IMAGE alamy.com

Tatler — ең көне «жылтыр» журналдың тарихы туралы әңгімелейміз

Ең көне журнал енді Қазақстанда да шыға бастады. Биыл брендтің құрылғанына 315 жыл болды. Ресей әлі империя болып жарияланбай, ал АҚШ әлі жобаланбай тұрған кезде Tatler Лондон зиялы қауымын әлдеқашан көңілдендіріп әрі сынап үлгерген болатын. Маңызды қоғамдық пікір құралына айналған баспасөздің тарихы Tatler-ден бастау алады.

Зиялы қауымның әдет-ғұрпын ирония қосып сипаттайтын журнал 1709 жылы алғаш жарық көрді. The Tatler, тура аудармасы — «өсекші», деп аталған алғашқы басылымды ағылшын-ирландиялық жазушы, философ және саясаткер Ричард Стил шығарған болатын. Баспашы әрі бас редактор болған Стил эсквайр Исаак Бикерстафф атын жамылып, жасырынуды жөн көрген екен. Журнал Лондонның әрбір әйгілі кофеханасында келушілердің әңгімелерінен үзінді жазып алып, оқырманға жеткізіп отыратын, жасырын Tatler корреспонденттері туралы аңызбен қоса тарап отырды.

Стилдің The Tatler-ге берген сипаттамасы: «екіжүзділік пен өтіріктің бетін ашып, әңгіме-дүкен құруға, пейілге және киімге деген қарапайымдылықты дәріптейтін басылым». Алайда бұл тек ізгі ниет қана еді. Шын мәнінде аптасына екі-үш рет шығып отырған журнал қазіргі тілмен айтқанда инсайдерлік ақпаратты өткір мысқыл түрінде баяндап, қияли фантасмагориялық қиялдармен бөлісіп, Стилдің саяси қарсыластары — консервативті тори партиясын сынға алатын. Бұл Оскар сыйлығына ие болған «Фаворитка» фильмі мен Алла Демидова герцогиня Мальборо рөлін сомдаған кеңес дәуірінің өнер туындысы — «Стакан воды» атты костюмдік драмасы сипаттаған ханшайым Аннаның заманы еді. Ең қызығы — Черчилль әулетінің өрлеуі осы фильмдерде айқындалған әрі The Tatler-дің негізін қалаушы қатысқан шиеленістен бастау алады. Әулет мүшелері арасында аты аңызға айналған премьер-министр сэр Уинстон Черчилль мен ханшайым Диана бар.

The Tatler мақалаларын сол дәуірдің ең жарқын қаламгерлері, оның ішінде сол бұрынғы эсквайр Бикерстафф атын жамылған «Гулливердің саяхаттары» кітабының әйгілі авторы Джонатан Свифт жазған болатын.

Tatler Asia
Ричард Стил
IMAGE Ричард Стил | GettyImages
Ричард Стил

Билікке келген торилер көрнекі партия қайраткерлерінің көбісін сынап үлгерген The Tatler-ді жабуды қолға алды. Осылайша басылымның хикаясы небәрі екі жылға созылды. Сол кезде Ричард Стил мойымай, әлемдік журналистика классикасына айналған The Spectator(«Көрермен») журналын шығарады.

Дегенмен The Tatler журналы екі жыл ішінде талай шу шығарып, танымалдыққа жетіп үлгерді. Атағын өз мақсаттарына қарай пайдалануға тырысқандар да көп болды: мысалы, Ресей императрицасы II Екатерина Tatler мақалаларын орыс тіліне аударып, дворяндарды әдептілік пен талғампаздыққа баулуға тырысыпты. XVIII–XIX ғасырларда Tatler атын жамылған тағы бірнеше журнал шыққан болатын, алайда ешқайсы ұзақ ғұмыр кешкен жоқ.

Алайда көңілді әрі өткір The Tatler бейнесі сақталып қалған еді. Осылайша екі ғасырдан өткен соң, 1901 жылы алғашқы санында герцогиня Сазерленд бейнеленген, жаңа The Tatler (артиклі кейіннен жоғалады) журналы шықты .

The Tatler мақалаларын сол дәуірдің ең жарқын қаламгерлері, оның ішінде «Гулливердің саяхаттары» кітабының авторы Джонатан Свифт жазған болатын.

Tatler Asia
Tatler winter fashions, by Gordon Conway | Alamy
IMAGE 2M3K7JT Tatler winter fashions, by Gordon Conway
Tatler Asia
Summer Living number from The Tatler | Alamy
IMAGE 2M3K84W Summer Living number from The Tatler
Tatler winter fashions, by Gordon Conway | Alamy
Summer Living number from The Tatler | Alamy

Айта кету керек, ол заманда, әсіресе ағылшындар арасында, зиялы қауым өміріне деген қызығушылық зор болды. Таңертеңгі кофесін ішіп отырып Графиня N-нің соңғы қайырымдылық балында қандай киім кигені немесе жас герцог М-нің қызметшісіне айтқан қалжыңы туралы естімей, жұмысқа аттанатын жан аз еді. Диккенс романдарының кейіпкерлері қабырғаларына апталық басылымдарға шыққан сұлу қыздардың портреттерін ілетіні де, кедей қуыршақтар киімдерінің тігіншісі Друри-Лейн театрына барып, сәнді арулардың көйлектерін көріп, оларды қуыршақтарға шақтап тігіп, жас сатып алушыларын қуантатыны да бекер емес. Сән, әдептілік нормалары, мінез-құлық ережелері — ол кезде бәрін зиялы қауым айқындайтын. Барлық салаға жаңашылдық жеткізетін де солар еді.

Аристократтар туралы басылым көп болды, сондықтан жас Tatler-ге қатал бәсекелестік жолына қадам басуға тура келді. Редакция уақыт рухын сезіне біліп, бірегей имидж қалыптастыруға кірісе кеткені алғашқы сандардан-ақ байқалады. Ақсүйек отбасылар туралы әңгімелер журналдың маңызды бөлігі еді. Оқырмандар бүкіл отбасының, балалардың портреттерін көріп, олардың киімдеріне, үйлеріне, саябақтарына, жиһаздарына баға беріп, отбасы мүшелері қатысқан маңызды тарихи және саяси оқиғаларды еске түсіретін. Балдар мен қабылдаулар, бәйге мен маусым жаңалықтары туралы мәліметтер тарихи экскурстар мен ұлы тұлғалардың өмірбаяндарымен алмасып отыратын. Алғашқы нөмірде Англияның мәңгі жауы әрі көптеген ағылшындарды таңдандырған тұлға — Наполеон туралы мақала болды. Корсикалық қолбасшының бюсті ол кезде тіпті Британияның болашақ премьер-министрі Уинстон Черчиллдің жұмыс үстелінде де тұратын.

Tatler танымал адамдардың жаңа аристократия екенін алғашқылардың бірі болып түсінді. Журналға шыққан герцогинялар спортшыларға, актерлерге, әншілерге, балериналарға және қылықтары қоғамды бір шошытып, бір таңдандырған сәнқой әйелдерге орын бере бастады. Tatler-дің фирмалық — өткір әрі талғампаз стилі алғашқы онжылдықтың өзінде-ақ қалыптасты.

Tatler-дің алғашқы редакторы әрі баспагері журналды ширек ғасыр бойы тоқтаусыз басқарған Клемент Шортер болды. Джейн Остин, апалы-сіңлілі Бронтелер және Элизабет Гаскелл сияқты әйел жазушылардың жанкүйері болған бұл тапқыр беллетрист негізінен әйел адамдардан құралған аудиториямен қарым-қатынас жасаудың жолын дәл тапқан еді – «ақылды» адамдарға арналған, нәзік әрі өткір ирония, парасаттылық және дұрыс тон.

Tatler Asia
IMAGE Фото: GettyImages

Жазушы әрі журналист Тина Браун редактор қызметін атқарған 1977–1982 жылдар Tatler тарихының маңызды кезеңі болды. Ол журналды сән, стиль және әжуа көшбасшысына әрі беттерінде саяси газеттерге шығатын өзекті мақалалардан да өткір материалдар жарияланатын басылымға айналдырды. Беттердің тісі болуы керек дейтін. Журнал ұйымдастырған іс-шаралар мен кештерге шақыру қоғам назары түскен тұлғалар әлеміне тиесілі болу сертификатына айналды.

Tatler материалдарының басты тақырыбы — британдық зиялы қауым бірегей құбылыс болғанымен, XXI ғасырдың 10-жылдарынан бастап Tatler күтпеген жерден Ресейдегі ең беделді «жылтыр» журналға айналды. Қазақстандықтар да оны беріліп оқитын, ал «Tatler Ресейдің» атақты бас редакторы Ксения Соловьева Алматы қаласының аяулы қонағы еді.

Көпшілік Tatler дебютанттар балына шақыру алуды армандайтын. Ең қызығы жаңа «Мәскеу дворяндығының» басты байқауына айналған бұл іс-шара бұрынғы Мәскеу дворяндар жиналысының тарихи ғимаратында — Матвей Казаковтың коммунистер билігі кезінде Одақтар үйіне айналған палладиандық палаццосында өтетін. Кеңестер билігінің Ленинмен, Сталинмен және басқа да КСРО көсемдерімен қоштасу сияқты алып рәсімдері өткен ғимарат жаңа Ресейдің басты зайырлы іс-шарасының декорациясына айналды.

Ресейлік Tatler ақсүйектерден бастап министрлерге дейінгі топтарды қамтитын ресейлік элитаның манифесі әрі өзін-өзі таныту алаңы болды. Кей колумнистер, мысалы, Мария Байбакованың бай мұрагері, шынайы әлемнен алшақтап, оқырмандарға қызметшілерді «тәрбиелеу» және олардан алшақ болу туралы кеңес бере бастаған болатын. Дәл осы мақала кезінде қоғамда дау туғызып, саяси деңгейге жете жаздаған еді. Алайда мереке жалғаса берді.

Tatler-ге шығу жалпы «осы жалғанда бар болу» дегенді білдіретін. Саясаткерлер, байсымақтар, «ескі ақша» өкілдері, әлеуметтік энтузиастар, олардың әйелдері, күйеулері, көңілдестері, альфонстары, сондай-ақ рестораторлар, фитнес-тренерлер, сән фотографтары, дизайнерлер, коучтар мен мәдениет қайраткерлерінен тұратын ауқымды орта кей адамды мақтап, басқасын төмендетіп немесе әжуалап, журналды өткір әрі шынайы етуге мүмкіндік берді. Гога Ашкенази секілді Қазақстаның «бай» кезеңі кейіпкерлері де журнал бетіне шығып үлгерді. Біреу журналға шыққанды мақтан көрсе, басқасы оған қызғанышпен қарайтын, қатты ренжитіндер де болды — қарама-қайшы көзқарастар журналды қуатты магнит өрісімен қаптағандай болды. Ол өріс бір жағынан «Темір күмбез» (Израильге тиесілі зымырандардан қорғау жүйесінің аналогы) қызметін де атқарды: біреудің өшпенділігі басқаның қуанышымен теңесетін.

Ол кезең әлдеқашан өтіп кеткенімен, кей мәскеулік ақсүйек ханымдардың улы журналдан қалған жаралары әлі де жазылар емес. Мысалы, 2018 жылы танымал режиссер Константин Богомолов Tatler-дің 10 жылдығына орай үшін сатиралық фильм түсірген болатын. Фильмде «Русмода» компаниясының негізін қалаушы және Independent media серіктесі Оксана Лаврентьева қаңғыбас мысық асырап алып, оны сәнді пәтеріне кіргізіп, стилистіне апарып, әбден күтеді. Бұл Лаврентьева ханымның жаңа күйеуі, ол кезде «жарқыраған» қоғамнан алыс болған жазушы Александр Цыпкинге қатысты жанама әзіл еді. Уақыт өте келе я орнықсыз болсын, әйтеуір бейбітшілік орнады, бірақ, жоғалған күміс қасық туралы анекдоттағыдай, көңілге түскен дақ кете қойған жоқ.

Tatler Asia
IMAGE Март 1977

Бірнеше онжылдық артқа — ХХ ғасырдың 70 жылдарына оралайық. Британдық нәрсенің бәрі талғампаздық синонимі еді. Отаршыл империя қарқынды түрде ыдырап жатқанымен, патшайым II Елизавета жақсы жасқа аяқ басып, британдық ұлылықтың тартымдылығы әлі де толық жоғала қоймаған кез болатын. Сондықтан Азия-Тынық мұхиты өңірінде өмір салты мен зиялы қауым өкілдері туралы журналға деген сұраныс пайда болғанда, оны көп ойланбастан Tatler деп атаған екен. Бұл хикая 1977 жылы Гонконгта шыққан журналдан бастау алады. Гонконг ол кезде Британ Корольдігінің аумағы болғандықтан, әйгілі метрополия журналына еліктеу ешкімді таңғалдырған жоқ еді. Көп ұзамай Гонконгқа Tatler Сингапур (1982), Малайзия (1991), Таиланд (1991), Индонезия (2000), Филиппин (2001), сондай-ақ кейіннен Қытай, Макао және Вьетнам қосылды. Қазіргі таңда Tatler Asia Швейцарияда баспа бизнесімен ХХ ғасырдың басынан бері айналысып келе жатқан Лямуньер отбасына тиесілі, аса қадірлі, швейцариялық Edipresse баспа үйіне қарайды.

Tatler Asia – Азия нарығының алып толқындары қоршаған, үлкен континент. Азиялық Tatler нұсқалары британдық не ресейлік нұсқаларға қарағанда жасырақ аудиторияға бағытталған. Журналдардың назары жаңа азиялық элита мен миллениалдарға тән сәнді трендтерде: орнықты даму, diversity & inclusion, экология, филантропия, белсенділік, кәсіпкерлік.

Басылымдардың жалпы шабыты Азияның жаһандық жаңғыруымен, сондай-ақ өзін-өзі анықтап, танытуымен үйлеседі: жаңа Азия болашақ әлемін құруды. Tatler Asia редакторларының сүйікті сөздері: power, influence, young ambitious, changemakers.

Tatler Asia
Jackson Wang, Mobolaji Dawodu, Tatler Asia
IMAGE Jackson Wang, Mobolaji Dawodu, Tatler Asia
Tatler Asia
Takeshi Murakami, Tatler Asia
IMAGE Takeshi Murakami, Tatler Asia
Jackson Wang, Mobolaji Dawodu, Tatler Asia
Takeshi Murakami, Tatler Asia

Ағылшын журналымен (кейіннен ресейлік журналмен де) салыстырғанда, азиялық Tatler жанжал мен құпияға аса құмыр емес. Адамдардың жеке өміріне қол сұқпау — шамадан тыс әуестікті кемшілік деп білетін азиялық мәдениет нормасы. Дегенмен түпнұсқалық The Tatler-дің негізі болған өсек-аяң мұнда да бар — аздап жұмсартылған түрі. Әрі-беріден соң Оскар Уайльд айтқандай, тек жақындарын сүймейтіндер ғана өсек айтпайды.

2024 жылы қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов Tatler Asia-дан журналды түркі әлемінде шығару құқығын сатып алды. Алғашқы болып қазақстандық басылым жарық көрді —дебюттік нөмірі қазір алдыңызда жатыр. 2025 жылдан бастап Tatler Asia Түркияда, Әзербайжанда және Өзбекстанда шығатын болады.

Темы