IMAGE Нұрлан Смағұлов | Фотограф: Георгий Кардава

Tatler Kazakhstan-ның редакциялық директоры Николай Усков Нұрлан Смағұловпен өнер және Almaty Museum of Arts-тың ашылуы жайлы сұхбаттасты.

2025 жылдың мамырында Алматыда көптен күткен Almaty Museum of Arts мұражайы ашылмақ. Нысан оңтүстік астанамызды әлемдік заманауи өнер орталықтарының біріне айналдырады деген болжам бар. Николай Усков белгілі кәсіпкер әрі музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловпен кездесті.

Өмір кездейсоқ жайттарға толы ғой, шіркін. 2021 жылдың 27 қарашасында күн суық болды. Сол күні Ле Бурже әуежайына кеп қонған ұшақтың ішінде Қазақстанның ең беделді кәсіпкерлерінің бірі, елдегі аса ірі автомобиль дилері Astana Motors компаниясының, MEGA ОССО желісінің иесі Нұрлан Смағұлов бар еді. Алайда сүйікті Borsalino қалпағын киіп, Tom Ford көбелек-галстугын таққан Нұрланның бейнесі Еуразия даласынан келген кәсіпкердің таптаурын образына сәйкес емес болатын. Ол табысы мол антикварға не сәнқой режиссерге көбірек ұқсайтын.

Смағұлов пен жұбайы Мәдинаны Нұрланның жақын досының қызы Меруерт Қалиева қарсы алды. 12 жасында Килиманджароға экспедицияға барған Меруерт (жақындары Мики дейді) ашық-жарқын әрі өз-өзіне сенімді адам болып өсіпті. Бойынан шығысқа тән сырға толы сұлулығымен қоса еуропалық көзқарасқа сай нәзіктік те, абырой да, күш-қуат та байқалады. Қалиева ол кезде University College of London-ды «өнертану» мамандығы бойынша бітіріп, Christie's-те жұмыс істеп, 2015 жылы Алматыда Aspan галереясын ашып үлгерген еді.

Tatler Asia
IMAGE Нұрлан Смағұлов

Ерлі-зайыпты Смағұловтарды Парижге шақырған Мики болатын. Содан бірнеше күн бұрын ол күйеуімен бірге Булон орманында орналасқан Париж орталығындағы ең мәшһүр Louis Vuitton Fondation-да болып еді. Сонда төңкеріске дейінгі әйгілі кәсіпкер әрі меценат, XIX–XX ғасырларда сол кезде мойындалмаған батыл өнер туындыларының қомақты жинағын жасаған Морозов жиынтығының көрмесі келіпті. Смағұловтың студент шағынан бастап Морозовтың (сонымен қатар атақты меценат Щукиннің) жиынтығын қатты құрмет тұтатынын, олардың картиналарының барлық суретшілері мен желісін білетінін, Леонид Парфеновтың «Глаз божий» атты фильмінен кейін әйгілі коллекционерлердің өмірбаянына қызығушылық таныта бастағанын Қалиева ұмытқан жоқ еді.

Алайда бұл хикаяның басты оқиғасы Булон орманындағы керемет сәулет ғажайыбында емес, Ле Бурженің қарапайым ғана шет жағында болған еді. Өйткені әлемдегі ең табысты әрі пысық арт-дилер Ларри Гагосян париждік жекеменшік авиация әуежайының жанынан өзінің галереяларының бірін асқан байларға арналған «дьюти-фри» іспетті етіп (әрине «фри» емес) сұңғылалықпен аша қойды. Сол жерде жаңа ғана болып келген Қалиева Смағұловтарды алдымен сонда баруға көндірді.

Саяхатшылардың көз алдында америкалық Ричард Серрдің үлкен құрыш тіліктерінен тұратын Transmitter («Таратқыш») атты алып мүсіні тұрды. Салмағы 150 тонна, ұзындығы 18, ені 17, ал биіктігі 4 метр. «Мұны алғаш көргенде, – деп есіне алады Смағұлов, – екі рет жүгіре басып айналып шықтым. Қандай әсер алғанымды білдірмеу керек екенін түсінемін, бірақ оны жасыру мүмкін емес еді. Қатты ұнады, бірақ сатылып кетіпті. Бақытыма қарай, Гагосянда сатылымда Серраның осыған ұқсас, тіпті көлемі одан да үлкен Junction («Жол торабы») атты, Хэмптоннан шыққан америкалық коллекционерден сатып алған мүсіні бар екен. Тіпті оны тасымалдау қаншаға түсетінін сұрауға да мұршам болмады».

Серраның соңғы жұмысын (мүсінші 2024 жылы наурыз айында қайтыс болды) тасымалдау да нағыз драмаға айналды. Тек логистикасын зерттеп, жеткізу бағасын есептеуге екі жыл кетті, соның кесірінен Алматыдағы музейдің ашылуын кейінге қалдыруға тура келді. «Серра» келмей, ғимаратты бітіруге болмайды. Ол шомбал ешқандай есікке сыймайды.

Tatler Asia
IMAGE Ричард Серра, «Жол торабы», 2011, Collection of Almaty Museum of Arts

Мүсінді Нью-Йорктен грузин Потиіне, одан Әзербайжанға, содан кейін Каспий теңізі арқылы Қазақстанға жеткізді. Қысқасы, құрғақ жермен алматылық «Серраның» екі мың шақырымдай жол жүруіне тура келеді. Керуен 14 жүк машинасынан тұрады, оның алтауына құрастыру құрылғылары тиелген. Смағұловтың мұны тасымалдау үшін төлеген ақшасында есеп жоқ шығар, бірақ қанша екені айтылмайды.

Смағұлов бұл жайды әлде күйініш, әлде мақтанмен еске алады: «Тәжірибесі жоқ сатып алушы ретінде құмарлықтың құдіретімен осы әлемге киліге кеттік... Иә, талай қателестік, әлі де қателікке бой алдырып келеміз, бірақ та медальдің екінші жағы да бар. Біз Серраны алғаннан кейін алып сең қозғалғандай болды, Ларри Гагосян енді мені жақсы таниды. Үлкен бәсекеге толы заманауи өнер нарығында абыройлы коллекционер болу оңай емес. Көп ұзамай Гагосян британ-нигерия суретшісі Джаде Фадоютимидің жұмысын Louis Vuitton қорына емес, күту парағында бірінші болып тұрған Смағұловқа сатуды дұрыс көреді.

Серраның «Жол торабы» Алматы музейінің көркіне айналмақ. Ол жиынтықтың одан арғы қалыптасу деңгейін көрсетеді. Демек, «Серраға» лайықты жақтаушы керек. Смағұлов: «Ғаламшардың бұл бөлігінде, яғни Еуразияда да, Наосимада да (Жапониядағы заманауи өнер музейі – Tatler), Қытайда да Ричард Серра жоқ», – дейді мақтанышпен.

Біз Нұрлан Еркебұланұлы екеуіміз оның өнер музейінің қоймасына ұқсайтын MEGA-дағы офисінде отырмыз. Ортамыздағы үстелде Огюст Роденнің шағын мүсіні, қабырғада Фернан Леже гобелені, Энди Уорхол арты, тағы да басқа дүниелер көзге оттай басылады.

Tatler Asia
IMAGE Нұрлан Смағұлов

Бала кезіңізден өнерге жақын болдыңыз ба?

Жоқ. Әкем – құрылысшы, прораб, ал анам саудамен айналысты. Қарапайым пәтерде тұрдық. Ол кезде «полуторка» деп аталатын. Қарапайым аудандағы 27 шаршы метрлік пәтер еді. Қарапайым мектепте оқыдым, жастайымнан кітап оқуды жақсы көрдім. Үйде кітап болмағанымен, жексенбі күндері үйдің жанындағы Крылов атындағы кітапханадан шықпайтынмын. Фантастикаға, шытырман оқиғаларға толы туындыларды, Жюль Верннің шығармаларын көп оқыдым.

Ағалы-інілі Стругацкийлер ше?

Оларды кейінірек, Мәскеуде оқыған кезде, түрлі адамдармен араласып жүргенде оқыдым. 17 жасымда Мәскеудегі Болат пен қоспа институтына оқуға түстім. Институт Ленин даңғылында, ал жатақханамыз Орджоникидзе көшесінде болатын.

Иә, Forbes тізіміне үлес қосушы оқу орны. Миллиардер Михаил Фридман да сонда оқыған жоқ па?

Иә, менен бір жас үлкен, қатар оқыды, бірақ ол түсті металдарда болды. Біз болсақ элитамыз, себебі физика-химиялық металлургия процестері институтында оқыдық (күледі). Фридман оқып жүргенде танымал бригадир болды (театр билеттерін қайта сату кәсібінде – Tatler). Ол бәрін ұйымдастырады, ал біз келеміз де, бірнеше билет алып, оны бригадирге өткіземіз. Нарықтағы билеттер кассадан гөрі қымбатырақ еді. Алайда айтайын дегенім бұл емес. Нағыз өнермен сол кездерде таныстым. Мәскеудегі Пушкин атындағы музейде ілінген Сезанн, Моне, Матисс сынды шеберлердің туындылары қатты әсер етті (Морозов пен Щукиннің әйгілі коллекциясы коммунистердің кезінде Мәскеудегі Пушкин атындағы музей мен Петербордағы Эрмитажға теңдей бөлінген болатын – Tatler). Ерекше есте қалғаны – Леженің туындысы. Қыштан жасалған аттың басы. Осындай 5 еңбектің бірі қазір офисімде ілулі тұр.

Tatler Asia
IMAGE Алисия Кваде, «Х айналу сәті. Толықтың орнын басқан бөлік», 2024, Collection of Almaty Museum of Arts

Смағұловтың өнер туындыларын жинақтауы кездейсоқ басталды. Ол 1996 жылы Қастеев музейінде жақсы танысы, актер Меңтай Өтепбергеновпен кездесіп қалады. Ол жұмысы жүре бастаған жас кәсіпкерге Қазақстанда тұрған бурят суретшісі Сэрэнжаб Балданоның маскасын сатып алуды ұсынады. «Бір сағаттан кейін ол капрон қалтасын ұстап жетіп келді. Оған газетке оралған маска салынған», – деп күледі Смағұлов. 90-шы жылдардағы сауда капитализмінің көрінісі. Бұл бүгінде 1000 шақты туындыны қамтитын жиынтықтағы алғашқы дүние болатын, ал қазір мұндағы Балдано маскаларының өзі 60 шақты.

«Масканы көргенде сол жылы 59 жасында қайтыс болған әкем есіме түсті. Сөзбен жеткізу мүмкін емес... Есеңгіреп қалдым... Содан жинай бастадым. Кейін жас суретшілермен таныстым, олар досыма айналды. Алмагүл Меңлібаева, Эдуард Казарян, Асқар Есдәулетов, Асқар Есенбаев. Шеберханаларда шарап іштік, дауластық, сұхбаттастық, осы бір өнер әлемі мені тереңіне тартып әкеткендей болды. Мен замандастарымның жұмыстарын сатып ала бастадым», – деп еске алады Смағұлов.

Ол «коллекционер мен кәсіпкер – бір-біріне жақын кәсіптер» деп санайды: «Кәсіпкер де – коллекционер. Мен көркемсурет, графика, мүсінді ғана емес, кәсіпті де жинақтадым. Кәсіпкер де жаулап алушы сияқты ғой. Біз аумақты белгілейміз, плацдармдарды жаулап аламыз. Көшеде күнде жаңа аумақ жаулап алынады. Мен өнерге де осы әдіспен келдім. Маған қайдан, кімнен, нені сатып алу керек екені туралы ақпараттар түсе бастады».

Басқа ойлар да болды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін елімізде көптеген батыс компанияларының өкілдігі ашыла бастады. Олар Қазақстан көркемсуретінің Сергей Калмыков, Павел Зельцман сияқты классиктерінің жұмыстарын түкке тұрмайтын арзан бағаға сатып ала бастады. «Отаным үшін жаным ауырды, күйініп, осы бәсекелестікке мен де еніп кеттім», – деп мойындайды Смағұлов.

Tatler Asia
IMAGE Сэрэнжаб Балдано, «Мен және маскаларым» сериясының аты жоқ бөлігі, 1991, Collection of Almaty Museum of Arts
Tatler Asia
IMAGE Сэрэнжаб Балдано, «Мен және маскаларым» сериясының «Зорлық-зомбылық, қанау – ой мен қимыл еркіндігі» атты бөлшегі, 1991, Collection of Almaty Museum of Arts

Ол кезде бәрі қарапайым әрі көз тартарлық Айвазовскийден бастады. Сіздің басыңызда ондай жағдай болды ма?

Менде Айвазовский жоқ. Бір-екі рет Christie's-те сатып ала жаздағанмын. Ол жердегі орыс бөлімінің басшысы Алексей Тизенгаузен болатын. Сол айнытты мені.

Алексей Тизенгаузен Ресей империясында XVIII ғасырдан бастап қызмет еткен остзей әулетінен тараған. 2010 жылы Смағұлов Тизенгаузенмен бірге сол кезде Christie's қызметкері болған Қалиеваның қатысуымен лондондық Christie's-те «Қазақстан қазыналары» атты көрме дайындады. Оған Қастеев музейіндегі картиналармен қатар Нұрланның жеке жиынтығындағы туындылар да қойылды. «Christie's-пен солай достастық», – дейді ол. Бірақ бұл кезеңде Смағұлов қазақ өнеріне ғана қызығушылық танытып, өзін соның батыстағы амбассадоры сезінетін: «Қазақ өнерінің дәстүрі орыс суретшілері Хлудов, Черкасскийлерден бастау алады. Олардың мектебі түс, пішін, аңыз, пұтқа табынушылықпен астасып, термоядролық қоспа пайда болды».

Белгілі бір кезеңде Смағұловтың өнерге деген құмарлығы оны жеке жиынтықтан жария арт-кеңістікке қарай итермеледі. Оған қаусап біткен КСРО-ға тән қарама-қайшылығы мол бір кейіпкер үлгі болды. Нұрлан оны «Қазақстанның алғашқы меценаты» деп атап, «Алтын баспақтағы» жасырын миллионер Корейкоға теңейді. Юрий Александрович Кошкин Алматыдағы құрылысқа жауап беретін үлкен совет шенеунігі еді. Ол өте қарапайым, әрі мүлде заңсыз бизнес-жүйе жасаған: артық қабаттар салдырып, оларды таныстарына сатқан. Оны ұстап, ату жазасына кескен, бірақ бес жыл ҚазКСР ҰҚК түрмесінде ұстаған.

«Ала киім киген ол, – дейді Смағұлов, – түнімен ұйықтамайтын, өйткені әдетте ол кезде ататын, сондықтан тек күндіз ұйықтайтын». 90-шы жылдары түрмеден шыққан Кошкин өзі отырған ҰҚК ғимаратын жалға алды (ол кезде ол мекеме Астанаға көшіп кеткен болатын). Бірақ сол кезеңде сәнге айналған элиталық бордель немесе казино ашу үшін емес. Өнерге деген құштарлығының арқасында ол бұрынғы түрмеде қазақ өнері галереясының негізін қалады. Кейін Нұрлан Кошкиннен 15 жұмыс сатып алды, олардың арасында Калмыков, Шарденов, Айтбаевтардың туындылары бар. Ең бастысы, содан кейін өзі де галерея туралы ойлана бастайды.

Tatler Asia
IMAGE Әбдірашит Сыдыханов, «Атырау кеші», 2002, Collection of Almaty Museum of Arts
Tatler Asia
IMAGE Шаймардан Сариев, «Ұлымның портреті», 1987, Collection of Almaty Museum of Arts

Astana Motors салондарында әртүрлі артефактілер пайда бола бастады, кейіннен MEGA-да, Фернан Леженің алып панносы ілулі тұрды. Мысалы, Krudo ресторанында. Смағұлов алғашқы галереясын өзінің Toyota орталығында ашты. Ол сол жерде суретшілердің көрмесін ұйымдастырып, музыкалық, поэзиялық кештер өткізді. Алайда Нұрлан ол галереяны «баланың ойыны» деп атап, бозбала кездегі ғашықтыққа теңейді.

2007 жылы дағдарыс қарсаңында бірнеше кәсіпкер-энтузиаст «Есентайдың» негізін салушы, білгір, коллекционер Сержан Жұмашевтың бастамасымен ботаникалық бақта заманауи өнер мұражайын жасамақ болып шешті. Бұл бастамаға Нұрлан да қуана-қуана келісті. Бірақ дағдарыс кедергі келтірді. Алайда Нұрлан бұл идеядан бас тартқан емес.

Басында ол мұражайды зейнеткерлік жоба ретінде, яғни қартайғанда айналысатын шаруа ретінде қарастырды. Бірақ Меруерт Қалиеваның айтуынша, ковид эпидемиясы кезінде көптеген адамдардағы сияқты Смағұловтың да құндылықтарға деген көзқарасы өзгеріп сала берді: «Адамдардың көпшілігі өзінен кейін не қалдыратыны туралы ойлай бастады». Сосын Нұрлан шама бар кезде мұражай жасау керек деп шешті. 2020 жылы Смағұлов Меруертті кофеге шақырып, Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев сол кезде енді салынып жатқан Almaty Theatre жанынан жалға жер алуды ұсынғанын айтты. Қызық, қаланың қақ ортасында әл-Фараби даңғылының бойында Іле Алатауының етегінде бір кезде жанармай бекеті болған, кейін бір банкроттан екіншісіне ауысып, ол араны арамшөп басып кеткен. Смағұлов «бұл да бір тағдырдың сыйы шығар» деп ойлады.

Сіз өзіңізді шығыстықпын деп санайсыз ба әлде батыс адамына тән қасиеттеріңіз басым ба?

Біз, қазақтар, Шығыс адамы болып көрінгенімізбен, менталитетіміз батыстықтарға жақындау. Мен көпұлтты қала Алматыда өстім, 1972 жылы мектепке бардым. Біздің класта үш-төрт қазақ қана болатын. Мен орыс орта мектебінде оқыдым, орыс әдебиеті кеңістігінде өстік, сол арқылы көптеген батыс құндылықтарын да меңгердік. Ресей де соншалықты батыс елі емес қой. Ал Акунин «ол – Алтын Орданың мұрагері» дегенді айтады. Демек, бәрін бізден алған (күледі).

Tatler Asia
IMAGE Нұрлан Смағұлов

Концепция атаулының бәрі – әсірелеуге ұласатын болжам.

Бірақ шығыстық қасиет маған отбасым, тағам, дәстүрлер, бата-тілек арқылы сіңген шығар.

Шығыс пен Батыс торабында тұрған адам ретінде Смағұловтың Батысқа да бұрылып қарауы заңды. Батыс өнерін жинақтау барысында Смағұлов екі мыңыншы жылдары көп жетістікке жетті. 2008 Christie's-тегі ең алғашқы аукционынан алған әсерін ол былай деп сипаттайды: «Сент-Джеймс-стрит, балға тықылы, айнала толы көне бұйымдар. Мен өте құмарпаз адаммын, біреуін, екеуін алуға тырыстым, Поль Синьякты сатып алдым, сосын сыйға тарттым. Мен сол жерде сатып алған дүниелерімнің бәрін сыйға тарттым, бірақ құдайға шүкір, бір жұмысты қалдырыппын. Ол Леженің панносы. Ол енді музейде тұратын болады».

Tatler Asia
IMAGE Фернан Легер, «Тотықұс ұстаған әйелдер», 1954-1960, Collection of Almaty Museum of Arts

Смағұлов бірте-бірте батыс өнерімен жақын таныса бастады: «Ойыңдағыны еркін таңдап алу деген бір бақыт қой. Мен әлемнің бір түкпіріне барып, қалаған дүниемді сатып ала аламын. Кеңес одағында туып, орта мектеп бітіріп, Кеңес Армиясының қатарында қызмет еткен, кеңес жастарының бүкіл жолын жүріп өткен адам Венеция биенналлесіне келіп, бүкіл қалада Ансельм Кифердің «Бұл туындыларды өртегенде бәрі анықталады» атты жұмысы бейнеленген плакаттар ілулі тұрғанын көресің. Сосын біз Палаццо Дукалеге кірдік, әлгі жұмыстар сонда да ілулі тұр екен. Ол Ларри Гагосян ұйымдастырған жабық қабылдау болатын. Мен оған Ансельм Киферді сатып алатынымды жеткіздім. Барып, сатып алып, елге, өз мұражайыңа әкелетінің, Louis Vuitton немесе Бильбаодағы Guggenheim-нен еш кем емес екеніңді сезіну – қандай бақыт. Осыдан кейін қанаттанып, бұдан да ауқымды, әлемдік деңгейдегі шаруаларды іске асыруға құлшынасың.

Жиынтығыңызға байланысты кімдермен ақылдасасыз?

Маған о бастан қатты көмектескен жан – мүсінші Эдуард Казарян. Мүлде хабарым жоқ еді, әйтеуір соңымнан еріп, дұрыс-бұрысын айтып жүрді. Бір жарым жылдан кейін өзім де түсіне бастадым. Christie’s барысында Мика Қалиевамен ақылдастым. Басқалардан кеңес алғанмен, шешімді өзім қабылдаймын – өзіме ұнағанын таңдаймын. Ұнамаған нәрсені ал десе де алмаймын.

Смағұлов өзін мұражай туристері қатарына жатқызады. Қызықты жинақтама үшін бір жаққа аттана салу ол үшін түкке тұрмайды: «Мен заманауи өнер музейлерін көп араладым, ең алғашқы барғаным Бильбао болатын. Меруерт екеуіміз сонда барғанда мен нағыз мұражай қандай болатынын, бір мұражай бір қаланың тағдырын қалай өзгертетінін өз көзіммен көрдім. Бильбаоның осы қасиеті Алматыға да қажет-ақ. Алматы былай қарағанда, толыққанды қала сияқты: сауда орталықтары, табиғаты, мейрамханалары, қандай да бір социум, театр, оқитын, өзара араласатын, спектакльдерге баратын адамдарға қажет мәдени негіз бар. Бірақ осының бәрін түйіндейтін ортақ әшекей, яғни тәжі жоқ. Меруерттің айтуынша, Смағұловқа өзінің жеке жиынтығына емес, жалпы заманауи өнерге арналған мұражай құрып, Алматыны әлемдік must see және must be қалаға айналдыру туралы идея осы Бильбаоға барғанда келген.

Tatler Asia
IMAGE Шығыс кіреберіс
Tatler Asia
IMAGE Батыс кіреберіс
Tatler Asia
IMAGE Стрит-арт
Tatler Asia
IMAGE Тұрақты көрме залы

2021 жылы Смағұлов сәулетшілер байқауын өткізіп, өзі бұрын да бірге жұмыс істеген лондондық Chapman Taylor бюросының жобасын таңдап алды. Мұражай директоры қызметіне Смағұлов көп жылдан бергі кеңесшісі Меруерт Қалиеваны шақырды. Енді барлығына сол жауап береді. Ал Нью-Йорк МОМА-сында жұмыс істеген латвиялық Инга Латсе куратор болып тағайындалды.

Смағұлов өзінің бір кезде жергілікті коллекционер болғанын айтады. Ақырында музей кураторлары оның қазақстандық жиынтығындағы 600 экспонатты да алған. Енді оның өмірінде жаңа кезең басталды: «Алматыға турист тартып, оларды Қазақстан өнерімен, мәдениетімен таныстыру үшін біз танымал шетелдік суретшілердің шығармаларын да сатып аламыз. Серраны көруге келгендер қазақ мәдениетін халықаралық аренада көрсетіп жүрген біздің суретшілер жайлы да біледі». Ричард Серра, Ансельм Кифер, Яеи Кусама («Мен оны қатты құрметтеймін!» – дейді Нұрлан) туындыларымен қатар, алматылықтарға испан суретшісі Жауме Пленстің жұмыстары, 12 метрлік қос бұрымды (қазақ қыздары сияқты) бойжеткен басын әкелуге уәде берілген. Сонымен қатар Йинка Шонибаре, Алисия Кваде, тағы басқалар бар.

Қазір сатып алу жұмыстары қызу жүріп жатыр, көптеген туындылар музей құру идеясы пайда болғаннан кейін сатып алынған. Forbes-тың есептеуінше, бұл музей Смағұловқа $100 млн-ға түседі. Ал коллекционердің өзі: «Басында $50 млн көлемінде болса дегенбіз, бірақ жаңа жұмыстар сатып алғаннан кейін бұл сан 100 млн-ға жуықтады. Шығынның көбейетініне о бастан дайын болдым. Бес жылдан кейін бұл сан $150–200 млн болады деп ойлаймын. Бұл – ғимарат емес, жиынтықтың қалыптасуы. Ғимараттың өзі сондай қымбат емес, аумағы бар болғаны 9 мың шаршы метр. Мысалы, Яеи Кусаманың бір шығармасы түсіме кіріп жүр. Кезінде мүмкіндік болғанда сатып алмап ем. Енді қиналып жүрмін».

Музейге қанша қаржы жұмсайтынын сұрағанымызда, Смағұлов: «Менің жұбайым Мәдина да ұрпағымызға қалдыратын байлық жинағаннан гөрі қаржыны отандастарымыздың өмірін өзгерте алатын жарқын жобаларға салу қажет деген ойымды құптайды. Бақытымызға орай, біздің балаларымыз байлыққа ұмтылмайды, ал біз жұбайымыз екеуіміз идеяларымызды жүзеге асыруға тырысамыз», – деп жауап берді.

Авторы

Фотография  

Георгий Кардава

Продюсер  

Руслан Хабиев

Темы