Meta-ның негізін қалаушылардың бірі компанияның болашаққа құрған жоспары, жаңа мүмкіндіктер және фактчекерлерден қалай бас тартқаны туралы әңгімеледі
Марк Цукерберг бейне үндеу жариялап, Meta компаниясы пікір бөлісу бостандығына қатысты көзқарасын өзгертіп, тарихи жаңа кезеңге қадам басқанын айтты. «Әлеуметтік желіні құрғанда адам баласына өз ойын еркін айтуға мүмкіндік беремін деп уәде еткенмін. Бес жыл бұрын Джорджтаунда пікір бөлісу бостандығының маңызы туралы сөз сөйледім. Бұған әлі де кәміл сенемін, алайда соңғы бірнеше жыл ішінде талай нәрсе өзгерді», — дейді америкалық филантроп. Цукербергтің ең маңызды деген тезистерін іріктеп алдық.
Өзгерістердің мақсаты не?
Meta платформаларындағы (Facebook, Instagram және Threads) модерация арнайы әзірленген күрделі жүйелердің арқасында жұмыс істейді. Алайда бұл жүйелерді мінсіз деуге болмайды. Өйткені миллиондаған жарияланым күтпеген жерден цензураға ұшырап, бөгеліп жатады. Өзгерістер әлеуметтік желілерді қолдану ережелерін жұмсартып, модерация қателері санын және цензураны азайту үшін енгізіліп жатыр.
Фактілерді сырттан тексеру бағдарламасы жойылды
Meta өз платформаларындағы сыртқы фактчекинг қызметін жойды. Оның орнына Илон Маскың X атты әлеуметтік желісіндегі функцияға ұқсас Community Notes жүйесі енгізілмек. Енді жарияланымдардағы ақпараттың дәлдігін қолданушылар анықтайды. Сондай-ақ олар контекстіні толықтыру мақсатында ескертпе жаза алады. Әзірше ескертпе жазу мүмкіндігіне АҚШ-та тұратын қолданушылар ғана ие.
Контентке қатысты шектеулер бәсеңдетіледі
Meta иммиграция не гендерлік сәйкестік сынды саяси дискуссия тақырыптарына қатысты шектеулерді бәсеңдетпек. Енді компания контентті автоматты түрде модерациялауды тоқтатып, терроризм, балаларға қатысты қатыгездік, есірткі, алаяқтық сияқты елеулі құқық бұзушылықтарға баса назар аударады.