлер киімі жинақтарын шығара бастаған да — Слиман.
Слиманның эстетикасын таза рок-н-ролл деуге болады. Әзірлеген дизайндары — панк, глэм және жоғары сәннен тұратын коктейль. Өзіндік қолтаңбасына сай элементтерден былғары, сүйір силуэттер және андрогиндік қасиеттерді ерекше атап өтуге болады. Дизайнердің өз брендін құратыны не басқа сән үйіне басшы болып келетіні әлі белгісіз. Эдиден хабар күтеміз.