DeepSeek стартапы Nvidia, Meta, Microsoft және OpenAI-дың мазасын қашырып, технологиялық алпауыттар әлемінде дүрбелең бастады

Технологиялық нарықтағы дүрбелең дүниежүзі халқын елең еткізді. Бір күнде Nvidia акциялары 17%-ға құлдырап, Уолл-стритте бұрын-соңды болмаған $593 млрд шығынға ұшырады. Microsoft акциялары 2,1%-ға, Dell Technologies акциялары да 8,7%-ға құнсызданды. Бұл дүрбелеңге DeepSeek атты Қытайдың ЖИ стартапы себеп. 

Технологиялық инвестор Марк Андреессен DeepSeek-ті «ЖИ-дің Спутник сәті» деп салыстырған. Андреессен DeepSeek-ті Кеңес Одағының ғарышқа алғаш жіберген спутнигімен салыстырып, оның технологиялық төңкеріс жасағанын меңзейді. 

DeepSeek дегеніміз не?

DeepSeek – OpenAI-дің ChatGPT немесе Google-дің Gemini сияқты ЖИ-і. 

Қытайда бұл стартап беделді университеттердің талантты жас зерттеушілері мен программистерін жұмысқа алып, жоғары жалақы және инновациялық жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігімен қызықтырып, өз қатарына қосқан. DeepSeek-ті дүниеге әкелген кәсіпкер – Лян Венфэн. 

Табыстың кілті неде?

DeepSeek инженерлері өздерінің ЖИ жүйелерін дайындау үшін небәрі 2000 Nvidia чипін пайдаланғанын айтады, бұл әлемдік ірі компаниялардың қажеттілігімен салыстырғанда едәуір аз. Осы саладағы әлемдік алпауыттар 16 000 чиппен жұмыс істейді. 

2022 жылдың соңында OpenAI жасанды интеллект төңірегіндегі бумды бастаған кезде, ең қуатты ЖИ жүйелерін құру үшін миллиардтаған доллар инвестиция қажет деген түсінік үстем болды. Бұл тек Microsoft, Google, Meta сияқты ірі технологиялық компаниялардың мұндай технологияларды дамытуға қауқарлы екенін көрсетті.

Алайда DeepSeek бар-жоғы $6 млн есептеу қуатын пайдаланып, жаңа жүйесін жасап шығарды. Бұл Meta компаниясының соңғы технологиясын әзірлеуге жұмсаған қаражатынан 10 есе аз.

Чат-бот DeepSeek бірнеше күннің ішінде АҚШ-та ең көп жүктелген қосымшаға айналып, технологиялық алпауыттардың мазасын қашырды. Бұл жағдай жасанды интеллектінің жаңа дәуірінде америкалық корпорациялардың ғана емес, басқа да ойыншылардың үстемдік ете алатынын көрсетті.