IMAGE Серж Бруншвиг | OTB

Италиялық OTB (Only The Brave) сән тобы бұрынғы Fendi президенті және бас директоры Серж Бруншвигті Jil Sander брендінің жаңа басшысы етіп тағайындады

Бруншвиг өткен аптада өзінің 30 жыл қызмет еткен LVMH (Louis Vuitton Moët Hennessy) француз сән үйінен кететінін LinkedIn желісінде хабарлаған болатын. LVMH құрамына Louis Vuitton, Fendi, Christian Dior, Givenchy және Sephora сынды әйгілі брендтер кіреді. 

OTB басшылығы оның жаңа қызметіне бейсенбі күні кірісетінін және топтың бас директоры Убальдо Минеллиге есеп беретінін мәлімдеді.

«Серждің тәжірибесі мен стратегиялық көзқарасы Jil Sander брендін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді OTB-ның бас директоры Убальдо Минелли.

OTB – Diesel, Maison Margiela, Marni және Viktor & Rolf сияқты әйгілі брендтердің иесі.

LVMH-тағы мансабы

Серж Бруншвиг LVMH қатарына 1995 жылы қосылып, әртүрлі жоғары лауазымдарда қызмет атқарды. Кейін Dior Homme-ның президенті, Christian Dior Couture-дің операциялық директоры, сондай-ақ Celine брендінің бас директоры болды.

Ол Карл Лагерфельдтің 2019 жылы қайтыс болғанынан кейін компанияны тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ Fendi-де киім мен аксессуарлар бөлімінің бұрынғы креативті директоры Ким Джонсты және зергерлік бұйымдар бөлімінің көркемдік жетекшісі ретінде Дельфина Деллеттрез Фендиді тағайындауға жетекшілік етті.

Оның басшылығымен Fendi 2021 жылы Design Holding-пен серіктестік құрды және Fendi Casa жиһаз бизнесін дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құрды. Сонымен қатар ол брендтің Италиядағы өндірістік қуаттарын кеңейтуді қолға алды. 2022 жылы Флоренция маңындағы Капаннуччиада аксессуарлар өндірісіне арналған жаңа заманауи зауыт ашты.