Сән әлемінен мұңлы ақпар: Джонатан Андерсон Loewe брендінен кетіп, қоштасу хатын жариялады.
Апта аса бір қуанышты емес жаңалықпен басталды – әйгілі британдық дизайнер Джонатан Андерсон Loewe-ден кететін сыңайлы. Ол біраз уақыт бойы Instagram-да брендтегі жұмысына арналған ностальгиялық жазбаларымен бөлісіп жүрді де кейіннен жүрекжарды қоштасу хатын жариялады.
Джонатан – ирония мен шеберлікті шебер ұштастыра отырып, Loewe-дің шығармашылық бағытын коммерциялық табысқа айналдыра алған бірегей дизайнер. 2013 жылы креативті директор қызметіне тағайындалған ол, испандық дәстүрлі брендті қайта жандандырып, оны LVMH конгломератының үздіктерінің қатарына қосты. 2024 жылы British Fashion Awards-та «Жыл дизайнері» атағына ие болды. Жақын арада Dior үйіне креативті директор ретінде тағайындалуы мүмкін деген сыбыс тарап жүргенін де жасырмаймыз.
Қайда барса да, Джонатан кез келген бренд үшін үлкен олжа болары анық. Loewe-мен қоштасу хатында ол өзімен бірге еңбек еткен барша жанға ризашылығын білдірді. Ал біз оған сән әлеміне Puzzle Bag сөмкесін, Mini Mouse аяқ киімін, пиксельді киім үлгілерін, көкөністермен түсірілген жарнамалық кампанияларды, Studio Ghibli-мен жасаған бірегей коллаборацияларды және өнер мен қолөнерді сәнмен үйлестірудегі асқан шеберлігі үшін алғыс айтамыз.
«Он бір жыл бұрын маған 179 жылдық тарихы бар брендтің жаңа тарауын жазу мүмкіндігі берілді.
Loewe-дегі алғашқы күнімнен бастап, мен өз ісінің шеберлерімен – дизайнерлік студия мен шеберхананың дарынды мамандарымен жұмыс істедім. Олардың қолөнерге деген сүйіспеншілігі мен кәсібилігіне тәнтімін. Бұның бәріне куә болғаным үшін алғыс айтамын.
Осы жылдар ішінде мен қиялы ұшқыр, талантты, табанды әрі жаңашыл жандармен бірге жұмыс істеу бақытына ие болдым. Олар әрдайым менің батыл идеяларымды жүзеге асырудың жолын таба білді.
Өткенге көз жүгіртсем, бренд бір ғана көрсетіліммен немесе алғашқы жылдағы жетістіктермен қалыптаспайды екен. Ол маусым сайын, жыл өткен сайын, брендтің рухына сай баяу, бірақ тұрақты түрде дамиды.
Менің ең үлкен жетістіктерімнің бірі деп Craft Prize сыйлығын негізін қалауды айтар едім. Біз жоғалып бара жатқан қолөнер дәстүрлерін сақтап, жас әрі тәжірибелі шеберлерге мүмкіндік беретін платформа жасадық. Осы бастаманы қолдаған қордың командасына, қазылар алқасына және сарапшыларға шексіз ризашылығымды білдіремін.
Алғашқы күннен-ақ мен мәдени маңызы бар бренд жасауды армандадым. Бұл арманым көптеген суретшілердің, қолөнершілердің, мұражайлар мен галереялардың қолдауымен жүзеге асты. Осы жолда үлес қосқан әрбір жанға алғысым шексіз.
Менің көзқарасымды бөліскен, әрбір сән көрсетілімін мүмкін еткен барша жанға, жарнамалық кампанияларға қатысқан адамдарға, мақалалар жазған журналистерге, өнімдерімізді сатып алған немесе жай ғана парақшамыздағы жазбаларға қолдау көрсеткендерге алғыс айтамын – сіздердің арқаларыңызда бұл мүмкін болды.
Барлық жақсы нәрсенің бір күні аяқталатыны айтылады, бірақ мен бұған сенбеймін. Менің Loewe-дегі «тарауым» аяқталғанымен, бұл брендтің тарихы әлі талай жылдар бойы жалғасатынына күмәнім жоқ. Оның жарқын болашағын баршамызды зор мақтанышқа бөлейтініне сенімдімін».
Ізгі ниетпен,
Джонатан.