Қан, тер, шәует және сүт. Hoard фильмінен ненің иісі шығады?
BAFTA сыйлығы аясындағы «Үздік дебют: британдық сценарист, режиссер немесе продюсер» номинациясына ұсынылған фильмдердің ішінен Hoard («Қазына») картинасы ерекше көзге түседі. Луна Кармунның Саура Лайтфут-Леон мен Джозеф Куинн түскен жеке әрі еркін драмасы. Премьерасы 80-ші Венеция кинофестивалінде өткен фильм сондай-ақ Алматыдағы Qyzqaraz әйелдер киносы фестивалінде көрсетілді.
Картина қаза, есею және ес тақырыптарын қозғайды. Көрермен басты кейіпкер Мариямен бала кезінде танысады. Бірге тұратын анасының зат жинауға деген әуестігі бар көрінеді, себебі пәтерлері ылғи да ескі-құсқыға толып тұрады. Осы кезде кадр сыртындағы салқынқанды дауыс: «Менің жүрегім айнып тұр. Көп ұзамай сіздікі де айниды», – деп ескерту жасайды. Болашақты болжай отыра ескерту жасау – көрерменді алда болар шарасыздыққа дайындайтын әдеби тәсіл. Оны кезінде Шекспир «III Ричард» пьесасын жазғанда қолданған. Мұның бәрі бекер емес, өйткені фильмде ыңғайсыз, ымырасыз және «иісті» ритуалдар көп. Луна Кармунның өзі мойындағандай, қоюшы-суретші екеуі түсірілім алаңына арнайы хош иіс сепкен екен. «Қан, шәует, тер және сүттің» иісі болған көрінеді.
Тағы бір әсерлі аспект – көпқабатты, ұсақ бөлшектеріне дейін ойластырылған костюмдер. Авторы – костюм жөніндегі шебер Нэт Тернер. Central Saint Martins түлегі. Камералы драмаға да, Голливуд блокбастеріне де костюм тігіп көрген, көптеген толықметражды фильмдерге үлес қосқан, сондай-ақ «Оскар» және BAFTA сыйлықтарының лауреаты Линди Хеммингтің ассистенті қызметінде Wonka (2023), Wonder Woman (2017), Paddington (2014) және басқа да картиналарға арнап жұмыс істеген жан.
Костюм жөніндегі шебер Гоар Игитян Нэттен бізге арнап Hoard фильміндегі образдар туралы сұхбат алды. Ол костюм арқылы кейіпкерлердің психологиясын қалай ашатыны, көрерменді картинаның ерекше эмоциясына қалай бөлейтіні туралы әңгімелеп берді.