IMAGE Tamburins | Instagram: @tamburinsofficial

Жаңа хош иіс іздеп жүрсіз бе? Бәлкім, корей әтірлерін қарастырып көретін уақыт келіп жеткен шығар

Бет пен дене күтіміне арналған және сәндік корей косметикасы бьюти әуесқойларына етене танысі. Ал корей парфюмдері қаншалықты танымал? Қазіргі таңда Tamburins, NonFiction және басқа да жаңа брендтер корейлердің ғана емес, әлем халқының жүрегін жаулай бастады.

«Пандемиядан кейін адамдардың өмір сүру салты өзгеріске ұшырады. Мысалы, Корея азаматтары арасында өз болмысын көрсетуге деген қызығушылықтың артқаны байқалады. «Адамның өз-өзіне қамқор болуы» және «жеке бренд» сияқты ұғымдардың пайда болуымен адамдарға даралығын айқындау мүмкіндігін сыйлайтын, кішігірім сән-салтанат заттарына деген сұраныс та өсті. Қазіргі таңда көпшілік хош иістерді жай трендке ілесу үшін ғана емес, өзінің даралығын көрсету мақсатында алады», – дейді RboW брендінің негізін қалаушы Ким Со Хен.

Неге корей парфюмдері дейсіз бе?

«Көптеген батыс брендтері «сән-салтанатқа» баса назар аударады. Ал Кореяның RboW сияқты жаңа парфюмерия брендтері «даралыққа» көбірек көңіл бөледі. Тамыры тереңде жатқан конфуциандық мәдениеті бар Оңтүстік Корея соңғы онжылдықта қарқынды даму кезеңін бастан кешірді. Өз болмысын көрсетуге қатысты сақтық әлі де бар болғанымен, адамдар бірегейлікке көбірек қызыға бастады», – дейді Ким.

«Тарихымыз батыс брендтері сияқты тереңге кетпесе де, біз ерекше әрі эмоцияға толы хош иіс жасауға ұмтыламыз», – деп толықтырды Written On Water брендінің негізін қалаушы Пак Чан Ен.

Бұдан бөлек, корей хош иістері көп жағдайда табиғаттан шабыт ала отырып, табиғи эфир майлары негізінде жасалып, жұмсақ ізімен ерекшеленеді. Бұл ерекшелік оларды күнделікті қолдануды мүмкін етеді. Қысқасы, корей парфюмдері – ыстық әрі ылғалды Азия климатында қолдануға қолайлы хош иістер.

«Сонымен қатар көптеген брендтер теріге себетін ғана емес, матаға жағуға да, үйде қолдануға да болатын, әмбебап хош иістерді көптеп ұсынады», – деп атап өтті Пак.

Болмысыңызға сай, қайталанбас хош иіс табуға дайынсыз ба? Алдырыңызда – Сеулге барғанда қарастыруға тұрарлық жеті бренд.

Tamburins

Blackpink жанкүйерлері бұл брендті жақсы білетін болар. Tamburins – Gentle Monster отбасы құрамына кіретін бьюти және лайфстайл бренді, бренд елшісі – Дженни. Алғашында Tamburins қол күтіміне арналған косметика – крем, сабын және антисептик шығарумен айналысқан болатын. Алайда брендті бәріне мәлім құбылысқа айналдырған жаңашылдық парфюм коллекциясы еді. Елдің назарын аударатын, ерекше хош иістерді ұнатсаңыз, Tamburins брендін қарастырып көріңіз..

Біз Pumpkini әтірін таңдаймыз

Шисо жапырақтарының балғын ноталарымен ашылатын бұл хош иіс зімбір мен асқабақтың жұмсақ қоспасымен «жылынып», кокос сүті мен сандал ағашының кремді аккордымен аяқталады.

Қайдан іздеу керек: Tamburins Seongsu – 8 Yeonmujang 5-gil, Seongdong-gu, Сеул, Оңтүстік Корея; Haus Dosan – 50 Apgujeong-ro 46-gil, Gangnam-gu, Сеул, Оңтүстік Корея.

NonFiction

Бұл лайфстайл бренді көпшілікке дене күтіміне арналған өнімдері мен үйге арналған хош иістерімен танымал. NonFiction сезімтал теріге сай келетін өнімдерін жоғары сапалы өсімдік компоненттерінен сульфаттар, парабендер және фталаттар сияқты зиянды ингредиенттерді қоспай жасайды.

Біз Santal Cream әтірін таңдаймыз

Бұл — баяу өтіп жатқан күнге ұқсас, сандал ағашы, ветивер, інжір, кардамон, зімбір және бергамот ноталарының жинағы. Santal Cream жылы әрі кремді ізімен таңқалдырады.

Қайдан іздеу керек: NonFiction Samcheong – 84 Bukchon-ro 5-gil, Jongno-gu, Сеул, Оңтүстік Корея; NonFiction Seongsu – 19 Seoulsup 6-gil, Seongsu-dong, Сеул, Оңтүстік Корея.

RboW

Бұған дейін арт-галерея директоры болған Ким Со Хён негізін қалаған RboW бренді («rainbow» сөзінің аббревиатурасы) өнер мен парфюмерияны байланыстырады. RboW хош иістері жоғары сапалы өсімдік компоненттерінен жасалып, иелеріне де, айналадағы адамдарға да ерекше әсер дарытады. Әрбір бөтелке хош иістің болмысын бейнелейтін, абстрактілі суреттермен безендірілген – мұның бәрі негізін қалаушының шығармашылығын айқындайды. Ош иістермен қатар RboW бренді қол мен денеге арналған крем, ерінге жағатын бальзам мен диффузорларға арналған май шығарады.

Біз Case Study #11: Monsoon әтірін таңдаймыз

Жаңбырлы маусымға нұсқайтын атына қарамастан қарақат, фрезия, раушан, жасмин, інжугүл, мускус және сандал ноталарынан тұратын бұл гүлді хош иіс кез келген ауа райына жарайды.

Қайдан іздеу керек: ресми RboW сайты, Beaker – 738-36 Yongsan-gu, Hannam-dong, Сеул, Оңтүстік Корея.

SW19

Брендтің бес хош иісінің әрқайсы белгілі бір сәтті бейнелейді. Таң шөп басына қонған шықпен атып (6AM), түсте гүлдер ашыла бастаса (Noon), кешке ғашықтар жұлдызды аспан астында кездеседі (9PM). Сәттер коллекциясы: кез келген тәулік мезетіне не көңіл-күйге сай келетін хош иіс табуға болады.

Біз 3PM әтірін таңдаймыз

Шаңқай түсте күн астында жатқан, піскен, шырынды жемістер. Рауғаш, лотос, мандарин, жасмин және гардения ноталарынан тұратын жинақ балқарағай, ақ мускус және ветивер хош иістерімен бірігіп, жеңілдік пен жақсы көңіл-күй сыйлайды.

Қайдан іздеу керек: SW19 Garosugil – 24 Apgujeong-ro 10-gil, Gangnam-gu, Сеул, Оңтүстік Корея; Chicor Korea.

Written On Water

Брендтің аты затына сай: жұмсақ Written On Water хош иістері тыныштық пен жайлылық сыйлайды. Ассортимент шектеулі болғанымен, әрбір хош иіс иесін күн бойы қуантып отыратындай етіп, ойластырылып әзірленген.

Біз Sonagi әтірін таңдаймыз

Таза әрі тартымды хош иіс, жаңбырдан кейінгі ауаға ұқсайды. Бойында таңғы шық иісі мен ылғалды топырақ, інжір жапырақтары, жасмин және балқарағай ноталары үйлескен Sonagi хикаясы жылы амбра хош иісімен аяқталады.

Қайдан іздеу керек: ресми Written On Water сайты

 

Granhand

Granhand брендінің басты философиясы – талғампаз хош иістер ерекше жағдайлардың ғана емес, сондай-ақ күнделікті өмірдің бөлігі болуы керек. Бренд өнімдерінің қолжетімді болуының сыры ақылға қонымды баға мен әмбебаптықта жатыр.

Парфюмерия әуесқойлары бұл жерден классикалық парфюм де, теріге және киімге жағуға, сондай-ақ үйде қолдануға болатын, әмбебап хош иіс те таба алады. Сонымен қатар Granhand хош иістердің жапсырмаларын өрнектеп, оны даралау мүмкіндігін ұсынады.

Сондай-ақ бренд ассортиментінде диффузорлар, шамдар, хош иісті сашелер (оларды шкафқа, жәшікке не сөмкеге салып қоюға болады), кремдер мен қол сабындары бар.

Біз Noll Perfume әтірін таңдаймыз

Қара шай жанкүйерлеріне арналады! Лимон, бергамот, грейпфрут, кокос, жасмин, раушан, эвкалипт, амбра және мускус қоспасы күні бойы сақталатын, сергектік сыйлайды.

Қайдан іздеу керек: Granhand Gwanghwamun – 33 Jongno, Jongno-gu, Сеул, Оңтүстік Корея; Granhand Dosan – 3F, 17 Eonju-ro 164-gil, Gangnam-gu, Сеул, Оңтүстік Корея.

Youssoful

Youssoful – парфюмерия саласының мамандары үшін таптырмас бренд. Брендтің әрбір хош иісі – экстракт – эфир майларының жоғары концентрациясы әтірдің ұшып кетпеуін eau de parfum-нан гөрі әлдеқайда тұрақты түрде қамтамасыз етеді. Тағы бір артықшылығы – екі не одан до көп Youssoful экстрактілерін үйлестіріп, ерекше хош иіс жасау мүмкіндігі.

Біз Kingsman Extrait de Parfum әтірін таңдаймыз

Қанық әрі терең уд, былғары, палисандр, амбра, сауырағаш, тонка бұршақтары және ветивер ноталары байқалатын, «жылы» хош иіс. Елдің назарын сізге аударатын, сондай-ақ ерекше кештерге сеуіп баруға жарайтын әтір.

Қайдан іздеу керек: 28 Yeonhui-ro 1-gil, Yeonnam-dong, Mapo-gu, Сеул, Оңтүстік Корея.

Ванесса Чианың осы мақаласы алғаш рет 2024 жылдың 15 мамырында ағылшын тілінде жарияланған, Tatler KZ үшін қазақ тіліне 2024 жылдың 4 желтоқсанында аударып, жаңартқан – Гүлзат Бейс.

Темы