OpenAI 500 млрд АҚШ долларын қайда жұмсайтыны туралы әңгімелейміз
Жасанды интеллект нарығының 54.96%-ы ChatGPT-ге тиесілі. ChatGPT-ден кейін графикалық дизайн жасауға арналған Canva бағдарламасы (14.92%) мен Deepl аудармашысы (5.38%) тұр. Жасанды интеллектімен бірге «ЖИ адамның орнын баса ма?» деген сұрақ та пайда болды. Дүниежүзілік экономикалық форум барысында 2025 жылға қарай жасанды интеллект 85 миллион жұмыс орнын жояды делінген болатын. Контент жасауға, жасанды интеллектімен жұмыс істеуге бағытталған 97 млн жаңа жұмыс орны пайда болатынын да айта кету керек. Бос жұмыс орындары сонымен қатар The Stargate Project-тің арқасында ашылмақ.
The Stargate Project – АҚШ-та жасанды интеллектіге негізделген инфрақұрылым құру жөніндегі жаңа жоба. Жұмыс төрт жылға созылмақ. OpenAI, SoftBank, Oracle, MGX, Arm, Microsoft және NVIDIA компаниялары жобаға 500 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр. OpenAI берген ақпаратқа сенсек, жобаны дамытуға жақын арада 100 млрд АҚШ доллары құйылады. Жасанды интеллектіні зерттеу жөніндегі орталықтар Техаста салына бастайды. Жоба басқарушысы – SoftBank бас директоры Масаеси Сон.
OpenAI The Stargate Project жобасы Американы жасанды интеллект саласының көшбасшысына айналдырып, экономикалық өсуге ықпал етіп, АҚШ-тағы қайта индустрияландыру процесін бастайды деп сенеді.