Биыл макияж әлемінде вирустық сипатқа ие болған TikTok трендтері туралы әңгімелейміз.
Әлеуметтік желілер мәдени эксперимент жасайтын орынға айналды. Түрлі макияж жасау тәсілдері тематикалық образ жасауға мүмкіндік беретіні рас. Алайда 2024 жылы бұлар жеке тұлғаның бөлігі болуға тұрарлық, толыққанды эстетикаға айналды.
Demure Beauty
Very Demure, Very Mindful (қазақша «аса кішіпейіл, аса саналы» деуге болады) сөзі тиктокер Джулс Лебронның арқасында вирустық сипатқа ие болды. Халықты әдепті образдарға көшуге шақырған видеосы 50 миллионнан астам лайк жинаған болатын. Видеода Джулс жұмыс орнының эксперимент жасайтын, жарқын образ сомдайтын жер емес екенін айтады. «Жұмысқа алғаш барғандай киіну керек. Сені жұмысқа не үшін алғанын еш ұмытпа», — дейді блогер. Джулстың өзі кірпік жапсырып, көзінің үстін ұзын қылып сызады. «Кішіпейілдік пен саналылық» тренді басқа инфлюенсерлердің де көңілінен шықты. Demure макияжын жасауды үйрететін, косметикалық құралдар туралы әңгімелейтін роликтер пайда бола бастады. Мұндай образға көп косметиканың қажеті жоқ, яғни адамның бет-әлпеті таза әрі сау көрінуі керек.
Office Siren
«Офис сиренасы» образы Дизель Бюндхеннің «The Devil Wears Prada» фильміндегі кейіпкеріне тиесілі деуге болады. Есімі де Сирена. Корпоративтік әлемдегі табысты әйел адамның сексуалдандырылған образы. Мұндай кейіпкерлер 90, 2000-шы жылдары, романтикалық комедиялардың жанданған кезінде жиі кездесетін. «Офис сиренасы» макияжында көзге басымдық беріледі. Әсіресе есте қалғаны — тиктокер Стефани Хуидің роликтері. Мыңдаған лайк жинайтын видеоларында блогер көзді сызуды, дұрыс далап реңкін таңдауды үйретеді.