Maison Margiela сән үйінен кететіні жария болған соң, дизайнер Джон Гальяно қоштасу хатын жазып қалдырды. Онда не деді?
Джон Гальяно — сахналық стиль мен экстраваганттылықты ұштастыра білген әйгілі британдық дизайнер. Ол Givenchy мен Christian Dior сән үйлерінде қызмет атқарған. 2014 жылдан бастап Maison Margiela сән үйінің шығармашылық директоры болды. Он жылдық жемісті жұмысынан кейін Гальяно қызметінен кететінін жариялап, Instagram парақшасында жүрекжарды қоштасу хатын қалдырды. Біз дизайнердің жазған ойларын қысқаша түсіндіріп шығуға тырыстық.
Жеке жетістіктері
Джон Гальяно хатта өзінің 14 жылдық ішімдіктен тәуелсіз өмірін атап өтіп, бұл жолда көмектескен адамдарға шексіз алғыс білдіреді. Ол өзінің өзгергенін және күн сайын өзін жақсартуға тырысатынын да тілге тиек еткен. Шығармашылық алкоголь, есірткі және басқа да зиянды дүниелерді қабылдаудан туындамауы тиіс деп, көпті толғандырған мәселеге назар аударады. Оған қоса кешірім мен қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып, ол әрекеттерді адамгершілік құндылықтарының негізі деп бағалайды.
Шығармашылық
Гальяно үшін шығармашылық — әлеуметтік-саяси идеялар мен құндылықтарды жеткізудің маңызды алаңы. Оның жұмыстары қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін ұран һәм жаңа буынның сенімділікке шақырар манифесі іспетті.
