IMAGE Ray-Ban Meta x Coperni limited edition | Coperni

Жарнамалық кампаниялардан бастап «ақылды» әшекейлерге дейін: Париждегі сән апталығында технологиялардың сән әлеміне қалай енгені туралы баяндаймыз.

2025 жылғы Париж сән апталығындағы қонақтарды IT-сөмкелер, виртуалды әлемдегі киім өлшеу бөлмелері мен Инспектор Гаджет стиліндегі көзілдіріктер елең еткізді. Цифрлық төңкеріс сән индустриясына да баса көктеп кіріп келгеніне дәл осы шаралар топтамасында куә болдық. Сіздер де мақаламыздан оқи отырыңыздар.

Жасанды интеллект «қолынан» шыққан киім үлгілері

Жасанды интеллект дизайнерлердің басты құралына айналып келеді. Ол ою-өрнектермен, текстуралармен және силуэттермен сан-қилы тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, Moncler брендінде нейрожелі жарнамалық кампанияларды әзірлеуге қолданылды. Ал 2024 жылы оның көмегімен Verone AI курткасы жасалды. Нарықты жылдам талдау мүмкіндігі арқылы жасанды интеллект сән трендтерін алдын ала болжауға көмектеседі. Бұл дизайнерлер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайта түсуі әбден мүмкін.

«Ақылды» маталар

Сән – динамикалық әрі интерактивті құбылыс. Anrealage бренді жарық диодты жарықтандыруы бар киім үлгілерін ұсынды. Олардың түсі жарықтың түсуіне орай өзгеріп отырады. Ол үшін Стелла Маккартни табиғи процестерге сезімтал маталарды қолданған. Оның өрнегі температура мен қозғалыс әсерінен мың құбылады. Брендтің негізін қалаушы Стелла Маккартни Protein Evolution компаниясымен бірлесіп жұмыс істеген. Бұл компания Biopure технологиясын жасап шығарды. Оның көмегімен жасанды интеллект негізіндегі ферменттер тоқыма және пластик қалдықтарын ыдыратып, полиэстер өндірісіне қажетті жаңа материалдар түзеді.

Виртуалды әлем

Париж сән апталығында болашақтың сән көрсетілімдері таныстырылды. Жасанды интеллект арқылы дизайнерлер шынайы және виртуалды кеңістікті біріктіріп жіберді. Мысалы, Balenciaga бренді цифрлық голограмма модельдерін пайдаланып, шоу қонақтарымен өзара интерактив ұйымдастырды. Ал Viktor & Rolf сән үйінің көрсетілімінде жасанды интеллект даусы модельдердің киім үлгісін сипаттап отырды.

Тек сізге бағытталған шопинг

Жасанды интеллект сатып алушылармен қарым-қатынасты жақсартып, шопингті жеке тұтынушыға бейімдейді. Сөзімізге дәлел ретінде Dior дүкендеріндегі жағдайды баяндайық. Ондағы толықтырылған шынайылық технологиясы  клиенттерге киімдерді дүкенде де, қашықтан да «киіп көруге» мүмкіндік сыйлаған. Бұл процесті жасанды интеллект жүзеге асырады, сондықтан киім ауыстырудың еш қажеті жоқ. 2024 жылғы Париж сән апталығында FabriX виртуалды киоскілерін таныстырды. Осылайша шоу қонақтары цифрлық сәнді толықтырылған шынайылық технологиясы мен нейрожелілер арқылы бақылай алды.

Киім мен технологиялардың үйлесімі

Coperni бренді 2025 жылғы күз-қыс маусымына арналған көрсетілімінде ертеректегі интернет-мәдениеттің болмысын қайта жаңғыртты. Көрермендерге ерекше ұнаған жаңалық Tamagotchi Swipe Case сөмкесі болды. Бұл жоба жапондық Bandai ойыншық брендімен бірлесіп жасалды. Сондай-ақ Coperni шоуында Ray-Ban Meta көзілдіріктері ерекше назар аударды. Оларға суретке түсіру, толықтырылған шынайылық технологиясы мүмкіндіктерін пайдалану және стиль бойынша кеңес алу функциялары енгізілген.

Осы тың дүниелерді саралай келе, алыстан «мен мұндалаған» болашаққа дәл ертең топ ете қалуымыз әбден мүмкін екеніне көзіңіз жетеді. 

Бұл – Tatler T-Labs командасының 2025 жылғы 13 наурызда ағылшын тілінде жариялаған мақаласы. Ердана Ержанұлы оны қазақ тіліне аударып, Tatler KZ басылымына 2025 жылғы 14 наурызда жаңартылған нұсқасын дайындады.

Темы