IMAGE Фотограф: Анастасия Анишева

Эмпатия, инженерия және өнерге деген сүйіспеншілік Мика Барниге бірегей кеңістіктер жасауға қалай көмектеседі

Сырт келбетінің өзі өнерден тұратын бұл алматылық келіншек тамаша нәтиже үшін үш күн бойы ұйықтамай, шабытты  өнерден, ғылымнан іздейді. Суретші және шығармашылық директор Мика Барни брендтердің аудиториямен қарым-қатынасын өзгертетін жобаларды жүзеге асырады. Ол әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін көрмелерге қатысып қана қоймай, Coca-Cola, Dior секілді әлемдік гиганттармен жұмыс жасайды.

Егер сіз шығармашылықты тек өнермен байланысты деп ойласаңыз, өз пікіріңізді өзгертуге дайын болыңыз. Миканың мұқият жоспарланған жобалары инженерлік ойлауды, экономиканы және перфекционизмді қамтиды. 

Мика, креативті директордың немен айналысатынын қысқаша айтып беріңізші?

Еңбек жолымның басында Бақтияр (Беркін – Tatler) екеуміз бейнелеу өнері фотосуретінің жобасын бірге жасадық. Ол техникалық бөлімге, яғни түсірілімге жауап берді, ал мен концепция ойлап тауып, сет-дизайнмен айналыстым.

Бірақ мен әрдайым одан да ауқымды нәрселерді — үлкен сеттерді, күрделі декорацияларды жасап көруді армандайтынмын. Екі жарым жыл бұрын маған Coca-Cola «Интергалактика» жобасының концепциясын жасап, продакшн-дизайнмен айналысуды ұсынды. Бұл осындай масштабтағы алғашқы жұмысым болды және бәрі сәтті өтті. Кейін маған Insider агенттігінде креативті директор ретінде жұмыс істеу ұсынылды. Бірақ мен әлі күнге дейін продакшн-дизайнер жұмысын да істеп жүрмін.

Қазір мен бұл салаға толығымен кірісіп кеттім және брендтердің бірегей иммерсивті кеңістіктерді, контент аймақтарын және арт-инсталляцияларды жиі құруы мені шабыттандырады. Брендтердің бәрі жиі ерекше иммерсивті кеңістіктер, контент-аймақтар және тіпті арт-инсталляциялар жасайтыны мені шабыттандырады. Мен тек шығармашылық директор емеспін, сондай-ақ продакшн-дизайнермін.

Tatler Asia
Tatler Asia

Сіз брендтер иммерсивті форматтарға көбірек қызығушылық танытатынын айттыңыз. Бұл сіздің Insider-мен ынтымақтастығыңызбен байланысты ма?

Ол жай ғана сәйкестік болды. «Интергалактика» жобасы біздің нарық үшін жақсы үлгі болды. Бұл жоба бастапқыда блогерлер мен БАҚ үшін жабық іс-шара ретінде жоспарланған болатын, бірақ кейіннен төрт күн бойы барлық қалаушыларға ашылған поп-апқа айналып, 12 мыңнан астам адам келіп көрді. Адамдар тек көру үшін ғана емес, өнімді сынап көріп, контент түсіріп, кеңістікпен өзара әрекеттесті. Жоба туралы БАҚ жазды, Instagram-да бөлісті, сөйтіп халық арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Осыдан кейін брендтер мұндай форматтың әлеуетін байқаған болуы мүмкін. Әлемдік нарықта бұл жаңа нәрсе емес — ондай кеңістіктер онда бұрыннан жасалып келеді, бірақ Қазақстанда олар тек жақында ғана сұранысқа ие бола бастады.

Неліктен бұл Қазақстанда өзекті бола бастады?

Қазіргі таңда брендтер аудиториямен өзара әрекеттесудің ерекше тәсілдерін іздестіріп жатыр. Олар қарапайым шешімдерден тыс шығып, қарым-қатынас, демалыс және ерекше тәжірибе үшін кеңістіктер құруды мақсат етіп отыр.

Брендтердің жабық іс-шаралардан бас тартып, кең аудиторияға қолжетімді поп-ап шараларды өткізуі мені қуантады. Мұндай тәсіл тек тұтынушылармен байланысты нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар брендті ашық және қолжетімді етеді. Бұл сенім мен ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін маңызды қадам.

Брендтер сізге шығармашылық еркіндік бере ме?

Көбіне, иә. Әдетте жұмыс былай жүреді: компания бриф жібереді, онда нұсқаулықтар мен міндеттер көрсетіледі. Біз мудборд жасап, жалпы идеяны ұсынамыз. Егер тапсырыс берушіге ұнаса, 3D-макеттер мен рендерлерді дайындауға көшеміз. Егер процеске мұқият қарап, сапалы визуализацияларды ұсынып, идеялар мақұлданады. Клиенттер жобалау кезеңінде-ақ нәтижені қандай болатынын көріп, сенім білдіреді.

Сіз батыл идея ұсынып, бастапқыда қабылдағысы келмеген, бірақ ақырында мақұлдаған жағдайлар болды ма?

Батыл идеялар көп болды. Мысалы, «Интергалактика» жобасы – ойдан шығарылған Х планетасына, яғни қиялдағы қызғылт ғаламшарға саяхат туралы хикая. Бізге тек жалпы бағыт берілді: поп-ап кеңістікті концепцияны бейнелейтіндей етіп жасау керек болды. Қалғанының барлығы – біздің қиялымыздың жемісі.

Қызғылт гүлдермен, құстармен және лабиринтпен безендірілген планетаға апаратын «портал»-ды ойлап тапқанбыз. Оның ерекше болғаны соншалық, мен ішімнен: «Бұл қандай ессіздік? Бұны қабылдамайтын шығар» деп ойладым. Бірақ бәрін еш күмәнсіз қабылдады.

Сіздің батыл идеяларыңыз қалай пайда болады?

Бұл менің көп бақылап, зерттеп жүріп көргенімнен шығар. Бұған отбасымның шығармашылық түп-тамыры мен өмірлік тәжірибем де әсер еткен деп ойлаймын. Біздің отбасымыз шығармашылыққа жақын. Анам әрдайым өнермен байланысты жұмыс істеді, атам – филармония директоры болды, ал әжемнің ағасы театр декорацияларымен айналысты. Мен өнерге ғашық адамдардың ортасында өстім, бұл қызығушылық маған да берілді.

Мен үйден ерте кетіп, ұзақ жылдар бойы шетелде тұрдым. Көрмелерге, арт-фестивальдерге үнемі барып, дизайн саласында екінші жоғары білім алдым. Маған жоба түскенде, мен тек Pinterest-тен референс іздемей, жинаған білімімнен шабыт аламын. Бұл ыңғайлы құрал, бірақ көбінесе біздің нарықта көптеген адамдар бұрыннан бар инсталляцияларды көшіріп, өз брендингтерін қоса қояды. Мен коммерциялық контекстен тыс суретшілердің жұмыстарын зерттеймін, ерекше бір нәрсені табуға тырысамын, сосын оны бейімдеймін. Нәтижесінде жобалар әлдеқайда жаңа, қызық болып шығады.

Tatler Asia

Рендерлер идеяны мақұлдауда үлкен рөл атқарады деп ойлайсыз ба?

Әрине. Мен әрдайым рендерлер мен 3D-модельдер жасаймын, бұл жұмыс барысының барлық кезеңдерінде көмектеседі. Біріншіден, масштаб пен пропорцияны жақсы бағалауға мүмкіндік береді. Мудборд жасап, референс көрсету бір бөлек, ал идеяны визуализациялау мүлде басқа нәрсе.

Кейде күлкілі жағдайлар да болады: мысалы, референс ретінде Венециялық биенналедегі 600 мың доллар тұратын инсталляцияны көрсеткен жағдай болды. Мұндай жобаны бюджет жағынан да, материалдар жағынан да осында жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан мен әрдайым рендерлер мен 3D-модельдер жасаймын, олар бұл жобаның неден жасалатынын, кеңістікке қалай үйлесетінін және қанша тұратынын түсінуге мүмкіндік береді.

Рендерлер идеяны бейімдеуде де пайдалы. Мысалы, Лондондағы галереяда керемет көрінген идеяны түрлі-түсті кілем төселген банкет залына әкелгенде, оның бастапқыдай әсер қалдырмауы мүмкін.
 
Егер компанияның бюджеті жеткілікті болса, біз еден мен қабырғаларды толықтай қаптап, таза, біркелкі кеңістік жасауға тырысамыз. Өйткені мұндай кеңістіктер бізде өте аз. Бірде біз «таза куб» жасау үшін қабырғалар мен еденді толықтай жауып, үш күн бойы тек монтажбен айналыстық.

Tatler Asia
Tatler Asia

Көпшілік сіздің бірнеше күн бойы ұйықтамай, монтаж жұмыстарына қатысып, бәрін мінсіздікке жеткізе алатыныңызды біле бермейді.

Мен өз жұмысымды қатты жақсы көремін, бұл қасиет маған бала кезден берілген. Әрдайым оқуды, үдерістің ішінде болуды ұнататынмын. Оқу болсын, жоба болсын, оған күні-түні бойы дайындалу мен үшін ешқашан қиын болған емес. Қазір де солай: монтаж басталса, екі-үш күн ұйықтамай, алаңда жұмыс істей аламын.

Мен перфекционизмге бейіммін. Үш түн ұйықтамай, монтаж жұмыстарының алаңында бәрі дұрыс шыққанына көз жеткізетінім бар. Тіпті, бірнеше сағат жұмыс істеп, кейін жойылатын жарнамалық өндіріс болса да, бәрі мінсіз көрінуі мен үшін өте маңызды.

Сіздегі мінсіздікке деген құштарлық қайдан пайда болды?

Ата-анам мені идеалға ұмтылуға ешқашан мәжбүрлемеген. Нағашыларым, анам шығармашыл жандар, сондықтан мен әдемілікті бағалайтын адамдардың ортасында өстім, бұл менің гармония мен эстетикаға деген ұмтылысымды қалыптастырды. 

Әкемнің жағы математиктер: әжем – Қазақстанның алғашқы бағдарламашыларының бірі, ал атам – белгілі профессор және математика ғылымдарының докторы. Олар маған ғылымға деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлықты үйретті. Математика мен үшін әрдайым терең мағынаға ие болды – мен оған поэзия, кемелдіктің жүзеге асуы ретінде қарадым.

Бұның бәрі менің біліміме де әсер етті. Мен Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебінде математика және экономика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып, кейін Condé Nast College-те дизайн саласында екінші білім алдым.

Мұндай үйлесім маған эстетиканы және терең ойластырылған техникалық негізді үйлестіретін жобаларды жасауға көмектеседі.

Сіздің шығармашылық үдерісіңіз неден басталады?

Мен ұзақ уақыт ойланып, оқып, жаһандық кейстерді зерттеп, содан кейін бір идеяға келемін. Кейде келесі күні ұйқыдан тұрғанда: «Жоқ, бұл емес» деп, бәрін қайтадан бастаймын.

Кейде бейне, дыбыс немесе сезім сияқты кішкентай нәрсе де жеткілікті. Солардың негізінде бүтін концепция құра аламын. Бұл бастапқы нүкте сияқты, одан әрі тармақтар дами береді. Содан кейін мен мудбордтар, референстер жасаймын, идеяны коммерциялық логикаға сәйкестендіремін. Өйткені ақыр соңында бұл клиентке арналған жоба, ол жұмыс істеп, өнімді алға жылжытуы керек.

Эмпатия шығармашылықта қандай рөл атқарады?

Кейде эмпатия шығармашылықта тым үлкен рөл атқарады, – деп күледі. – Жұмысымды әдемі әрі сапалы етіп орындауға тырысамын. Оның  клиентке, көрермендерге, командаға, яғни барлығына ұнағаны маңызды. Егер мен жобаны әсерлі әрі қымбат емес етіп жасаудың жолын көрсем, сол идеямен міндетті түрде ұсынамын.

Жұмысты мен тек ақша үшін жасамаймын. Менің әсер қалдыратын нәрсе жасағым келеді. Егер нәтиже үшін шекарадан шығу қажет болса, оған да дайынмын.

Менің жұмыс істейтін адамдармен жолым болды. Тек агенттіктегі әріптестермен ғана емес, продакшн – командамен, мердігерлермен, жақсы адамдарға тап болдым. Әр жобада тоқыма цехтары, флористер, декораторлар, мердігерлер – көптеген адамдар қатысады. Олардың бәрі клиентпен келіссөз жүргізіп тұрады. Біз бірге жобаны қызықты, стандарттан тыс, «инстаграмға лайықты» етіп жасау жолдарын ойлап табамыз. Ең бастысы — эксперименттерден қорықпайтын және ерекше шешімдерді қолдайтын пікірлес адамдарды табу.

Tatler Asia

Сіз үшін жобада не маңыздырақ: визуалды сұлулық па, әлде хикая ма?

Шынымды айтсам, мен үшін визуалды сұлулық маңыздырақ. Менің ойымша, барлық нәрсенің міндетті түрде өте терең болуы шарт емес. Әрине, белгілі бір хабарлама берілсе, онда хикаясы мен контексті, сондай-ақ брендтің ДНҚ-мен байланысы маңызды. Бірақ кез келген жерде шамадан тыс күрделілік енгізуді ұнатпаймын. Кейде өнердің өз авторынан да ақылдырақ болатыны туралы айтылып жатады, бұл шынымен де солай.

Бақтияр екеумізде сондай бір жағдай болған. Біз бір инсталляция жасадық, ал көрмеде біреу келіп, біздің ойымызға келмеген керемет терең түсінік берді. Әр адам өнерді өзінше қабылдайды. Ал коммерциялық жобаларда мен үшін оның әдемі және түсінікті болуы маңыздырақ.

Өнер – бұл басқа әңгіме. Онда жұмыс көзге жағымсыз болса да, контекст басты рөл атқарады. Мысалы, Тейт галереясында мексикалық суретші Тереза Марголистің «Ту» атты бір инсталляциясы бар – металл тіреудегі қызыл ту. Егер оның тарихын білмесеңіз, онда ол мәнсіз, тіпті ұсқынсыз боп көрінуі мүмкін. Мұражайдың сауалнамасы бойынша, келушілер осы инсталляцияның жанында ең аз уақыт өткізеді. Бірақ оның күшті үндеуі бар: суретші мексикалық картельдер арасындағы қақтығыстардан кейін қалған қанды жинап, сол қанға үлкен ақ туды ораған. Ол материал ретінде адам азабының іздерін пайдалана отырып, көрінбейтінді көрермендерге ашық көрсетіп, өнер объектісін саяси мәлімдеменің тасымалдаушысы етті. 

Мен файн-арт фотографиясымен айналысқан кезде бір көрмеде осындай жағдай болды: біз белгілі бір мотивациямен жасаған жұмысымызды ұсындық, бірақ көрермендердің бірі оған мүлдем басқа, таңғаларлық терең интерпретация ұсынды. Өте қызық болды.

Менің жұмыстарым әртүрлі реакцияларды тудырды. Кейбіреулер оларды тым симметриялы, мінсіз өңделген, тіпті «глянцевый» деп бағаласа, ал басқаларында олар гротеск элементтерін көрді. Әр адам өнер мен сұлулықты өздігінше қабылдайды.

Сіз өзіңіздің мансабыңыздың дамуын қалай елестетесіз?

Біршама уақыт бұрын мен шығармашылық қызметімді тоқтатқан едім – шабыт болмады, шаршап кеткен едім. Бірақ қазір күш-қуатым қайта оралып, жеке жоба жасағым келіп жүр. Менде қазірдің өзінде идеялар бар, және ең маңыздысы – оларды жүзеге асыруға көмектесетін команда бар.

Продакшн-дизайн саласында мен қызықты сынақтарға және жақсы бюджеті бар жобаларға ұмтыламын. Басқа елдерде де жұмыс істеп, ондағы жұмыс процесі қалай құрылатынын және біздің әдістеріміздің олармен қаншалықты сәйкес келетінін көргім келеді.

Сіздің жүзеге асыруды армандайтын идеяңыз бар ма?

Мен театр, кино немесе концерт алаңдарына арналған декорациялар жасауға тереңірек үңілгім келеді. Әсіресе, кеңістіктің өзгеру әсерін тудыратын, қозғалатын, өзгеретін және бейімделетін конструкциялармен жұмыс істеу қызықты болар еді.

Бұл жылжымалы декорациялар, яғни оларды жылжытуға, алып тастауға, қабаттастыруға болады – техникалық жағынан өте күрделі. Маған әсіресе сахна дизайнының технологиялармен интеграциялануы: жарық, қозғалыс, кеңістікпен өзара әрекеттесу ұнайды. Бұл мені қатты қызықтырады.

Темы