Hajime Sorayama
IMAGE Иллюстрация: Hajime Sorayama
Hajime Sorayama

Қазіргі таңда сұлулық өндірісі де кез келген өзге креатив сала сынды ЖИ-ді қарқынды тұтынуға әбден бет бұрды

Жасанды интеллекттің тұтас адамзат өмірсалтын өзгертуші құдіреті бар заманауи күш ретінде ықпал етпеген аумағы қалмады.

Қазіргі таңда сұлулық өндірісі де кез келген өзге креатив сала сынды ЖИ-ді қарқынды тұтынуға әбден бет бұрды. Ол күнделікті тұрмысқа толық дендегелі тұтынушылар тері күтіміне арналған шешімдерден бастап виртуал макияж үлгісін байқап көру сынды үдерістің бәрін аталған технологиялық құралға сеніп тапсырып отыр. Айтарлықтай ауқымды ақпарды өңдей алатын қасиетінің арқасында ЖИ beauty трендтерді анықтауға, өнім жасауға қолданылатын формулаларды оңтайландыруға және тіпті тұтынушының жеке қажеттіліктеріне икемделген әлдеқайда пайдалы өнім жасауға қабілетті.

Өзіңіз куә боп жүргендей сұлулық өнімінің пайда болуының алғашқы қадамынан бастап, цифрлық маркетинг стратегияларына дейінгі этаптың бәрі осы ЖИ қолында екеніне еш күмән қалмады. Осы орайда аталған құралдың сұлулық өндірісіне әкелген бірнеше маңызды өзгерістеріне тоқтала өтейік.

Виртуал try-on қосымшалар

2015 жылы косметика алыбы L'Oreal Paris өзінің алғашқы Makeup Genius аталатын виртуал try-on қолданбасын іске қосқанда, бұл сән әлемі үшін зымыран ұшырғанмен тең оқиға болды. Ал қазір мұндай құралдар қаулап кетті.

ЖИ қасиетіне ие виртуал try-on құралдар тұтынушы өнімді физикалық тұрғыда пайдаланбай-ақ оған қаншалық жарасатынын анықтауға көмектеседі. Мысалы, белгілі далап түсінің бет-әлпетіңізге әдемі жарасатынын анықтау үшін енді оны жағып көрудің қажеті жоқ. Сіз жай ғана виртуал try-on қосымшаға жүзіңізді сканерлетіп, далап түсінің ажарыңызды аша түсетінін үйде отырып онлайн көре аласыз. Сол секілді тоналды кремдердің реңін де дәл осы әдіске жүгініп оп-оңай таңдай саласыз. Жоғарыда атап өткен өндіріс айналымының үлкен мөлшердегі қаржыға арта түсуіне бұл заманауи шешімнің әсері тіптен зор. Ол сатып алған өнімді жараспай қалған себепті қайтаратындар санын едәуір азайтады.

Күтімнің ЖИ-ге негізделген гаджеттері

Жалпы ЖИ-ге негізделген түрлі күтім гаджеттерінің тұрақты орнауына әдеттегідей әлеуметтік желілер мен инфлюенсерлер ықпалы зор болды. Мысалы, қазір Met Gala, Канн кинофестивалі сынды өзге де маңызды шараларға дайындық процессі де, қызыл кілем сыртындағы қарбалас, жұлдыздардың құпия гаджеттері – бәрі жарияланатын болды.

Tatler Asia
IMAGE Instagram @jeannedamas

Осы суреттегі Rouje брендінің негізін қалаушы Жанна Дамас сынды бьюти құрылғылар қолдану кезіндегі суреттер мен get ready бейнежазбалар сән сүйер қауымға қазір таңсық емес. Мұндай дүниелерге әуестігін жасырмайтындардың бірі – танымал модель Ирина Шейк басылымдардың біріне берген сұқбатында: «Мен косметикалық процедураларды үйде Carita My C.L.E гаджеті арқылы өзім жасаймын. Ол бір бойында электрлік импульстер мен жарық терапиясын тоғыстырған. Теріні жұмсақ әрі тегіс етеді». Мұндай процедураларды жасау үшін арнайы салондарға жазылуды да алдын ала жоспарлауға көмектесетін қосымшалар түрі көп-ақ.

Сұлулықтың тарихтан мәлім ең ежелгі әрі бәріне ортақ бір құпиясы болса, ол – ұйқы. Осы орайда Sleep Cycle сынды ұйқының ең жеңіл фазасында оянып, күні бойы өзін сергек сезінуге көмектесетін қосымшалар да, SunSmart сынды ультра күлгін сәуле деңгейін анықтаушы,  өзге де қатерлі ісік не басқа да ауру түрлерін анықтаушы, жалпы деннің саулығын бақылайтын кез келген қосымша әдемілікке ұмтылу жолында сенімді серік бола алады.

Анализ, диагностика мен консультацияға арналған чатботтар

ЖИ алгоритмдері тұтынушыға қанағаттанарлықтай жеке қызмет көрсету үшін оның қалауын дөп баса алатындай шебер жазылған. «Сәлеметсіз бе? Мен сіздің жеке ерекшеліктеріңізді ескере отырып бьюти процедуралар тізбегін жасауға көмектесемін. Нәтижелі күтім жасау үшін қосымша мәліметтермен бөлісуіңізді сұраймын. Теріңіз қандай: майлы, құрғақ, сезімтал немесе аралас па?» деген сияқты контексттегі хат алмасу арқылы жүзеге асады. Чатботтар диалог барысында хабарласушының тері, шаш не тырнағының жағдайын ескеріп, жалпылама ғылыми деректер базасын саралай отырып, толыққанды талдау жасап, диагностикасын бекітіп, соңында нақты сол адамның мәселесін шешетін рекомендациялар ұсынады.

Жоғарыда аталғанның бәрі бьюти әлемді тұтынушыға жеңілдету үшін жасалған жолдардың бірқатары ғана. Мұндай әдіс-тәсілдің түрін түгендеп шығу мүмкін емес.

ЖИ-дің сұлулық саланың жұмысын жеңілдеткені сонша, тіпті аталған салаға ол жылына 20% қарқынмен еніп келеді. Сұлулық пен косметика нарығының айналымы 2027 жылы 663 миллиард долларға дейін өседі деп күтілуінің өзі ЖИ құралдарының ықпалымен ғана жүзеге асары анық.

ЖИ сұлулық өндірісті өркендете түскеніне әлемдік жұлдыздар да мысал бола алады. Байқасаңыз, соңғы жылдары өзінің жеке сұлулық өнімін шығармаған жұлдыз қалмады. Кардашьян-Дженнерлер реалити шоу мен нақты осы beauty бойынша танымал болды делік. Ал Рианна, Виктория Бекхэм, Рози Хантингтон-Уайтли сынды өнердің өзі маманданған саласында салмақты орны бар бикештердің де жаппай сұлулық өнімін шығарып кетуіне не себеп? Және олардың қатарында бұл қадам арқылы фейлге ұрынғаны жоқ. Бәрі үлкен сұраныста. Бұл да біз әңгімелеп отырған өндіріс озық технологиялар арқылы әр адамның өмірсалтының ажырамас бөлігіне айналуда нағыз серпіліс жасағанын көрсетпей ме? Kylie Cosmetics, Fenty Beauty, Rhode осының айқын дәлеліндей.

Демек ЖИ сұлулық өндіріске айтарлықтай оң өзгеріс әкеліп, оның ықпалын арттыра, жұмысын ілгерілете түсті. Ал бұрынғыдан бетер «inside and out» сұлулана түссем деген бикештердің beauty процедураларын жеңілдету арқылы, олардың тұлғалық өсу жолында жасайтын әрекеттеріне уақыт қалдырады. Ал уақыт алтыннан да қымбат.

Темы