Бельгиялық дизайнер Гленн Мартенс Maison Margiela сән үйінің үшінші креативті директоры атанды
Деним деконструкциясының шебері Гленн Мартенс Maison Margiela сән үйінің жаңа креативті директоры болып тағайындалды. Ол сән әлеміндегі ірі жетістіктерімен және брендтің айтарлықтай өсуімен ерекшеленген Джон Гальяноның он жылдық қызметінің ізбасары болады. Алайда Maison Margiela мен OTB Group әзірге Мартенстің алғашқы топтамасының дебюттік көрсетілім күнін нақтылаған жоқ.
«Мен Гленннің ерекше талантына бұрыннан қанықпын. Maison Margiela-ны алдыңғы қатарлы авангардтық сән үйіне айналдырған Мартин мен Джоннан кейін оны басқаруға үшінші кутюрьенің келуі – мен үшін қуанышты жаңалық. Гленн – Антверпеннің Корольдік өнер академиясының түлегі ретінде Мартиннің жолын жалғап, жоғары сән өнеріндегі өзіндік шеберлігі мен көрегендігін әлдеқашан дәлелдеген маман», – деді Maison Margiela-ны басқаратын OTB Group-тың төрағасы Ренцо Россо.
Мартенс: «Maison Margiela командасына қосылу – мен үшін зор құрмет. Сән үйі ондаған жылдар бойы әлемге шабыт сыйлап келеді. Артылған сенім үшін Ренцоға алғыс айтамын», – деп өз ойын білдірді.
Брюггеде дүниеге келген Гленн Мартенс 2008 жылы Антверпеннің Корольдік өнер академиясын тәмамдаған. Оның дипломдық топтамасына тәнті болған Жан-Поль Готье оны бірден әйелдерге арналған преколлекциясы мен ерлер желісіндегі G2 брендіне кіші дизайнер ретінде шақырған. 2010 жылы Y/Project командасына қосылып, 2013 жылы брендті басқарды. Оның жаңашыл әрі эксперименталды тәсілі оны сән индустриясында бірден танымал етті. 2020 жылдың қазан айында Ренцо Россо Мартенсті Diesel-дің креативті директоры етіп тағайындады. Сондай-ақ ол жоғары сән саласында да тәжірибе жинақтады. Мысалы, 2020 жылы Jean Paul Gaultier haute couture топтамасының шақырылған дизайнері болды.
Гленннің алдындағы тапсырма бұл жолы да оңай болайын деп тұрған жоқ. Себебі Гальяно Maison Margiela-да шеберліктің биік стандартын бекітіп кеткен. Әзірге алдағы жоспарларын ашып айтпаса да, дизайнердің еңбегі көпшіліктің көзайымына айналары сөзсіз.