IMAGE Фотограф: Жанова Аружана

Балтабек пен Гүлнара Мұқашевтар инновациялық мектептер, агросектор және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жайлы айтып берді

Балтабек Мұқашев пен оның аға-бауырлары 1993 жылы алтын өндіру саласындағы бизнестен бастаған. Бүгінде олардың қызметі EMC және HomeMart компанияларымен байланысты. Олардың меншігінде Aport сауда орталығы желісі және Австралия мен Қазақстандағы мал шаруашылығы жобалары бар. Ал олардан шыққан өнімдерді болашақта Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тауар экспорттауды жоспарлап отыр. Соңғы бірнеше жылда Мұқашевтар жанұясы мәдени-білім беру жобаларында белсенді түрде жұмыс істеп, дәстүрлі бизнес шеңберінен тыс бастамаларға ат салысып келеді. Мысал ретінде гуманистік педагогика идеялары негізінде құрылған «Прометей» және «Физтех» мектептерін айтуға болады.

Балтабек пен Гүлнара Мұқашевтар бұрын-соңды бірде-бір басылымға сұхбат бермеген. Арнайы Tatler үшін алғаш рет журналистермен кездесіп, стратегия мен эмпатия үйлесім тапқан төл әдістері жайлы айтып берді.

Сіздің бизнесіңіз бен әлеуметтік бастамаларыңыздың артында қандай құндылықтар жатыр?

Гүлнара: 

– Жас кезде көптеген нәрселердің мәніне терең бойламайсың, ал қазір өмірдің және оның бергенінің бәрі сый екенін түсінесің. Бұл сый үшін алғыс айту керек. Жай айтып қана қоймай, оны іспен дәлелдеу керек. Біз үшін маңыздысы – жасаған ісіміз бізді де, басқаларды да бақытты етсе дейміз.

Балтабек:

– Біз алғаш бастаған кезде ойлағанымыз тек ақша болатын. Тұрмыстың шығындары, бала-шағаны бағу сияқты дүниелер бірінші орында тұратын. Бірақ уақыт өте келе материалдық жағдай екінші орынға түседі екен. Алдымен қоғам алдындағы жауапкершілікті маңызды аспекті ретінде бағалай бастайды екенсіз. Әр адам, әсіресе ресурстарға қолы жеткен адам, айналасындағы өмірді жақсартуға үлес қосуы керек деп санаймын. Себебі біз вакуумда қоғамнан тыс өмір сүре алмаймыз ғой. Біз де қоғамның бір бөлігіміз. Өзі өсіп-өніп отырған ортаны гүлдендіргісі келетін кәсіпкерлер Қазақстанда баршылық. Олар тек кірісті ойлап қоймай, артымда із қалдырсам екен дегенге көңіл бөле бастаған. Бұл – ересек адам үшін қалыпты нәрсе болу керек.

Tatler Asia
IMAGE Фотограф: Жанова Аружана

Сіздер «Апорттың» форматын өзгертіп, оны кітапханалар мен көркемсурет галереялары бар сауда орталықтарына айналдыруды жоспарлап отырсыздар. Неліктен?

Балтабек:
– 2009 жылы «Апортты» іске қосқан кезде біз Солтүстік Америкадағы молл модельдерінен шабыт алдық. Бірақ Алматының орталығында орын аз еді. Негізінен тұрғын үйлер бар аудандарында жүздеген мың адам үшін жайлы сауда мен демалыс орындары жетпей тұрғандай көрінді. Алғашқы молл ашылған кезде көптеген тұрғындар үшін бұл бір тың дүние болды. Бөтенсігендер аз болмады. Бірақ қазір жағдай басқаша, жұрттың еті үйренген. Бүгінде «Апортқа» айына 2,5 миллион адам келеді. Алайда біздің көздегеніміз орталықтың тек сауда мен ойын-сауықтан орнына емес, сондай-ақ мәдениет пен білім беру кеңістігіне айналуы еді. Осы салаларды үйлестіріп, бір үлкен дүние жасасақ деп шештік. Осылайша, «Апорт Life» жобасы пайда болды. Кітапханалар, шеберлік дәрістерң, оқу залдары, коворкингтер, мәдени алаңдар, кинокөрсетілімдер, арт-инсталляциялар ашыла бастады. Бұл адамдар үшін үй мен жұмыстен кейінгі «үшінші орындағы» маңызды мекенге айналса деген тілек болды. Біз осы концепция барлық орталықтарымызда бірдей дамыса дейміз

Гульнара:
– Ойлану кезеңінде жүрген Хельсинкидегі Oodi кітапханасы үлкен әсер қалдырған еді. Ол жерге кіріп, шыққың келмейтін. Біз де «Апорт» осындай орынға айналса деп арман қанатында қалықтап жүрдік. Сол ойымызды жүзеге асыру мақсатында трансформация аясында девелоперлермен, бизнес өкілдерімен, арендаторлармен, елшіліктермен, мемлекеттің өзімен, шығармашылық индустрия өкілдерімен қоян қолтық жұмыс істеп келеміз.

Tatler Asia
Tatler Asia

Ауыл шаруашылығы бойынша жобаларыңыз туралы айтыңызшы. Неліктен дәл осы секторға басымдық бердіңіздер?

Балтабек:
– Біздің елде ауыл шаруашылығының әлеуеті зор – 180 миллион гектар жер жатыр. 1917 жылғы революцияға дейін Қазақстанда 70 миллион қой болған, ал ең кедей адамда кем дегенде 15 қой болған екен. Біздің жеріміз әрқашан да ірі қара малға ыңғайлы емес еді. Бірақ бұл ірі қара малды асырай алмаймыз дегенді білдірмейді. Оны да көру керек, алайда тез дамиық десек, оң жамбасымызға келетін қой шаруашылығын күшейте түсуіміз керек сияқты. Қой – Қазақстан үшін мінсіз мал. Бұл тек ет емес, сондай-ақ тері, жүн, қан, ет-сүйек ұны, биоотын. Мұның бәрі өзінше құнды.
Тарихи түрде қазақтар көшпелі халық болғандықтан мал бағуға деген бейім қанымызда бар. Етті қалай пісіруді, мал бауыздауды, оны бордақылап, күтіп баптауды баяғыдан білеміз. Бізге тек жаңа технологиялар мен дұрыс инвестициялар керек. Субсидиялар емес, ақылға қонымды пайыздары бар қолжетімді несиелер қажет. Осылай ғана фермерлер ауыл шаруашылығын қайта жандандыра алады деп санаймын. 

Австралияның Мельбурн қаласы маңында ет комбинатын  салмас бұрын, олардың осы кәсіпте қолданатын тәсілдерін зерттеп алдық. Бір қойды түгел шикізат ретінде етінен бастап, терісіне дейін қолданар болса, 300-400 доллар пайда әкеледі екен. Қазір біз осы тәжірибені Қазақстанға жеткізгіміз келеді. Мысалы, 40 миллион қой жыл сайын 2 миллиард доллар табыс әкеледі. Бұл – тұрақты табыс көзі, ауыл шаруашылығы үшін «мәңгілік қозғалтқыш» іспетті. Осыған риза болған австралиялықтар “еліміз қойдың арқасында өмір сүріп келеді” дейді екен.

Гүлнара:
– Ет комбинаты сияқты кәсіпорын аймақтық дамудың орталығына айналады. Оның маңайында мектептер, мәдениет үйлері, медициналық орталықтар мен тұрғын үйлер салуға болады. Бұл – ауылдағы өмір сапасын кешенді түрде жақсартады.

Балтабек:
– Жаңа Зеландияда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мықты жүйесі бар. Ол жерді өңдеуден бастап өнімдерді дүкендерге жеткізуге дейінгі барлық тізбекті қамтиды. Ондағы әрбір қатысушы ортақ табысқа мүдделі. Бұл кооперативтер – Жаңа Зеландия экономикасының негізіне айналған. Егер біз Қазақстанда осындай жүйе құра алсақ, мыңдаған жұмыс орнын ашып, фермерлерді қолдап, ауылдарды қайта жандандыра аламыз.

 

Tatler Asia
Tatler Asia

Сіздің білім беру жобаларыңыздың ерекшелігі неде?

Балтабек:
– Сапалы білімсіз елдің болашағы туралы айту мүмкін емес. Қазіргі уақытта EPG Group арқылы Досым Беспаев пен Алмаз Сұлтанғазинмен бірге «Прометей» мектебін дамытып жатырмыз.
Сонымен қатар, біз Францияның білім беру саласын дамыту агенттігімен келісімшартқа қол қойдық. Сол арқылы екі жылдан кейін Қазақстанда француз мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әр өңіріндегі балаларға әлемдік деңгейде сапалы білім алуға мүмкіндік беру.

Одан кейін тау бөктеріндегі Талғар қаласында boarding school (жатақханасы бар мектеп) ашуды мақсат етеміз. Сабақтар тек сыныптарда ғана емес, таза ауада да өтеді. Біз балалар табиғаттан қол үзбей, білім алатын орта жасағымыз келеді.

Гүлнара:
– Біз үшін мектептер балаларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, өмірлік маңызды дағдыларды үйретуі де маңызды. Қаржылық сауаттылық – негізгі аспектілердің бірі. Балалар ақшаны дұрыс басқаруды, инвестициялауды, экономиканы түсінуді үйренуі тиіс. Бұл – денсаулығына мән беріп, қарым-қатынас құра алатын, қоғам өміріне белсенді араласатын, айналасымен үйлесім тапқан тұлғаны тәрбиелеудің бір бөлігі.

Балтабек:
– Әкем он бір ағайынды болыпты. Ашаршылық пен соғыстан кейінгі қиын кезеңде әкемнің бауырларының ешбірі тірі қалмай шетінеп кеткен екен. Сонда оның жасы 17-де ғана. 

Сол кезде ауылдағы ең беделді адам – жүргізуші еді. Жүргізуші болу үшін автошколаны бітіру қажет, ал ол үшін оқу құралы керек болатын. Бірақ ол заманда кітап табу мүмкін емес еді. Әкем ұзақ іздеп, көршісінен жыртылған кітап тауып алады. Көршісі кітапты әкемнің үйіне айырбастауға келіседі.

Сонда атам мен әжем өз үйлерін беруге келіскен екен. Баспана қажет болып, әке шешесін ормандағы қыстауға көшірген соң, әкем оқуға кетеді. Оның еңбегі ақталып, ол көлік алып, жұмыс істеп, бір жылдың ішінде 10 центнер бидай жинап, жаңа үй салып алады.

Бұл оқиға маған әрдайым білімнің жай ғана ақпарат емес екенін еске салады. Білім – өмірді, отбасының өмірін, тіпті бүкіл қоғамды өзгертуге мүмкіндік беретін құрал екеніне әкемнің өмірбаянына қарап көзім жетті.

Tatler Asia
Tatler Asia

Бизнес пен әлеуметтік жобалар арасында тепе-теңдікті қалай табуға болады?

Балтабек:
– Негізгі құпия – бұл команда. Сіздің идеяларыңыз, биік жоспарларыңыз қанша мықты болса да, серіктессіз ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. Біздің командамызда мыңнан астам адам бар. Тек “Апорт” кеңсесінде 150 адам жұмыс істесе, қос сауда орталығында жалпы саны 10 мыңнан астам қызметкер бар.

Команда құру – ең қиын нәрсе. Кәсіби мамандарды ғана емес, құндылықтары сіздікімен сәйкес келетін адамдарды табу керек. Әр қызмектер “бәріміз бірге бизнестен де үлкен дүниені жасап жатқанымызды” түсінсе деген басты қағидамыз бар.

Кейбір қызметкерлер бізбен бірге 30 жылдан бері жұмыс істейді, енді олардың балалары да бізге жұмысқа келіп жатыр. Біз тек жұмыс орындарын ғана емес, қызметкерлер кәсіби өсіп, отбасыларының болашағын құра алатын тепе-теңдік сақталған “экожүйе” жасауға тырысамыз.

Tatler Asia
Tatler Asia

Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
Гүлнара:
– Адамның тұлғасының қадірі оның ақшасымен емес, қоғамға әкелген пайдасымен өлшенеді. Егер сіздің бизнесіңіз басқа адамдарға көмектессе, табыс өзі-ақ келеді. Ең маңыздысы – вилланың емес, көңіліңіздің кеңдігі.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қаржылық сауаттылықты дамыту маңызды – тек өздерінікін емес, болашақ ұрпақтың да сауатын арттыру керек. Жергілікті өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Қазақ елі сапалы өнім өндіруге толықтай қауқарлы. 

Балтабек:
– Қазақстанның әлеуеті өте зор. Жас ұрпақ мұны түсінуі қажет. Біз өндірісті дамытып, өз нарығымыз бен ресурстарымызды қорғауымыз керек. Қазақстанда жасалатын нәрсе шетелден әкелінбеуге тиіс. Жергілікті өндіріс – елдің өзін-өзі қамтамасыз етуінің басты кепілдігі. Біз бар мүмкіндігімізді пайдаланып, сапалы өнім өндіруіміз керек.

Жас кәсіпкерлерге айтарым: стратегияларыңыз мықты болсын. Жұрт Forbes тізіміне енсем деп армандайды ғой. Одан гөрі әлеуметтік жобалар жасап, мемлекетке көбірек салық төлейтін ары таза кәсіпкерлердің рейтингі болғаны жақсы еді.

Кез келген адам кәсіп бастамас бұрын, оны мұқият зерттеуі қажет. Әлемдік тәжірибені саралап, басқа елдердегі үздік үлгілерді талдап, оларды жергілікті жағдайға бейімдеп алыңыз. Жылдам табысқа ұмтылудың еш қажеті жоқ. Бұл – TikTok-тың видеоларындай тез көрсем, тез жетсем деген ойлаудан шыққан.  Адамдар мәселенің беткі жағын ғана алып, тереңіне бойлай бермейді. Ондайда табыс қайдан болсы. Нағыз табыс кәсібіңді басынан аяқ толықтай түсінгенде өзі-ақ келеді. 

Темы