Prada мен америкалық жазушының коллаборациясы. Кітап пен Кэри Маллиганның жаңа амплуасына тоқтала кетейік.
Көктемгі коллекцияға орай ұйымдастырылған науқан аясында Prada кітап шығарды. Ондағы хикаялар бірінші жақтан баяндалады. Ten Protagonists кітабының авторы – Оттесса Мошфег. Ол бұған дейін Vogue Italia беттеріне шығып, Proenza Schouler көрсетілімдері туралы жазып, Марьям Нассир Заде брендіне арнап подиумға шыққан болатын.
Ten Protagonists кітабы сән мен сәйкестік арасындағы байланысты айқындайды. Стивен Мейзел түсірген фотосуреттерде Кэри Маллиган әртүрлі амплуа сомдайды. Фотограф кейіпкерлерді жарқын образдар мен қуыршаққа тән позалар арқылы ашады.
Бірінші кейіпкер – Патриция, аудармашы, ұқыпсыздықты классикамен үйлестіреді. Үстінде – алқызыл түсті мыжық-мыжық жейде, көк түсті белі жоғары шалбар және жіңішке белбеу. Патриция дауласуға дайын тұрады, өйткені өмірдің қызығы сонда деп біледі. Аяғын алшайта жазып, қолын айқастырып, өз-өзіне сенімді тұр.


Келесі фотосуреттен сылаң бойжеткен Алинаны көреміз. Бұйра шашы жүзін көмкеріп тұр. Ақ жейдесіне бант тағулы. Карабині бар белбеуі қыпша белін айқындап тұрғандай көрінеді. Алинаның әлсіздігі – танысуға арналған қосымшалардың ақаулары. Бойжеткеніміз – бағдарламашы.
Келесі фотосуретті аша бере, Фаннидің өткір көзқарасына тап боламыз. Күміс ендірмесі бар көйлектің сыртынан су өткізбейтін плащ киген фотограф, детальдерге сүйсіне қарайды. Зағип үлкен кісі оған «көруді» үйретіпті-мыс.