Копенгаген сән апталығы дизайнерлердің жағасын ұстатып, дағдарыс пен өзгерістің арасында қалғаны жайлы мақаламыздан оқи отырыңыз.
Копенгаген – бізге Cecilie Bahnsen, Ganni, Di(Vision) сынды дизайнерлерді сыйлаған скандинавиялық сән әлемінің астанасы. Алайда биылғы Copenhagen Fashion Week (CPHFW) әлемдік сәнге әзірге ықпал ете қоймаған, аса танымал емес дизайнерлерді ұсынды. Демек, скандинавиялық сәнге тән қанық түсті өрнектер, кең жең мен романтикалық жағалар минимализм дәуірінде өз орнын таба алмай отыр дегенді меңзей ме, қалай?
Бес жыл бұрын сканди-стиль сән әлемінің шыңында еді. Копенгаген стритстайл бейнелерімен танылып, жергілікті фэшн-блогерлер жасаған қабаттасқан образдар, қанық түсті панамалар мен орамалдар, Питер Пэнге еліктеген жағалы көйлектер трендке айналғаны көпшіліктің есінде (бүгінде оларды Ganni-ден табуға болады). Ол кезде Копенгаген сән апталығынан не күту керегін нақты білетінбіз. Ал қазір скандинавиялық сән айқын шекарасынан айырылғандай – жаңа брендтер көбейіп, олардың стилін біртұтас бағытқа біріктіру мүмкін болмай барады.
Cecilie Bahnsen мен Ganni Парижге қоныс аударды, Di(Vision) мен Saks Potts мүлде жабылып қалды, ал биылғы CPHFW онша әсерлі болмады. MKDT Studio – Max Mara-ның, Cmmn Swdn – The Row-дың, ал Baum Und Pferdgarten – Ganni-дің стилін қайталағысы келетіндей. Бірақ ешбірі скандинавиялық сәнге тән ерекше тартымдылықты толығымен жеткізе алмады. Дизайнерлер сол стильдің өзіндік мінезін жоғалтқандай көрінеді немесе жаңа есімдер тым тар аудиторияға бағытталған өнім шығарып, SSENSE онлайн-платформасының тұтынушыларына ғана қызықты болуы мүмкін.