Дилдора Касимова – Өзбекстанның сән әлеміндегі беделді тұлғалардың бірі. Dildora Kasimova бренді арқылы ол он жылдан бері ұлттық өнерді дәріптеп келеді. Көктемгі күн мен түн теңелетін шаққа орай Tatler Ташкентке ат басын бұрып, Дилдорамен кездесіп қайтты.
Біз қонақ болып келгенде, Дилдора Касимова бір құшақ бәйшешек пен «сүмәләк» атты өзбектің ұлттық тағамын ұсына отырып қарсы алды да: «Сүмәләкті біз негізінен Наурыз мейрамы қарсаңында дайындаймыз, бірақ алыстан ат арытып келген қонақ болғандырыңыз үшін ертерек дайындап, ұсынып отырмыз. Бұл тәттісіз мереке мүмкін емес. Бүгінде қою сүтке ұқсас сүмәләкті кез келген Ташкент базарынан табуға болады. Бірақ біз дәстүрді сақтауды жөн көріп, оны өз қолымызбен әзірлейміз», – деді дизайнер.
Сүмәләк өзбектер үшін қандай маңызды болса, қазақтар үшін наурыз көже дәл сондай символдық мәнге ие. Екеуі де – Наурыз мейрамының басты тағамы. Оны дайындау – ерекше жауапкершілік пен мұқияттылықты талап ететін процесс. Сүмәләктің құрамындағы негізгі өнім – өнген бидай. Ол көктеммен бірге қайта жаңаратын тіршіліктің белгісі іспетті. «Бұл тағамды әзірлеу – нағыз дәстүрлі рәсім, ол 10–12 сағатқа созылады. Сол себепті біз «Сүмәләк party» ұйымдастыруды жөн көреміз, ұнатамыз. Барлық жақындарымызбен жиналып, ұлттық киім киіп, тағам әзірлеп, ән айтып, би билейміз. Сол кезде үй іші ерекше у-шу, көңілді әрі мерекелік атмосфераға бөленеді. Себебі бәріміздің басымыз қосылады», – деп ағынан жарылды Дилдора.

Сүмәләк дайындау – адамдарды бірлікке шақыратын ерекше сәт. Оны жалғыз әзірлеу қиын болғандықтан, қаншалықты көп адам жиналса, жұмыс соншалықты оңай, қызықты әрі көңілді болады. Сүмәләкті араластыруға отбасы мүшелері түгел жиналады, жұмылады. Тіпті әрбір қонақ оған саусағын тигізгені жақсы деп есептеледі. Дайындау кезінде тілек айтып, «араластырып» жіберуге болады. Одан соң келесі күні таңертең тағы бір ерекше дәстүр орындалады. Бүкіл отбасы қазанның қақпағын ашады. Қоюланған сүмәләктің бетінде түрлі өрнектер пайда болады. Өзбектер сол белгілерге қарап болашақты болжайды. Тек осы рәсімнен кейін ғана шынашақпен тағамнан дәм татады.