Видеокарталардың жаңа буыны, тері анализаторы және тағам мен сусынды суытуға арналған қонжық: CES 2025 көрмесінен тағы не көрдік?
Лас-Вегаста Consumer Electronics Show (CES 2025) технологиялық көрмесі өтті. Бұл шарада инновациялық өнертабыстар мен жаңа тұрмыстық техниканың түр-түрі таныстырылды. Көрмеге келушілер әртүрлі компаниялардың стендтерін аралап, құрылғыларды сынақтан өткізді, конференцияларға қатысып, индустрия көшбасшыларының қызықты ой-пікірлерін тыңдап қайтты. CES 2025 көрмесіндегі басты трендтер: алып теледидарлар, смарт-көзілдіріктер, электронды сия технологиясының кең қолданылуы, жетілдірілген робот-шаңсорғыштар және экран кеңістігі ұлғайған ноутбуктар. Осы көрмеде таныстырылған маңызды жаңалықтар мен ерекше құрылғылар туралы біздің мақаладан оқи отырыңыз.
L'Oréal Cell BioPrint
Парфюмерия мен косметика өндірісімен танымал L’Oréal компаниясы көрмеде L’Oréal Cell BioPrint портативті құрылғысын таныстырды. Бұл құрылғы протеомика (ақуыздарды жоғары дәлдікпен зерттеу) әдісі арқылы теріні бес минутта талдап береді. L’Oréal Cell BioPrint терінің биологиялық жасын анықтап, белсенді ингредиенттерге сезімталдығын және ықтимал косметикалық мәселелерді болжай алады. Құрылғының арқасында тұтынушылар тек қажетті косметиканы пайдаланып, қажетсіз өнімдерге ақша жұмсамайтын болады. Жоспар бойынша құрылғы 2025 жылдың соңында нарыққа шығады.
