IMAGE Instagram @tsukihair

Жай ғана шаштараз емес: жылтыр журналдардың мұқабалары мен подиумдардан көруге болатын шаш үлгілерін әзірлейтіндер кімдер?

Сән көрсетілімдері мен «жылтыр» түсірілімдер сахналары артында нағыз шеберлер — мейкап әртістері, шаш стилистері және сет-дизайнерлер бар. Олар подиумдар мен журналдарға арнап образ жасап қана қоймай, индустрия трендтерін түзеді. Олардың еңбегі — өнер мен бас көтеруге итермелеу арасындағы пішін мен текстураға негізделген батыл эксперимент. Олар Vogue, Elle және Harper's Bazaar мұқабаларына арнап образ жасайды. Клиенттерінің арасында Рианна, Леди Гага, Марина Абрамович сынды жұлдыздар бар. Жаңа Backstage рубрикасы аясында сіздерді сән әлемі сахнасының сыртында жүретін, дарынды әрі келешегі зор жандармен таныстырамыз. Бұл жолы шаш стилистері туралы әңгімелейміз.

Нероның жастық шаққа деген көзқарасы

Неро — Токиодан шыққан шаштараз әрі фотограф. Japan Beauty College-ді бітіріп, төрт жыл бойы жергілікті салонда жұмыс істеген болатын. 2014 жылы АҚШ-қа көшіп, стилист Боб Ресиннің көмекшісі қызметін атқарды. Кейінірек мансап жолын дамытпақ болып, Vogue US, AnOther Magazine, Vogue Korea журналдарымен, сонымен қатар Supreme, adidas, Nike, Y3 және Helmut Lang брендтерімен бірге жұмыс істеп, сән көрсетілімдеріне қатыса бастады.

Неро шаштараз мансабын шығармашылық фотографиямен және сән әлемімен шебер астастырады. Энди Уорхолдың полароидқа түсірген суреттері сериясынан шабыт алған Неро өз қолымен жасаған париктерді киіп, автопортрет түсіріп, клиенттерінің өзгерген кейпін Polaroid Big Shot және Deardorff 8x10 камераларының көмегімен бейнелейді. Жақында өткен YOUTH BY NERO көрмесінде Неро Нью-Йорк қаласындағы студиясында төрт жыл бойы түсіріп, жинаған интимді полароид портреттері коллекциясын ұсынған болатын. Бұл коллекция жастар мәдениетіне деген ерекше көзқарас пен жеке трансформацияларды айқындады. «YOUTH — төлқұжатта көрсетілген сандар емес, өмірге бейімделу. Бұл — жасына қарамастан жарқын болашаққа ұмтылған, табанды жастардың хикаясы. Көрме жастық шақтың мәні ынтық сезім мен ниетке толы жүректе екенін көрсетеді», — дейді Неро. Биыл Токиода осы портреттердің кітап форматындағы, саны шектеулі (500 дана) жинағы шықты.

Tatler Asia
IMAGE Неро | models.com
Tatler Asia
IMAGE Instagram @nerohair
Tatler Asia
IMAGE Instagram @nerohair
Tatler Asia

Исаак Палеонның мың түрлі әдісі

Лондондық шаш стилисі Исаак Палеон өз мансабын 17 жасында кездейсоқ бастап кетті деуге болады: «Сол кезде бірге тұрған әйел мені өз шаштаразымен таныстырды. Жаңа мүмкіндіктерге ашық едім, ақша да керек болды». Аз ғана уақыт өткен соң, Исаак Лондонда 90-шы жылдардан бері танымал, беделді, қара нәсілді жандарға арналған салонда жұмыс істей бастады.

Палеонның мансабындағы ең бір жарқын сәттердің бірі Рианнамен бірге істеген жұмысы болды: «Рианнаның алғашқы Cameo Collection зергерлік коллекциясына арналған Fenty науқанымен айналыстым. Осыдан жарты жыл бұрын ғана ASOS-та еңбек еткенім туралы ойласам, мұның ғажап тәжірибе болғанын түсінемін. Кенет Рианнаға шашты қалай алу керектігін көрсету мүмкіндігіне ие болдым».

Бүгінде портфолиосында Fenti, Calvin Klein және Valentino брендтеріне арнап жасаған еңбектері, сондай-ақ British Vogue және AnOther Magazine журналдарының түсірілімдері бар. Жүзеге асырған жобаларына қарамастан, Исаак өзінің мансаптық жолы енді ғана басталғанын айтады.

Мүсіндік бұрым, мінсіз сәнделген афро, толқын секілді еңбектері мың түрлі әдісті қолдана отырып жасалған. Палеонның шығармашылық жоспары көп. Стилист Мэрайя Кэри, Джанет Джексон, Мэри Джей Блайдж сынды аты аңызға айналған әртістермен жұмыс істеп көруді армандайды екен: «Олардың классикалық стилі менің эстетикама сай келеді: әдемі, «жылтыраған» шаш үлгілерін жасағанды ұнатамын. Осы арманым орындалса, ғажап болар еді».

Tatler Asia
IMAGE Исаак Палеон | модельдер.сом
Tatler Asia
IMAGE Instagram @issacvpoleon
Tatler Asia
IMAGE Instagram @issacvpoleon
Tatler Asia

Цукидің мүсіндік шаш үлгілері

Жапондық шаш стилисі Цуки қазір Нью-Йорк қаласында жұмыс істейді. Ауылдық жерде орналасқан, кішігірім, бірде-бір сұлулық салоны жоқ Сайтама қаласында дүниеге келген Цуки өзінің де, достарының да шашын ала отырып, осы өнерді игерген екен. Дәл осы мансапты таңдауына Beautiful Life сериалындағы жас шаштараз болып ойнаған бас кейіпкер түрткі болған.

Нью-Йорк қаласына көшерге дейін Цуки тоғыз жыл бойы Жапониядағы салонда жапондық шаш типімен жұмыс істеген болатын. АҚШ-қа келгеннен кейін шеберге басқа шаш типін қиюды үйренуге тура келді. Нью-Йоркте стилист-фрилансер болып жүрген Цуки аз ғана уақыт ішінде табысқа жетіп, Vogue US және T Magazine сынды журналдардың эдиториалдарына үлес қоса бастады. Сондай-ақ Цуки Thom Browne және Phillip Lim брендтерімен серіктестік құрып үлгерді. 2024 жылдың қаңтарында Цуки Нью-Йоркте сүйген жары әрі шаш стилисі Рицуко Хотакамен бірге On-Session салонын ашты: «Нью-Йорктегі салондар не тым салтанатты, не тым қарапайым. Токиодағы салондарда азын-аулақ тепе-теңдік бар. Сол стиль мен жайлылықты осында әкеліп, салон ашайық деп шештік».

Цуки бірегейлігі мен айқындығымен ерекшеленетін мүсіндік шаш үлгілерін жасайды. Сонымен қатар шебер текстура, пішін және шаш үлгісі мен макияж, киім стилі арасындағы жалпы гармония сынды детальдерге көп көңіл бөледі.

Tatler Asia
IMAGE Цуки | модельдер.сом
Tatler Asia
IMAGE Instagram @tsukihair
Tatler Asia
IMAGE Instagram @tsukihair
Tatler Asia

Джои Джордждың шығармашылық әдісі

Шаш стилисі әрі суретші Джои Джордж — өз саласының жаңашылы. Еңбектерінде техникалық дағдылар мен шығармашылық әдіс астасып жатады. Джордж заманауи өнерден шабыт алып, ерекше әрі провокациялық образдар жинайды.

Джои бала кезінен өнерге жақын болды. Төрт жасынан бастап 17-ге толғанша балетпен айналысқан шебердің бойында мінезбен қоса артистизм қалыптасады. 2006 жылы Джои Нью-Йоркке көшіп, Соходағы Aveda Институтын бітіреді. Оқуын аяқтаған соң, ол шашты сәндеуге қатысты эксперимент жасап, кәсібін нағыз өнерге айналдырды.

Мансабын Vogue, Elle және Harper's Bazaar сән журналдарының стилисі болып бастаған Джоидің бойындағы дарыны көп ұзамай сән және шоу-бизнес саласы өкілдерінің көзіне түсе бастады. Леди Гаганың The Artpop Ball Tour-на арнап парик әзірлеп, Givenchy, Tom Ford, Azzedine Alaïa және Zara брендтерімен бірге жұмыс істеді. Сондай-ақ Джои тәлімгерлікпен айналысып, Oribe Haircare компаниясына арнап өнім жасап шығарған.

Джои күрделі әрі көп өлшемді шаш үлгілерін дайындап, дәстүрлі деуге келмейтін әдістерді қолданады. Шашты адам болмысын айқындайтын құрал санайтын ол өз жұмыстарында шаштараздық міндетпен ғана  шектелмейді: «Шашты адамның бет-әлпетінің бір бөлігі деп қана емес, оның даралығын айқындау жолы деп білемін. Шаш адамның мінезін, өз-өзіне деген сенімділігін және стилін көрсете алады деп сенемін».

Tatler Asia
IMAGE Джои Джордж | models.com
Tatler Asia
IMAGE Instagram @joeygeorge
Tatler Asia
IMAGE Instagram @joeygeorge
Tatler Asia

Темы