Техникалық маман Малика Николаевамен Galentine’s Day, жалғыздық індеті және эмодзи туралы әңгімелестік.
Шетелге қоныс аударып, басқа жұмысқа тұрып, жаңа өмір сатысына қадам басқан жан жаңа достарды қайдан табады? Техникалық маман әрі кәсіпкер Малика Николаева дәл осы жағдайды бастан кешкен екен. Сиднейге көшкен соң, ол ересектер арасындағы достық саналы болуы керек екенін түсініп, орыс тілді әйелдерге (болашақта ағылшын тілі де қамтылады) әлемнің түкпір-түкпірінен қызығушылықтары бір құрбы табуға көмектесетін Frienda қосымшасын әзірлепті. Бір қызығы, қосымша 13 ақпан күні, яғни Әулие Валентин күні баламасы – Galentine’s Day атты әйелдер арасындағы достық мейрамына орай іске қосылды.
Жұмысын бастағанына екі-ақ апта болғанымен, Frienda-да 60 елден жиналған 10 000 қолданушы бар. Ең белсенді елдер қатарына Ресей, Қазақстан және Германия кіреді. Қазақстанда Алматы, Астана және Шымкент қалалары алғы шепте. Мейлі, Нью-Йорк не Денпасар, тіпті Порт-Луи болсын, Frienda әлем бойынша әйелдердің басын қосып жатыр.
Достық еңбекпен келеді
«Қазақстанда достық өздігімен пайда болатын сияқты. Университет, жұмыс, ортақ таныстар бар. Сиднейде мен достықты саналы түрде құрып, ниеттес жандарды тауып, қарым-қатынасты дамытуға күш салу керек екенін түсіндім», – дейді Малика. Дәл осы ой Frienda-ны ойлап табуға арқау болған. Бұл – сенім кеңістігі. Мұнда әйелдер мансап, эмиграция, романтикалық қарым-қатынас сынды тақырыптарды талқылап, уайымы мен жетістіктері туралы әңгімелейді. Frienda-ны жай ғана чат деуге болмайды. Бұл – толыққанды, офлайн кездесулері мен іс-шаралары бар, жанға жақын адамдарды табуға мүмкіндік беретін қоғамдастық. Қазір жоба төртінші итерациядан өтіп жатыр. Маликаның тоқтағысы жоқ.
