IMAGE Майки Мэдисон | Getty Images

Майки Мэдисон үздік актриса атанып, «Оскар» алды. Актрисаның шығармашылығы, мінезі, өткен-кеткені туралы әңгімелейміз

Мэнсонның отбасы ресми түрде Голливуд шыңын бағындырды. Әлбетте, мұндағы әңгіме өмірдегі отбасы туралы емес. 2019 жылғы Once Upon a Time... in Hollywood фильмінде сектанттар отбасы рөлдерін жаңа буын өкілдері сомдады емес пе? Остин Батлерді кейін екінші «Дөңнен» көрдік, Сидни Суини Immaculate фильмінің продюсері болды, Маргарет Куолли «Субстанциядағы» рөлімен екінші пландағы үздік актриса номинациясы бойынша «Алтын глобусқа» таласты, ал Майки Мэдисонның «Анорасы» Канн кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болды. Майки Мэдисон сондай-ақ үздік актриса атанып, «Оскар» алды. Майки Мэдисонға Голливудтан бір-ақ шығар даңғыл жолды ашқан Квентин Тарантиноға алғыс айту керек. Режиссермен бірге жұмыс істегенге дейін актрисаның портфолиосында бірнеше эпизодтық рөл мен Better Things сериалы ғана болған еді.

Tatler Asia
IMAGE Майки Мэдисон және Квентин Тарантино | imdb

Шон Бэйкер Once Upon a Time... in Hollywood фильмінде Майкидің қарым-қабілетіне, өнеріне тәнті болған көрінеді. Кейін оны Scream фильмінен көрген режиссер бірден Майкидің өкілдеріне хабарласады. Шон мен Майки кафеде еш сценарийсіз, сынамасыз кездеседі. Режиссер жұмысқа кіріспей тұрып, актрисаның келісімін алғысы келіпті. Әлгіндегіден кейін болар жайтқа сенер-сенбесін білмеген Майки ме әлде Шон ба, оны дөп басып айту қиын. Майки атақты режиссерден шақырту алған агентіне сенімсіздік танытса, Шон бойжеткеннің бұрын-соңды басты рөлді сомдамағаны, яғни даңқты режиссердің фильмінде алғаш рет алғы шепте жарқ етіп шығары таңғалдырған тәрізді. Серіктестік не, актриса айтпақшы, бұл «коллаборация» дуэтке де, «Анора» фильміне де халықаралық бедел сыйлады.

Tatler Asia
LONDON, ENGLAND - FEBRUARY 16: (L-R) Mark Eydelshteyn, Mikey Madison and Yura Borisov attend the EE BAFTA Film Awards Dinner 2025 at The Royal Festival Hall on February 16, 2025 in London, England. (Photo by Carlo Paloni/BAFTA via Getty Images)
IMAGE Марк Эйдельштейн, Майки Мэдисон және Юрий Борисов 2025 BAFTA Film Awards кешінде | Getty Images
LONDON, ENGLAND - FEBRUARY 16: (L-R) Mark Eydelshteyn, Mikey Madison and Yura Borisov attend the EE BAFTA Film Awards Dinner 2025 at The Royal Festival Hall on February 16, 2025 in London, England. (Photo by Carlo Paloni/BAFTA via Getty Images)

The Washington Post-қа берген сұхбатында Марк Майкидің түсірілім алаңында мың құбылғанына таңғалғанын айтады. «Ол ұяң, сүйкімді, тәрбиелі адам. Экрандағы кейіпкерге мүлде ұқсамайды», – дейді «Анора» фильмінде армян дін қызметшісі рөлін сомдаған Карен Карагулян. Майки де өзін «жақсы қыз» санайды. Жабық, адамның көзіне тура қарай алмайтын бала болыпты. Оқуын үйде оқып, бос уақытын қорада өткізіпті. Анасы мен әжесіне ұқсағысы келіп, атқа міну өнеріне құмартып, оны мансабына айналдырғысы да келген көрінеді. Кешкісін әкесімен бірге кинематограф классикаларын тамашалайтын әдеті болған екен. Әпкесі жазушыға күйеуге шыққан соң, актриса үшін өнер әлемі есігін айқара ашады. 13 жасында The Hunger Games фильмін көріпті. Шынайы өмірдей вижуал мен шытырман оқиғалы сюжет жас қызға қатты әсер етіп, Майки актриса болу туралы шешім қабылдайды.

Мэдисонның отбасы – кино индустриясынан алыс адамдар. Әкесі шизофренияны зерттесе, анасы – бала психологиясының маманы. Майки ата-анасының мансабына тигізген әсері туралы былай дейді: «Үнемі психоанализден өтіп отырдым дей алмаймын, бірақ өз эмоцияларымды танып өстім. Сол кездегі тәжірибем кейіпкерлерімді жақсырақ түсінуге көмектеседі». Майкидің танымал туыстары да бар. Бұл өзі – Лос-Анджелеске тән жайт. Әжесінің немере ағасы Кларенс Хейли Лонг – Мальборо ковбойларының бірі. 1949 жылдың тамызында ол Life журналының мұқабасына шыққан болатын. Майки мен оның танымал туысының арасында екеуіне де ортақ ұялшақтық бар.

Tatler Asia
IMAGE Кларенс Хейли Янг Life мұқабасында

Жайлы дауыс тембрі, жұмсақ көзқарас және жарқын жымиыс – жағымды мінез белгілері. Майки жануарларды жақсы көреді. Мысалы, Джем атты чихуахуасын ол жануарларға арналған панажайдан тапқан екен. «Ковбойлық» түп-тамыры да анық байқалады. Hollywood Authentic-ке берген сұхбатында актриса ешкімге «қажетсіз болып қалған» понилерге арнап панажай ашуды армандайтынын айтады.

Tatler Asia
LOS ANGELES, CA - NOVEMBER 14: Mikey Madison is seen on November 14, 2024 in Los Angeles, California.  (Photo by PG/Bauer-Griffin/GC Images)
IMAGE Майки Мэдисон итімен бірге | Getty Images
LOS ANGELES, CA - NOVEMBER 14: Mikey Madison is seen on November 14, 2024 in Los Angeles, California.  (Photo by PG/Bauer-Griffin/GC Images)

Осыншама нәзік, ұялшақ жан маньяк, жаналғыш, секс индустриясы қызметкері рөлдерін тым жақсы сомдап, мансабын дамытып, «Оскарды» небәрі 25 жасында қалай алды?

Tatler Asia
Mikey Madison at the 97th Oscars held at the Dolby Theatre on March 2, 2025 in Hollywood, California. (Photo by JC Olivera/WWD via Getty Images)
IMAGE Майки Мэдисон 97-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінде | Getty Images
Mikey Madison at the 97th Oscars held at the Dolby Theatre on March 2, 2025 in Hollywood, California. (Photo by JC Olivera/WWD via Getty Images)

Ел оны өртейді, ол Феникс ұқсап қайта тіріледі. Майкидің отқа оранған көрінісі Once Upon a Time... in Hollywood және Scream фильмдерінің екеуінде де бар. Актрисаның мінезі де, жұлдызы да (тоқты) от-жалын. 18 жасында Майки өрмекші пішініндес сақинасын: «Қарақұрт күйеуін өлтіріп барып жейді», – деп сипаттаған екен. Ұлдарды осылай қорқытқанды ұнатқан көрінеді. Қазір оның ешкімді қорқытқысы жоқ, тек экран арқылы ғана.

Майкидің бойында жігер бар. Актриса Шон Бэйкермен сөйлескеннен кейін «Анораға» дайындықты бірден бастап кетеді. Үйіне сырық орнатып, күніне бірнеше сағат жаттығып, орыс тілін оқи бастайды. Бірнеше айдан кейін режиссер оған би билеуді меңгеру керек екенін айтады. Better Things сериалындағы әріптесі Памела Адлон мұның бәріне тым қатты берілудің қажеті жоқ депті-міс. «Бұл жай ойын ғана, басқа ештеңе де емес», – деп қостайды Майки. Алайда актриса іс жүзінде өз-өзін қолға алып, қыруар еңбек етсе керек. «Анора» фильміндегі серіктесі Марк Эйдельштейн дайындықтары туралы былай деп еске алады: «Орыс тілінде сөйлейтін көріністерді 400 рет қайталап шыңдалған кездеріміз болды. Кей сәттерде мен оған тамаша шыққанын алға тартсам, ол ылғи да көңілі толмайтынын, одан да жақсы ойнауға болатынын айтып таң қалдыратын».

Tatler Asia
IMAGE «Анора» түсірілімінен алынған фото | Кинопоиск

Түсірілімге бір ай қалғанда Майки кейіпкері сияқты жерүсті метросының маңында тұрды. Орысша контент тұтынып, ұйықтағанда да орысша ақпаратты миға сіңіре беру үшін түнде аудиожазба тыңдапты. Стриптиз-клубтарға барып, өз рөліне тереңірек бойлау ниетімен секс индустриясы өкілдерін сырттай бақылаумен де айналысқан. Түсірілім алаңында дублерлер болғанымен, Майки барлық көріністерге өзі түскен: стриптиз-клубтың қонақтарын ырза қылды, тверк биледі, төбелесті. Актрисаның перфекционизмі, қажырлы еңбек далаға кеткен жоқ. Майки 78-ші BAFTA және 97-ші «Оскар» сыйлықтарын алып, үздік актриса атанды. Естеріңізге сала кетейік, 25 наурызда Майки 26-ға толады. Алда жаңа ұсыныстар, рөлдер және шытырман оқиғалар күтіп тұр. Майкидің «Мен істей аламын, мен мықтымын!» демесі анық, өйткені ол әрдайым білімін жетілдіріп, өзін-өзі шыңдауға құмар.

Темы