Өзгерістер дәуірінде сән-салтанаттың мәні неде? Жаһандық стратег, доктор Параг Ханна ой бөліседі
Доктор Параг Ханна — жаһандық стратег, бестселлер авторы және космополит. Оның 20-дан астам тілге аударылған The Future is Asian, MOVE және How to Run the World атты еңбектері геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістерді зерделейді. Ханна Esquire журналының «XXI ғасырдың ең ықпалды 75 адамы» және WIRED Smart List тізімдеріне енген.
Мансабы Сингапур Ұлттық Университетінде жұмыс істеуден Дүниежүзілік экономикалық форум сияқты ұйымдарға кеңес беруге дейінгі, ауқымды спектрді қамтиды. Ханна Балтық теңізінен Каспийге дейін, Лондоннан Ұлан-Батырға дейін саяхаттап, дерлік 150 елді аралаған.
Доктор Параг Ханна Tatler-ді бұрыннан біледі. 2019 жылы ол жұбайымен бірге Tatler Singapore мұқабасына шыққан болатын. Олардың журналмен байланысы қыздары спикер ретінде сөз сөйлеп, білімге және идея алмасуға деген құштарлықтың отбасылық сипат екенін атап өткен Гонконгтағы Tatler конференциясында жалғасты.
Tatler Kazakhstan-ға берген сұхбатында доктор Ханна сән-салтанат пен болашақ қалалары туралы ой бөлісті. Оның ондаған жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмыстары мен саяхаттары барысында қалыптасқан идеялары қазір түрлі мемлекеттер мен корпорациялардың көшбасшыларына бағдар болуда.
Сән-салтанатқа деген жаңа көзқарас туралы
Доктор Ханна, командамыз қазір сән-салтанат ұғымының бүгінгі мәнін зерттеп жатқан жайы бар. Ал сіз заманауи әлемдегі сән-салтанат ұғымына қандай анықтама берер едіңіз?
Менің ойымша, бұл терминнің екі қыры бар — материалдық емес және материалдық. Материалдық емес жағы — «жақсы өмір». Қолыңызда бар нәрседен артық ештеңе қажет болмаса, уақытыңызды өз қалауыңыз бойынша басқара алсаңыз, осының өзі байлық. Бай болсаңыз, сән-салтанаттың қызығын көруге болады, солай емес пе? Қолыңыз бір босамай, табыс табу үшін елге жалданып жұмыс істесеңіз, өмірден ләззат алу әлдеқайда қиын. Басқа сөзбен айтқанда, өз уақытыңызды иелену — нағыз сән-салтанат.
Материалдық жағы эстетика мен жеке талғамға — сізге не ұнайтынына және нені қалайтыныңызға байланысты. Мысалы, Сингапурда автомобильдің болуы — сән-салтанат көрінісі, өйткені оған әдетте құнының 200% мөлшерінде салық салынады. Мен Ferrari не Lamborghini айдамаймын (Сингапурдағы көптеген ер адамдардың арманы). Менің көлігім — Jeep Wrangler. Американдық стандарттарға сай қарапайым әрі арзан көлік, алайда мен одан сән-салтанат көремін. Жұмсақ шатырын түсіріп, терезелердің бәрін ашып, тропиктік қаланы аралап, саяхатымнан ләззат ала аламын.
Әркімнің өз анықтамасы бар. Сән-салтанат қарапайымдылықпен үйлессе, бұл мен үшін мінсіз жағдай. Таза жағажайда өткен демалыс минут мазалағыш адамдарға толы, бесжұлдызды спа-курортқа барғаннан гөрі жақсырақ. Қарапайымдылық, еркіндік және тазалық — сән-салтанатпен байланыстыратын ұғымдарым осы.
Жаһандық қоғам туралы айтсақ, соңғы 5-10 жылда сән-салтанат ұғымы қалай өзгерді? Қарапайым нәрселерді бағалау үрдісін әлемдік тенденция санайсыз ба?
Қолданып отырған терминіңіздің өзі — жаңа құбылыс. Бұл жақсы: біз дамып келеміз, енді ғаламдық қоғам туралы сөйлесіп, сәйкестік, экология және люкске деген көзқарас сияқты ортақ мәселелерді талқылауға болады. Материалдыққа мән бермеуге ұмтылатын адамдар тобы бар екені анық. Олар үшін сән-салтанат — зат иелену емес, оның қолжетімділігі. Мысалы, қажет адамдармен байланыс шығуға мүмкіндік беретін клуб не қауымдастыққа мүше болу — мәртебе. Мұндай мәртебеге байлықсыз да ие болуға болады. Бұл жағдай дәстүрлі сән-салтанат анықтамасына сәйкес келе бермегенімен, тартымды нәрсеге екені сөзсіз. Бұл тәсіл — жаһандық үрдіс, бірақ әлемде бар жалғыз үрдіс емес. Үйлерге, көліктерге, сағаттарға және өнер туындыларына ие болғысы келетін жастар әлі де бар.
Сән-салтанаттың болашағы қандай болады деп ойлайсыз?
Қызық сұрақ екен. Меніңше, жергілікті және ғаламдық сұраныс қатар артып келеді. Адамдар өз қаласында жайлы өмір сүргісі келеді, бірақ сонымен бірге тез арада басқа жерге барып, сол тиістілік сезіміне қайта бөленгісі келеді. Тиістілік — рух жағынан жақын адамдармен тәжірибе бөлісуге болатын қауымдастық тұрғысынан маңызды сөз. Мысал ретінде тамақты келтіруге болады. Ресторандар индустриясы адамдардың ортақ тәжірибеден ләззат алуының арқасында өркендеп келеді. Тағы бір өсіп келе жатқан үрдіс — қызығушылықтарға, әсерлерге негізделген клубтар. Олар саяхаттауға, спорттық автомобильдерге, жылжымайтын мүлікке қатысты болуы мүмкін. Ортақ иелік форматы барған сайын танымал болуда. Затты қалаған кезде қолдану мүмкіндігі, оны күтіп ұстаудың да қажеті жоқ.
Сіздің ойыңызша, болашақта сән-салтанат тұтынушысының күні қалай өтпек?
Әлем қарқынды түрде урбанизациялануда: бәрі қалада тұрады, байланыс маңызы зор орта. Сән-салтанат тұтынушысының күні, сөзсіз, ақпаратқа толы болады, бірақ ол ақпарат жағымсыз болмауы керек. Сән-салтанат үстел басында отырып, мәтін термей-ақ қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін құрылғыларда болуы мүмкін. Күнделікті жұмыстан босау — нағыз сән-салтанат көрінісі.
Адамдар саналы болуға, медитацияға және жақындарымен қарым-қатынасқа баса назар аудара алатын болады. Сән-салтанат біз ұмтылатын — 12 сағат бойы офисте отырудың (сән-салтанаттың антонимі) қажеті болмайтын өмірдің бөлшегі болуы керек. Болашақта біз бұл жүйені өзгертеміз деп үміттенемін.
Саналылық үрдісіне тоқтала кетсек, сіз қандай құралдарды қолданасыз?
Мен үшін құралдардың болмауы маңызды. Қосымшаларды қолданбаймын, аудио тыңдамаймын, ел берген кеңестерді оқымаймын. Саналы болу үшін мен ерте тұрамын, таза ауада серуендеймін, тыныштық табуға тырсамын, кейде мұзды ваннаға түсемін. Осы әдеттер саған күнімді дұрыс бастауға көмектеседі.
Уақыт тығыз болса, рәсімдеріңізді қаншалықты жиі орындайсыз?
Күн сайын.
Бүгін таңертең Астанада көшеге шығып көрдіңіз бе?
Әрине, шығуға мәжбүр болдым — рейсім түнгі екіде ұшып келді, далада боран. Бірақ мен бұған дейін Астанада қыста болғанмын, сондықтан дайын болдым.