Турнир кейбір матчтардың трансляциясын көрсету мүмкіндігінен айырылғандықтан, motion-tracking технологиясын пайдаланып, ойын барысын анимациялық форматта ұсынады

Теннистен Аустралияның ашық біріншілігі (Australian Open турнирі) тағы да ел аузында, бірақ бұл жолы рекорд жасап жатқан жоқ, ол жаңа трансляция форматымен ерекшеленіп отыр. Турнирдің YouTube арнасындағы матчтарда шынайы теннисшілердің орнына олардың цифрлық аватарлары өнер көрсетіп жатыр. Басында бәрі Wii Sports видеоойыны ма деп шатасыпты. Өйткені теннисшілердің басы үлкен, қимыл-қозғалысы мультфильм кейіпкерлеріндей, бірақ әр соққы шынайы матчтардағыдай дәлме-дәл әрі уақытылы жасалады.

Бұл – жай ғана креатив емес, мәжбүрлі жаңашылдық. Турнир барлық трансляция құқықтарына ие болмағандықтан, көрермендерді ойыннан шеттетпес үшін motion-tracking технологиясын қолданды. Камералар ойыншылар мен доптың қозғалысын бақылап, матчты анимациялық түрде жасап береді.

Көрермендердің пікірі екіге бөлінді. Біреулерге ойыншылардың қимылы шынайы емес болып көрінсе, енді біреулер спорттық трансляциялардың болашағы осындай болады деп болжап отыр. Не десе де, бұл – осы жағдайда тапқырлық пен технологияның тамаша үйлесімі.

Айта кету керек, бұл тәжірибе спорт әлемінде алғаш қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін Looney Tunes кейіпкерлері NHL матчының хоккейшілер рөлін сомдаса, NFL мен Disney+ The Simpsons-тың стилінде америкалық футбол матчының трансляциясын ұйымдастырған.

Теннистен Аустралияның ашық біріншілігі – жыл сайын өтетін Үлкен дулыға турнирлерінің алғашқысы. Үлкен дулыға турнирлері – барлық жарыстардан маңызы жағынан да, беделі жағынан да жоғары тұратын 4 турнир. Бұл турнирлердің қатарына Теннистен Аустралияның ашық біріншілігінен басқа Теннистен Франция ашық біріншілігі, Уимблдон турнирі және Теннистен АҚШ-тың ашық біріншілігі жатады.