2025 жылдың соңына дейін Neuralink 20-30 имплантация орнатуды жоспарлап отыр
Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы адам миына компьютерлік интерфейс орнатып, тағы бір маңызды жетістікке жетті. Блумбергтің мәліметінше, компания үшінші пациентке өз құрылғысын сәтті орнатқан.
Осы жылдың соңына дейін чип тағы 20-30 адамға орнатылады деп отыр. Бұл – неврологиялық ауруларды, соның ішінде сал ауруы мен ALS (бұлшық ет атрофиясына әкелетін ауру) емдеуге арналған технология.
Компания қазіргі уақытта екі зерттеу үстінде. Бірінші зерттеу сал ауруы бар пациенттерге ой күшімен компьютер немесе смартфон секілді сыртқы құрылғыларды басқаруға мүмкіндік беруді көздейді. Екінші зерттеу үш қатысушының роботталған қол сияқты көмекші құрылғыларды қолдануына бағытталған.
Neuralink алғашқы имплантациясын бір жыл бұрын Ноланд Арбо деген адамға сәтті жасап, кейіннен екінші пациент Алекс чиптің көмегімен бейнеойындар ойнап, 3D CAD бағдарламасында жобалар құрастыра алды. Алекс кейін: «Neuralink құрылғысы – мен үшін еркіндік пен тәуелсіздіктікті берген үлкен жетістік», – деді.