Miu Miu-дің интеллектуалды концепциясынан Jacquemus-тің қиял-ғажайып әлеміне дейін: ең әсерлі жарнамалық кампаниялар
Жаңа жыл сәті – күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, үйдің жылуын сезініп, жанға жайлы кештерде уақыт өткізетін шақ. Осы уақытта қанша есейіп кетсек те, бір ғажайыптың болатынына іштей сенетіміз де жасырын емес. Ал сән үйлері бұл сәттің сиқырына қандай үлес қосып жүр?
Jacquemus-тің жайлы шале ғимаратында орналасқан таңғажайып циркінде қиярлар модельдерге шабуыл жасап, тігін машиналары апельсиндермен ептілік сынасса, Miu Miu-дің ретро-ностальгиясы бізді қара шаңыраққа оралтып, ондағы таныс иістер заманына сапарлатып әкетеді. Ал Dior Версаль сарайында Күн патшаның өзін арнайы шақырып салтанатты кеш ұйымдастырады. Байқағаныңыздай, әр кампания мерекелік топтамаларды ғана көрсетіп қоймай, ерекше көңіл-күй сыйлауға ұмтылады: жанұяңызбен кешкі шайдағы жылулықтан бастап патшалық сән-салтанатқа дейін іздегеннің бәрін табуға болады.
Jacquemus
Jacquemus-тің мерекелік науқаны брендтің ерекше стилінің қағидаларынан аттап өтпеген. Алекс Консани басты рөлді сомдаған бейнероликтер сериясы бірде қиял ғажайып, бірде сіз күтпеген біртүрлі көріністермен ерекшеленген. Оқиға ағаштан жасалған жайлы шаленің ішінде өрбиді. Онда қарапайым заттар «Ару мен Құбыжық» ертегісіндегідей сиқырлы құрылғыларға айналып кетеді. Мысалы, жаттығу құрылғысы Jacquemus шарфын өзі тағып алады, жұмбақ механизм қияр тілімдерін денеге арналған маска жасайды; ал тігін машинасы апельсиндерден жасалған гирлянданы ойнатып жібереді. Осылайша Jacquemus жұртты таңғалдырып қана қоймай, есінде ұзаққа қалатын контент жасауда тағы жақсы нәтиже көрсетті.