Матье Блази дебютіне дейін Chanel-дің 2025 жылғы көктемгі кутюр топтамасын талғажау ете тұрамыз.
Париждегі жоғары сән апталығының екінші күні Chanel 2025 жылғы көктемгі haute couture топтамасын ұсынды. Биыл бренд жоғарғы сән әлеміндегі 110 жылдығын тойлайды. Көрсетілім Гран-Пале сарайында өтті, ал оның декорациясын интерьер дизайнері Вилло Перрон жасады. Орталық элемент ретінде сахнада брендтің гибридтік CC логотипі мен шексіздік белгісі қойылды.
«Chanel-де жоғары сәннің 110 жылдығын тойлап жатырмыз. Бұл белгі брендтің үнемі өзгеріп, дамып отыратынын және оның ұшы-қиыры жоқ екенін білдіреді», – деді жоғары сән федерациясының президенті Бруно Павловский.
Сән индустриясы Матье Блази дебюттік топтамасын асыға күтіп жатқанда, Chanel-дің студиялық командасы қарапайым және ұстамды топтаманы ұсынды. Негізгі акцент түстік палитраға қойылды: пастель түстерінен бастап, жарқын қанық реңктерге дейін көздің жауын алды. «Chanel тек қара мен ақ емес», – деп атап өтті Бруно Павловский.
Брендтің айрықша твиді осы жолы жастарға арналған жаңа интерпретацияда ұсынылды. Костюмдерде қысқа белдемшелер қолданылды. Образдар ұлпадай жеңіл кешкі көйлектермен алмастырылып отырды. Десе де осы жолы жалпы топтамада ортақ үйлесімнің жоқтығы байқалды. Жалпы алғанда, үлкен шоуларымен танымал Chanel бұл маусымда өте қарапайым презентация ұсынды. Әрі ол өткен мен болашақ арасындағы өтпелі кеңістікте тұрып, Матье Блазидің революциялық көзқарасын тағатсыздана күткендей әсер қалдырды.