Сабрина Карпентер – нағыз қияңқылық пен арандатушылықтың бейнесі
«Грэмми-2025» аясында Сабрина Карпентер 6 номинацияға ие болды. Short n’ Sweet «Поп жанрындағы ең үздік вокалды альбом», ал Espresso «Поп жанрындағы ең үздік соло ән» атанды. Алайда Сабрина жаңадан пайда болған әнші емес. «Грэммиге» енді ғана жеткенімен, әртістің қоржынында алты студиялық альбом бар.
Сабринаның танымалдығы Оливия Родригоның drivers license атты дебютті синглынан басталды. Тректе Оливия актер Джошуа Бассетт екеуінің айырылысуы туралы айтып, «сары шашты бойжеткенге» нұсқайды. Жұмбақ әйелдің кім екенін түсінген жанкүйерлер екіге бөлініп кетеді, ал әншілер әлгі жағдайдан кейін екі табысты альбом шығарады: Sour (Оливия Родриго) және Emails I Can’t Send (Сабрина Карпентер). «Енді мен айырушымын, бұзықпын. Бәрі – жас жігітті ұнатқанымның кесірі», – дейді because i liked a boy атты әнінде «сары шашты бойжеткен».

Махаббат үшбұрышына қатысты дау басыла салысымен, қыздар Тейлор Свифттің көңілінен шығуға тырысып бақты. Өмір бойы «свифти» (Тейлор Свифттің жанкүйерлері – Tatler) болып келген Оливия мен Сабрина мансаптарын әншінің хиттеріне кавер жазудан бастаған болатын. Кейін Оливияның жанкүйерлігі протекцияға айналып, ақырында бәсекелестік болып тынды. Бірде әнші Deja Vu трегінің бриджін Cruel Summer әнінен шабыт ала отырып жазғанын айтып қалды. Көп ұзамай Тейлор Свифттің командасы ортақ авторлық туралы мәлімдеме жасады (плагиатқа нұсқады). Осылайша Тейлордың назары Оливиядан «жаңа туған жұлдыз» Сабрина Карпентерге ауды.
Оливия мен Сабрина қақтығысты ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Қалай болғанда да, олардың танымалдығы арта түсті. Олардың қарым-қатынасын ойлап, қайғырудың еш керегі жоқ. Бойжеткендер «Грэммиде» бір-бірін құшақ жая қарсы алды.