Үйдегі отырыстардан бастап, театрдағы маңғаз кештерге дейін не киіп баруға болатыны жайлы кеңестер топтамасын дайындадық
Жаңа жыл жақындаған сайын мереке қарсаңындағы түрлі жиын-тойға не киіп барсам деген сұрақ мазалап, ойша гардеробты мың ақтарып тастайтынымыз бар. Құрбы-құрдас, дос-жаран алдында жарқ еткен образбен есте қалғыңыз келеді ғой. Кішігірім караокеге барсаңыз да, ақсүйектердің салтанатты кешіне жиналсаңыз да, мақсат біреу — мінсіз болу. Ондайда біреулер қарапайым ғана сәнді қара көйлегін іле салса, енді біреулер тәуекелге бел буып, жұрт талқысының басты тақырыбына айналатын образды таңдайды.
«Щелкунчик» балетіне бара қалсаңыз:
Таңдауыңыз бен талабыңыз Black Tie болса, шашауын шығармай, «ғажап» сөзіне синоним бола қалу үшін төмендегі образдарға назар аударыңыз. Сәнді ұзын көйлек киіп шыққыңыз келсе, Saint Laurent-ның femme fatale стиліндегі ұзын қолғабы бар көйлектер ерекше әсер қалдырады. Егер жеңіл әрі нәзік көрінгіңіз келсе, Victoria Beckham-ның көйлегі сізге құйып қойғандай жараса кетуі бек мүмкін. Сәл батылырақ қадамға барғыңыз келсе, Bottega Veneta-ның қызыл түсті, етегі қалың шашақты лапылдап жанған жалын тектес көйлегі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы хақ.



