Қазіргі кезде балалар қонаққа барғанда қолына бір сыйлық ұстап келер деп күтіп тұрады
Қазіргі кезде балалар қонаққа барғанда қолына бір сыйлық ұстап келер деп күтіп тұрады. Бұл қазақи дәстүрден ешкім шет қала алмас. Алайда бүгінгі таңда әр үйде ойыншықтардың түр-түрі бар: лего, қуыршақ, велосипед, кубиктер – бәрі үйіліп тұр. Ендеше, балаңызға шынымен пайдалы, өміріне оң әсер ететін, бір-екі ойнап сынып қалатын ойыншықтан гөрі мәні бар, естен кетпес сыйлық жасап көрейік.
Соңғы уақытта шетелде балаларға инвестициялық акциялар сыйлау трендке айналып келеді. Опра Уинфри балаларға қаржылық сауаттылық пен инвестицияларды үйретудің маңызын жиі айтады. Ол ата-аналарды балаларға акцияларды сыйлық ретінде беру арқылы олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға шақырады. Барбара Стрейзанд Джордж Флойдтың 6 жасар қызына Disney компаниясының акцияларын сыйлады. Кейт Хадсон өзінің 10 жасар ұлы Бингтің туған күніне акциялар алғысы келетінін, қор нарығына қызығушылығы оянып жатқанын айтып өтті. Infosys негізін қалаушы Нараяна Мурти 4 айлық немересіне өз компаниясының акцияларын сыйға тартып, ерте инвестиция арқылы байлық жинау мүмкіндігін көрсетті.
Мұндай сыйлықтың ересектерге де ұнайтыны сөзсіз! Неге акциялар дейсіз бе? Өйткені қаржылық тұрғыдан тұрақты компаниялардың акциялары уақыт өте келе бағаланып, өсіп отырады. Мұндай сыйлық балаға қаржылық сауаттылықтың алғашқы қадамы бола алады. Балалар ақша құнын, оның басқару тәсілдерін түсініп, болашақта өз қаржысын тиімді жұмсауды үйренеді.
Акциялар арқылы қаржылық сауаттылықты дамыту
Мысал ретінде 12 жасар Асқардың тарихын айта кетсек. Оның анасы, интерьер дизайнері Айжан Қонаева, ұлының қаржы тақырыбына деген қызығушылығын байқап, онымен бірге алғашқы акцияларды сатып алған. Асқар бұл сыйлықтан кейін ақшаға деген көзқарасын өзгертіп, түрлі компаниялар, инвестициялар және экономика туралы көбірек білгісі келгенін айтады.
Асқар Nvidia (NVDA) компаниясының акцияларын сатып алып, олардың бағасының $148-ға дейін өскенін қадағалағандағы толқынысын жасырмайды. «Акциялар мен үшін нағыз әсер қалдырды!» – дейді ол. Бұл оның ақшаға деген қызығушылығын оятып қана қоймай, акция құнын бақылаудан ләззат алуға үйретті.
Айжанның айтуынша, Асқар қаржыны дұрыс жұмсауды ерте жастан-ақ үйреніп, ойыншықтар мен тәттілерге бар ақшасын бірден жұмсамайды екен. Ол өз мақсаттарын қойып, соларға жету үшін қаржыны дұрыс жоспарлап бөледі. «Акцияларға қызыққалы бері, оның таңдауы айқындала түсті,» - дейді анасы. Айжанның пікірінше, қаржылық сауаттылықты бала жасынан дамыту қажет, себебі бүгінгі таңда бұл білім өте қажет.
