Опера жұлдызы Аида Гарифуллина бізге дауыс күтімі, армандаған коллаборациясы мен сән-салтанатқа деген көзқарасы жайлы айтып берді.
14 желтоқсанда Almaty Theatre сахнасында аншлаг болып, Қазақстанда алғаш рет концерт қойған Аида Гарифуллина жиналған жұртты өнерімен баурап алды. Венаның мемлекеттік операсының солисі және атақты тенор Пласидо Домингоның «қазіргі және болашақтағы ең тамаша опера жұлдыздарының бірі» деген бағасын алған күміс көмей сопрано алматылық тыңдармандарды елітіп әкетті. Parure Atelier зергерлік бренді ұйымдастырған концертте көрермендер «Богема» операсындағы нәзік Мимиді, күшті Карменді және «Тоска» операсындағы Тосканың мұңын бір сахнадан тамашалай алды.
Біз де бұл мүмкіндікті жібермей, Аидамен Tatler-блиц сұхбатын жазып үлгердік. Концерт аяқталған соң сахна шамдары сөнген, оркестр пюпитрлерін жинап жатқан еді. Ал Аида шаршағанына қарамастан сұхбат бойы жарқырап тұрды. Әңгімемізде дауыс күтімі туралы сөйлестік. Операдан тыс өнер иелерінің қайсысымен дуэт жазғысы келетінін сыр тартып сұрадық. Сондай-ақ заманауи сән-салтанат туралы пікірін білдік.