IMAGE Батырдың жеке мұрағатынан

WAAW (Women Artists' Art Week) негізін қалаушы Анна Сэндпен өнер әлеміндегі ойын ережелерін қалай өзгертіп жатқаны туралы әңгімелестік

Неліктен көптеген талантты суретші әйелдер көлеңкеде қалып қояды? Дәл осы сұрақ Анна Сэндтің басты мотивациясына айналды. Алматыда дүниеге келген Анна жасөспірім шағында Лондонға көшіп, онда шығармашылық жолын тапты. Өзін корпорациялық әлемде сынап көргенімен, шығармашылық жан дүниесі жай таппай, Аня өз жұмыстарын галереяларда ұйымдастырылатын көрмелерге қойып жүрді. Бір сәтте өзін қуантпайтын нәрселердің барлығынан бас тартып, Central Saint Martins университетіне оқуға түсіп, WAAW (Women Artists’ Art Week) жобасын ұйымдастырды. Бұл өнер әлеміндегі әйелдерді қолдауға бағытталған жоба еді. Бастапқыда бұл жергілікті бастама ретінде басталғанымен, уақыт өте келе Лондоннан Майамиге дейінгі әлемдік деңгейдегі галереяларды біріктірген халықаралық қозғалысқа айналды. Біз Аннамен өнер, теңсіздік мәселесі және болашаққа деген жоспарлары туралы сөйлестік.

Өнердегі балалық шақ

«Мен бала кезімнен өнер әлемінде өмір сүрдім. Әкем зергер әрі суретші болды, оның достарының көбі мүсіншілер еді. Біздің үйде әкем достарымен шығармашылық идеяларын бөлісіп отыратын», – деп Анна Сэнд балалық шағын еске алады.
Аня Алматының №105 мектебінде оқып, 13 жасында GSCE бағдарламасымен Лондонға көшкен. Кейін ол AIU (American Intercontinental University London – Tatler) университетіне түсіп, халықаралық бизнес мамандығы бойынша тәлім алды. Университетті бітірген соң, ірі компанияда PR бөлімінде жұмыс істеп көрген, алайда кеңседегі жұмыс пен корпорациялық мәдениет Аннаға тән емес еді. Оның жүрегі бәрібір өнерге жақын болды. 36 жасында бес жасар баласын тәрбиелеп отырғанына қарамастан, Central Saint Martins университетіне магистратураға түседі. Осылайша өмірін өнерге арнап, жаңа тарауға қадам басады.

Tatler Asia
IMAGE Анны Сэнд бала кезінде | Жеке архивтен алынған фото
Tatler Asia
IMAGE Анны Сэндтің әкесі Пилипенко Григорий Александрович | Жеке архивтен алынған фото

WAAW (Women Artists’ Art Week) жобасының құрылуы

WAAW Анна Сэндтің Central Saint Martins магистратура бағдарламасы аясында құрылды. Оның мақсаты – өнердегі гендерлік кедергілерді жою.
Статистикаға мән берсек, 2008–2019 жылдар аралығында аукциондарда өнер туындылары $196,6 млрд-қа сатылды. Оның $4 млрд ғана әйел суретшілердің еңбектеріне тиесілі, бұл дегеніңіз – бар болғаны 2%. Сонымен қатар әйелдердің туындылары 42%-ға арзан бағаланады. Әрбір ер адам тапқан 1 фунт үшін әйелдер тек 10 пенс алады. Лондон галереяларының 78%-да ер суретшілердің жұмыстары ілулі. Халықаралық аренада жағдай одан да ауыр: әйелдер Еуропа мен Солтүстік Американың галереяларындағы қазіргі заманғы суретшілердің тек 13,7%-н құрайды. Әлемнің көркемсурет университеттерінде оқуға міндетті Э. Х. Гомбрихтің «Өнер тарихы» атты кітабында 688 беттен тұратын еңбекте тек бір әйелдің есімі аталады.

«Әйелдердің өнердегі рөлі туралы зерттеулер мені шошытты. Мен ұзақ уақыт бойы неге бізге өнер әлемінде өз жолымызды табу қиын? Неге соншама талантты әйелдер көлеңкеде қалып қояды? Осылайша мұның менің жеке мәселем ғана емес, жүйелі проблема екенін түсіндім», – деп өз ойымен бөлісті Анна Сэнд.
Аня үшін WAAW – үстемдік еткен құрылымдарға қарсы шығу, парадигманы өзгерту әрекеті. Ол осы ретте орасан жұмыс атқарды. Күн демей, түн демей, Анна галерея басшыларына әйелдер үшін тең мүмкіндіктер жасаудың маңыздылығын түсіндіріп, көндірді. Әйел суретшілер апталығын өткізу туралы шешім қабылданды, оның аясында тек әйелдер көрмелері ұйымдастырылды.

2022 жылдың маусымында алғашқы WAAW іске қосылды. «Әйелдер өнері тек белгілі бір жерде емес, барша әлемде көрініс табуы тиіс» деген ниетпен Аня 90-нан астам галереяның басын қосты. Serpentine Galleries, Somerset House, Saatchi Yates, Saraband Foundation, Bass Museum of Art және ICA Museum сияқты танымал галереялар WAAW серіктестеріне айналды. Бұл қозғалыс ғаламдық деңгейде жүзеге асып, әйел суретшілердің үні естіліп, жұмыстары түрлі көрмелерде қойыла бастады.
2024 жылы жоба тек «апталық» емес, әйел шығармашылығын атап өтетін айлыққа (кей жерлерде екі айлыққа) айналды. Жақында олар Грекия, Колумбия, Бразилия, Гана және Марокко елдерінде іс-шаралар ұйымдастырды. Тек өткен айда олар Бразилиядағы 11 галереяны қатарына қосты.

Tatler Asia
IMAGE Суретші Мариям Абузид Суали. Фотосуреттер Comptoir des Moines галереясынан алынған. Марракеш, Марокко.
Tatler Asia
IMAGE Суретші Джоди Кэри. Суреттер Эдель Ассанти галереясынан алынды. Лондон, Ұлыбритания.
Tatler Asia
IMAGE Суретші Линда Лопес. Суреттер Mindy Solomon галереясынан алынды. Майами, АҚШ.
Tatler Asia
IMAGE Суретші Ноку Науман. Суреттер SATCH YATES галереясынан алынды. Лондон, Ұлыбритания.
Tatler Asia
IMAGE Суретші Жанетт Уинтерсон. Суреттер Tristan Hoare галереясынан алынды. Лондон, Ұлыбритания.

Суретшілерге кеңес

Бұл қарапайым кеңес болуы мүмкін, бірақ өз ісіңмен үздіксіз айналысып, тастап кетпеу қажет. Өнер – ғажап нәрсе, бірақ коммерциялық жағын да ұмытпау керек. Мысалы, өнер өнімдерін, декорацияларды жасауды қолға алуға болады.
«Өз шығармашылығын кәсіпкерлікпен шебер үйлестіріп жүрген бірталай өнер адамын білемін. Олар йога кілемшелерінен бастап кестелеу бұйымдарына дейін ерекше тауарларды ұсынады. Бұдан ұялмау керек. Қосымша табыс шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді», – дейді Анна.
Кейде еш шешім жоқ сияқты көрінсе де, қорықпай өнермен айналыса беру керек. Әсіресе аналарға. «Мен көптеген талантты әйелдердің отбасын өнермен үйлестіре алмай, өнерден кетіп жатқанын көрдім. Бұл тек олардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігінен айырмайды, сонымен қатар отбасылық өмірге де әсер етеді. Мұндай отбасыларда балалар өзін бақытсыз, өмірде өз жолын таппай, адасқан адам сияқты сезінетін анамен бірге өседі», – дейді Анна. Ол өзін мысалға ала отырып, жұмыс пен отбасында тепе-теңдік табуға болатынын көрсетеді. Аналық, шығармашылық, WAAW-тағы жұмыс – Аннаның кәдуілгі күн тәртібі. «Таң атпай баламды мектепке дайындаймын, одан кейін жобалар бойынша кездесулер, үй шаруасы, баланы спортқа апару. Ал түнде жұмыс поштасын ашып, шығармашылық идеяларыма ораламын».

Tatler Asia
IMAGE Суретші Анна Мария. Суреттер Ksenoi Projects ұсынған. Афина, Грекия.
Tatler Asia
IMAGE Суретші Карен Де Пиччотто. Суреттер Desoito галереясынан алынды. Сан-Паулу, Бразилия.

Жоспар

«Мен әлемдегі барлық әйел суретшілердің талантының бағаланып, олардың да үні естілгенін қалаймын. WAAW ер адамдарды кемсіту үшін жасалған жоба емес. Бұл – әйелдерді шабыттандырып, оларды шығармашылықпен айналысуға ынталандыру үшін құрылған жоба».
Бірақ Аннаның бұдан да ауқымды арманы бар. Бір көрмені өткізгенде, оның барлық қатысушылары – кураторлар, әкімгерлер, PR-мамандары жалақы алады. Барлығы, тек суретшіде жалақы жоқ.
«Неліктен көрменің тұжырымдамасы мен мағынасын жасап шығатын, көрермендерді тартатын ең шығармашыл адам тұрақты кіріссіз қалады? Неліктен ол тек сатылымдар мен пайыздарға үміт артуы керек? Мен осы жүйені өзгерткім келеді. Суретшілерге, мейлі, әйел адам болсын, мейл, ер адам болсын, қаржылық тұрақтылықты сезінуге мүмкіндік беретін жоба жасағым келеді».

Темы