IMAGE Google DeepMind

Google үй шаруасын екі айтқызбай істейтін Gemini Robotics және Gemini Robotics-ER атты екі гуманоид көмекшісін паш етті

Әлем шығармашылық жұмыстарды атқаратын жасанды интеллектіні бір-бірімен таласа паш етіп жатқанда, Google үй шаруасын екі айтқызбай орындайтын роботтарды дайындап жатыр. Келіндерге рахат болды-ау. 

Google екі түрлі роботты таныстырды. Олар – Gemini Robotics және Gemini Robotics-ER. Gemini Robotics – көру-түсіну-әрекет (vision - language - action: VLA) жүйесімен қатар физикалық әрекеттерді атқара алатын Gemini 2.0 негізінде құрылған гуманоид робот. 

Көру-түсіну-әрекет жүйесіне негізделген роботтар көрнекі деректерді өңдеп, табиғи тілдегі бұйрықтарды түсініп, физикалық тапсырмаларды дәлдікпен орындай алады. 

Ал Gemini Robotics-ER-дың айналада болып жатқан дүниелерді бақылап, мән-жайды түсініп, шешім қабылдау қасиеті бар. Бұл роботтар өз ортасын жақсырақ түсінуге және белгілі бір қозғалыстарды қауіпсіз орындауға көмектеседі.

Екі модельдің де технологиялық тұрғыдан алғанда жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Gemini Robotics тапсырмаларды орындау кезінде 74,5% жетістікке жеткен. Гуманоид роботтар күрделі оригами үлгілерін бүктеумен қоса, түскі асты zip-lock пакеттерге салып, сосын аузын мықтап жауып, аяқ киім бауын байлап, тіпті бұрын соңды кездестірмеген баскетбол добымен «слэм-данк» жасай алатынын көрсеткен. Енді бірінші баланың іші пыспасын деген ниетпен, екінші баланы іле-шала тумауға да болады: Gemini Robotics-ER-мен бірге баскетбол, тығылыспақ ойнауға әбден болады. 

Тағы бір әсерлі мысал. «Бананды мөлдір ыдысқа сал» деген тапсырманы орындау үшін робот екі нысанды да дұрыс анықтап, ыдыстың қозғалып кеткеніне қарамастан, бананды қолына алып, дұрыс орналастырған. Бұл оның динамикалық ортаға бейімделе алу қабілетін айқын көрсетеді. 

Әзірге бұл роботтар зерттелу үстінде. Қашан сатылымға шығатыны белгісіз, бірақ осы бастан ақша жинай берген абзал. Үйде көмекші робот ұстайтын күннің ауылы алыс емес.