2024 жылғы Канның үздігі: бюджеті аз болса да, мәні зор кино түсіретін Шон Бейкер
Егер өмір фильм болса, Шон Бейкердің даңққа жету жолы «баяу басталып, керемет аяқталатын финал» жанрындағы шедевр болар еді. Нағыз шебер Голливудта қалыптасқан стандарттарды ұстанбай-ақ, биіктерді бағындыруға болатынын дәлелдеген.
1971 жылы Нью-Джерсиде дүниеге келген Бейкер бала кезінде киноға ғашық болады. Шағын Саммит қаласында өскен ол, Джон Кассаветис сияқты классикалық фильмдер мен режиссерлердің шығармаларынан шабыт алады, баяндамалық өнерге деген құштарлығын арттырады. Жасөспірім кезінде жергілікті кинотеатрда жұмыс істеп, Голливуд классикасынан бастап авангард киноға дейін барлық жанрларды игерді. Кейін Нью-Йорктегі Тиш өнер мектебінде оқып, хоббиін кәсіби салаға айналдыруға мүмкіндік алды. Бірақ ерекше стилінің қалыптасуына шын мәнінде тәуелсіздік пен шындыққа деген шексіз құштарлық сеп болды.
Оның фильмдері бөгде өмірлерді көрсететін терезелер секілді. Секс-жұмысшылар, кедей өмір сүретін адамдар, иммигранттар – кейіпкерлері қашанда осындай қоғамнан оқшау орталардың өкілдері болатын. Бірақ, суреткердің пікірінше, шынайы өмір осы адамдар арқылы беріледі. Ол кино индустриясындағы өз қолтаңбасын, даусы мен стилін ұзақ уақыт бойы іздейді. Бейкер Голливудтың стандарттарынан саналы түрде бас тартты, маргиналды қауымдастықтардың тағдырларына терең үңіліп, әлеуметтік мәселелерді көрсетуге ұмтылды.
