Шаш бұйырлаудың тың әдісінен бастап, бетті ауыз сумен жууға дейінгі өтірік-шыны аралас тәсілдердің ақ-қарасын ажыратамыз
Әлеуметтік медианың әсерінен сұлулық индустриясы бұрынғыдан да жылдам дамып келеді. Сұлулық әсер етушілер макияжға және жеке күтімге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, сонымен қатар жаңа идеялар мен өнімдердің негізгі арнасына айналды. Дегенмен нарықтың қарқынды өсуі бірқатар қиындықтар тудырды: косметиканың молшылығы мен кеңестердің көптігі тіпті тәжірибелі пайдаланушыларды шатастырады. Өзіңізге сай өнімді қалай табуға болады? Қай кеңестер шынымен пайдалы, ал қайсысы жай ғана тренд? Блогерлер өздерінің сүйікті құралдарымен ғана бөлісіп қоймай, косметика қорабындағы бар дүниені тиімді пайдаланудың жолдарын да үйретуде. Біз шынымен көмектесетін, тексерілген лайфхактарды жинадық.
Консилер мен ылғалдандырғыш крем
Джуди Лим – макияж шебері және бьюти-блогер, азиялық типтегі келбет иелерінің назар аударуына лайық тұлға. Джудидің әсерлі әдістері мен айла-тәсілдері өте көп. Солардың ішіндегі ең қызықты лайфхактарының бірі – консилерді көздің астына жағар алдында оны аздап ылғалдандырғыш креммен немесе сарысумен араластыру. Бұл әдіс бірден бірнеше мақсатқа жетуге мүмкіндік береді: консилердің текстурасын жеңіл әрі жайлы етеді, ұсақ әжімдер мен тері қыртыстарының көрінуін азайтады, сондай-ақ көз айналасындағы нәзік теріні қосымша ылғалдандырады.