Сұлулық индустриясы соңғы онжылдықта күрделі өзгерістерге ұшырады
Сұлулық индустриясы соңғы жылдары үлкен өзгерістерге ұшырады. 2024 жылдың қазан айында әлем бойынша 5 миллиард адам әлеуметтік желіні пайдаланып, олардың 86%-ы белсенді қолданушылар қатарына енді. Әлеуметтік желілер адамдардың сұлулық өнімдеріне көзқарасын түбегейлі өзгертті. Бұрын тұтынушылар косметикалық дүкендерге барып, өнімдерді қолмен ұстап, көріп сатып алса, қазір көпшілік қажетті ақпаратты Instagram, TikTok сияқты платформалардан алады. Бұрын сұлулықтың бейнесі тек дәстүрлі журналдар мен теледидарлар көрсеткен бейнемен байланысты болса, қазір әлеуметтік желілер арқылы бұл түсінік кеңейіп, барлық жыныс, тері түсі, дене көлемі, шығу тегі және шаш түрлері сияқты әртүрлілікке үйреніп келеміз.
Сұлулық инфлюенсерлері және әлеуметтік желілердің рөлі
Statista деректері бойынша, 2023 жылы миллениалдардың 50%-ы және Z буынының 83%-ы косметикалық өнімдерді инфлюенсерлердің кеңесімен сатып алған. Инфлюенсерлердің белгілі бір өнімді қолдануы тұтынушылардың сенімін арттырады. Неғұрлым сирек әрі табылуы қиын деген маркетинг слоганы берілсе, соғұрлым адамдар сол тауарға қол жеткізуге тырысады. Сондай-ақ, мекемелердің айтуынша, әлеуметтік желідегі жарнама ең арзан әрі қолжетімді жарнамалардың түрі болып табылады. Яғни бір жарнаманы әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізіп, өнімді тек дүкеннің өзі орналасқан қаладағы адамдарға ғана емес, ғаламтор арқылы бүкіл әлемге сатуға болады.