Бақыт көзі байлық болмаса да, стильдің шығатын жері сол: мейлі жақсы, мейлі жаман болсын, топтамамызға кірген технология саласындағы төрт миллиардер дүниенің бәрі салыстырмалы екенін дәлелдейді
Инновацияға негізделген, лезде өзгеріп отыратын технология әлемі ойыншыларының стилі сәйкесінше өзгеріп отыратындай көрінеді. Алайда кәсіпкерлердің көбі минималистік худи, футболка және кроссовкаға көшіп, әр кездесуге әртүрлі киінуге байланысты бас қатырмай, күнделікті қабылданатын шешімдер санын аз да болсын азайтқан еді.
Әйтсе де миллиардер дәрежесіне жеткен кезде жағдай күрт өзгеруі мүмкін.
Көзі тірі кезінде қара водолазка, классикалық Levi’s 501 джинс шалбарын және кроссовка кигенді ұнатқан Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс секілді сәнді жайлылыққа алмастыруға дайын жандар көп емес. Шындығына келсек, алып индустрияны алға жетелеген азаматтың сырт-келбеті тұлғасына сай болуы керек емес пе?!
Ендеше «құрметке ие болғым келеді» деген санаттан «сән әлемінде де құрметке ие болым келеді» деген деңгейге жеткен технология саласындағы алпауыттар стилінің метаморфозасына назар аударайық.
Марк Цукерберг (таза капиталы: 205 миллиард АҚШ доллары)
Бертінгі әрі ең қызық деген стиль эволюцияларының бірі Марк Цукербергке тиесілі. Бұған дейін университет студентінен айнымаған миллиардер биыл 90-шы жылдардағы рэпер образын сомдай бастады.
Кәсібін 2000-шы жылдардың басында бастаған жас кәсіпкер ретінде Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушылардың бірі қара не сұр түсті худи мен джинс шалбарына әуес еді. Бұл стиль «технология саласындағы бауырлар» арасында Цукербергтің арқасында танымал болғанын айта кету керек.
Жылдар өте келе, Цукерберг түрлі-түсті (түрлі-түсті деуге келмес), дәлірек айтқанда, ақшыл, күрең және көк түсті киім кие бастады. Енді кәсіпкер батыл образдарға көңіл бөлуді ұйғарса керек, биылғы жылдың наурызында ол ел алдына әшекей тағып, жарқын принті бар киім киіп шықты.
Анант және Радика Амбанидің тойында түсіріп, Instagram желісінде жариялаған фотосында Цукерберг гүл, жолбарыс салынған, жағасы алтын түстес жейде кигендей болды. Жанында жылан принті салынған көйлек киіп тұрған әйелі Присцилла Чаннан да асып түсті дейді кейбіреулер.
Сәуір айында жаңа Meta AI нұсқасын таныстырып жатып, Цукерберг өзінің «алқалар дәуіріне» қадам басқанын жариялады. Бұйра шашы қысқалау болды, оны қазір өсіріп келеді.
Қыркүйекте жарық көрген Acquired подкастында Цукерберг өзінің сүйікті классикалық дәйексөздері жазылған жейделер коллекциясын әзірлеп жатқанын айтты. Оверсайз футболкаларға жазылған бұл дәйексөздер арасында грек тіліндегі «pathei mathos» (қазақшаға «азаптана отырып үйрену» деп аударуға болады) тіркесі мен латын тіліндегі «aut Caesar, aut nihil» («Цезарьдан басқа ештеңе де жоқ») деген қанатты сөзге негізделген «aut Zuck, aut nihil» сөзі бар.
Сондай-ақ Цукерберг бұл футболкаларды Эминемге ұқсастырып, алтын алқамен бірге киюді шығарды. Айтпақшы, Нью-Йорк қаласынан шыққан зергер Илай Халилимен бірге әзірлеген, күнде тағатын алқасына қыздарына арнап түн сайын оқитын еврей дұғасы — «Mi Shebeirach» жазылған.
Джеф Безос (таза капиталы: 225,9 миллиард АҚШ доллары)
Соңғы үш онжылдық барысында әлемдегі ең ірі технологиялық фирмалардың біріне айналған Amazon компаниясының негізін қалаушы Джеф Безостың да стилі біршама өзгеріске ұшырады. Бұған дейін кітапханашыға ұқсаған Безос ғарыш ковбойына айналып, Met Gala-дан бір-ақ шығуға сәл-ақ қалды.
Amazon әлі де кітап сататын дүкен болып тұрғанда, Безос кеңсе қызметкеріне тән киім-кешек, мысалы, көк не ақ түсті жейде мен хаки түсті шалбар киетін. Анда-санда қою түсті блейзер не жемпірмен де жүретін.
Безостың 1999 жылы Wired журналында жарияланған профилі «Безосқа келетін сатып алушы үшін тиімділік мантра іспетті» деген болатын.
Дәл сол профильде сондай-ақ Безостың оңай ағытылатын шыртылдақ түймелі жейде алатыны және сүйікті аяқ киімінің бірнешеуін бір-ақ алып, алмастырып киетіні жазылған болатын.
Amazon кітап сатумен қатар басқа да тауарларды қамти бастағанда, Безос хаки түсті заттарын көк джинс шалбары мен бәтеңкеге алмастырды. Содан бері оның джинс шалбарына деген махаббаты арта түсті. Бұған 2019 жылы Безостың өзіне тиесілі Blue Origin ғарыш компаниясының айкезгішін таныстыру кезінде киген «джинс үстіндегі джинс» look-ы мен былтырғы Coachella фестивалінде киген «айбақ-сайбақ» джинс шалбарын мысал ретінде келтіруге болады.
2017 жылдары әлемдегі ең бай адам атанған Безос іскерлік блейзерін тастап, былғары күрткеге көшті. Биылғы Allen and Company Sun Valley конференциясы барысында киген поло жейдесі мен мамық күрткесі де ел аузынан түспеді.
2021 жылы Безос әлемге тағы бір образ ұсынды: ғарыш ковбойы. Безос өзінің ғарыш компаниясы Blue Origin-нің New Shepard кемесіне отырып, ғарышқа ұшуына орай ұйымдастырылған іс-шара барысында миллиардер өзінің ғарыш костюмін ковбойша қалпақпен және бәтеңкемен үйлестірді. Бұл шешімді Жабайы Батыс мәдениеті жойыла қоймаған Нью-Мексико штатының Альбукерке қаласында дүниеге келген Безостың туған жеріне деген құрметі деп қарауға да болады.
Қазіргі таңда Безос арнайы тігілген бейтарап түсті костюмдер мен Цукербергтің «технология саласындағы бауырлар» стилі арасында таңдай жасалмай жүргендей. Сондай-ақ биыл қалыңдығы Лорен Санчеспен Met Gala-ға бірге барғанда киген смокингі сынды салтанатты киім үлгілері барын да байқауға болады.
Илон Маск (таза капиталы: 336,8 миллиард АҚШ доллары)
Илон Масктың стилі де Безостікі сияқты эволюцияға ұшырап, кеңселік кэжуалдан былғары күртке мен смокингіге ауысты.
Оның сәнге деген көзқарасы 2010 жылдардың басында бірнеше компанияның негізін қалағаннан кейін өзгеріске ұшырады. Олардың арасында 1999 жылы бауыры Кимбалмен бірге 307 миллион АҚШ долларына сатқан Zip2 компаниясы, 2022 жылы eBay-ге 1,5 миллиард АҚШ долларына сатылған PayPal финтех компаниясы және құны 255 миллиард АҚШ долларын құрайтын SpaceX ғарыш компаниясы бар.
Сондай-ақ 2008 жылдан бері Маск — электромобиль өндіретін Tesla компаниясының басшысы. CompaniesMarketCap дерегіне сенсек, Tesla — 1,107 триллион АҚШ долларына бағаланатын әлемдегі сегізінші ең құнды компания.
Бірақ ел-жұртты ең алдымен елең еткізген — Масктың шашы.
90-шы жылдары технология саласына енді қадам басқан Масктың шашы түсе бастаған еді. Безос шашын тақырлап алып тастауды жөн көрсе, кейінгі отыз жылда Масктың шашы керісінше өсіп келеді. Кейбір адамдардың пікірінше, Маск шаш трансплантациясын жасатқан. Алайда кәсіпкер бұл болжамды растаған да жоқ, жоққа да шығарған жоқ.
2018 жылғы Met Gala-да Маск сән әлеміне алғаш рет аяқ басты. Сол кешке ол канадалық әнші әрі кәсіпкердің сол кездегі жары, үш баласының анасы Граймспен бірге барған еді. Маск сән әлеміндегі ең басты іс-шараға арқа тұсында «novus ordo seclorum» деп (қазақшаға «жаңа дәуір кезегі» деп аударуға болады) жазылған ақ смокинг киіп барды.
Бұл Трампты қолдаушы технолибералдың перформансы болатын, алайда көбі арқасындағы жазуға мән бермеген сияқты. Өйткені Граймс Vanity Fair журналына берген сұхбатында: «Жейдесінде мағынасы зор бір жазу болды, алайда оны көріп-оқу мүмкін емес-тін. Аппақ болғандықтан, анық көрінбеді», — деді.
2022 жылғы галаға модель әрі диетолог анасы Мэймен бірге барған Маск тілшілерге берген сұхбатында өзінің сәнге деген махаббаты туралы былай деген еді: «Кейде [сәнді] маңызы жоқ дүние деп жатады, бірақ, меніңше, сұлулықтың, адамға ерекше көңіл күй сыйлайтын стиль мен заттардың мәні зор».

Биыл Маск өзінің саяси көзқарасын киімі арқылы, яғни арнайы суреті бар футболка, блейзер, ковбой белдігі, шалбар және Maga (Make America Great Again) кепкесі арқылы айшықтай бастады. Маскта атышулы кепкенің қызыл түсті нұсқасымен қатар қара және алтын түстісі де бар. Сондай-ақ ол мәтіні дәстүрлі blackletter шрифтімен жазылған кепке де киген болатын. Соған орай Дональд Трамптың сайлауалды бағдарламасы кезінде Маск өзін готикалық Maga деп те атайтын.
Енді кәсіпкер әрі «саясаткер» Масктың Трамп әкімшілігінің Мемлекеттік тиімділік департаментін (DOGE) басқарған тұстағы стилі қандай болар екен?


Джек Дорси (таза капиталы: 5,5 миллиард АҚШ доллары)
Twitter желісінің негізін қалаушы Джек Дорси «технология саласындағы бауырлардан» өзінің шақтап тігілген, қою түсті костюмдерімен ерекшеленіп, 2015 жылы GQ журналы тарабынан технология саласындағы ең стильді ер адам атанған болатын.
Әу баста сән дизайнері болғысы келген Дорси нью-йорктік Paper Denim and Cloth джинс брендінің негізін қалаушы әрі джинс матасынан киім тігу шебері Скотт Моррисонның туындыларына тәнті болып өскен.
Америкалық тілші әрі жазушы Ник Билтонның 2013 жылы жарық көрген «Hatching Twitter: A True Story of Money, Power, Friendship, and Betrayal» кітабына сенсек, 2006 жылы әлеуметтік желінің іске қосылуына бір ай уақыт қалғанда Дорси серіктесі Ноа Глассқа өзінің «бизнестен шығу стратегиясын» бөлісіп, технология саласын біржола тастап, сән дизайнері болмақ ойын айтыпты-мыс.
Twitter-дің басшысы болып келген кездің өзінде де сән дизайнері болуға деген ұмтылысын тастамаған Дорси Сан-Франциско қаласындағы Apparel Arts дизайн мектебінен сабақ алып жүріпті.
Алайда оның стилі біршама өзгеріске ұшырағанын айта кету керек.

2013 жылы CBS-тің 60 Minutes бағдарламасына берген сұхбатында Дорси Twitter-ге қаржы тарту шараларының бірінші кезеңіне шашын дред қылып өріп алып, мұрнына сақина тағып барғанын айтады.
Twitter-дің негізін қалағаннан кейін Дорси Уолл-стрит преппи стиліне (жейдемен киген жемпір не блейзер) көңіл бөле бастады. Бәлкім, инвесторлардың сол кездегі технологиялық стартап басшысына деген көзқарасына сай келу үшін болар, кім біледі...
Twitter ең үздік әлеуметтік желі компанияларының біріне айнала бастағанда Дорсидің look-тері жинақы болды, алайда арасынан «технология саласындағы бауырлар» стилінің кэжуал элементтері де байқалатын. Шашын тарап, жатқызып жүргенімен, оны сақалымен бірге өсіре бастады.
2018 жылы Дорси мұрнына қайта сақина тағып, өзінің бұрынғы стиліне камбэк жасады. Оның бұл әрекеті танымал K-pop тобының камбэгіне пара-пар еді. Quartz жаңалық орталығы «Уолл-стрит Дорсидің мұрнындағы сақинасын дұрыс қабылдады» деген шешім шығарды. Себебі сол тұста Twitter-дің де, Дорси негізін қалаған тағы бір Square компаниясының да (қазір Block деп аталады) акциялары қымбаттай түсті. Дорсидің айтуынша, мұның бәрі — кездейсоқ жағдай.
Қара түсті оверсайз бас киім киген Дорсиді оның ең танымал look-ы деуге болады. Ванкуверде өткен Ted 2019 іс-шарасына киіп барған киімі Дорсиді мемге айналдырды. Бір Twitter қолданушысы тіпті: «Twitter-дің басшысы Джек Дорси «Тақтар таласы» түсірілімінен жаңа келген сияқты ма, қалай өзі?» — деген болатын.
Қалжыңнан бөлек, әйел адамдар Дорсидің сахна төріне киіп шыққан кэжуал бас киімі мен худиін «қос стандарт үлгісі» атап кеткен болатын. Twitter-дің тағы бір қолданушысы: «ҚЫЗЫҚ ЧЕЛЛЕНДЖ: әйел мамандар, жұмысқа осылай киініп барып көріңіздер», — депті. Бұл жазба жарияланғалы бері 13 000 лүпіл мен 300 пікір жинаған. Ерекше ілтипат білдіріп, ой бөліскендердің басым бөлігі — әйелдер.
FUN CHALLENGE: every single professional woman show up to work dressed like this pic.twitter.com/ffPh8cQz9n
— Ariel Dumas (@ArielDumas) April 17, 2019
Twitter-дің басшылық қызметінен кетуіне аз-ақ қалғанда Дорси ел-жұртты тағы бір таңқалдырды. Оқиға 2021 жылы Майами қаласында өткен Bitcoin Convention шарасында болған еді. Дорсидің үстіндегі қызғылт сары және сары түстер аралас тай-дай футболкасы экранда бейнеленген Bitcoin логосымен ғажап үйлесе кетті. Сондай-ақ ол сахнаға шашын тақырлап алып, сақалын өсіріп, қараторылау болып шыққан болатын.
Бір жылдан кейін кәсіпкер Twitter басшылығынан кетті, ал компанияны Маск 44 миллиард АҚШ долларына сатып алды.
Дорси 2023 жылы Instagram-парақшасын жапқалы бері ұдайы ел назарында жүрмейтін болды. Ақпан айында өткен Roc Nation Sports Super Bowl Party сияқты іс-шараларда бой көрсеткен Дорсидің өз стиліне, яғни худи мен кең шалбарға қайта оралғанын байқауға болады.
Чоң Со Уэйдің осы мақаласы алғаш рет 2024 жылдың 3 желтоқсанында ағылшын тілінде жарияланған, Tatler KZ үшін қазақ тіліне 2024 жылдың 18 желтоқсанында аударып, жаңартқан — Әмір Салықбаев.
