IMAGE Александра Ботез | Instagram: @missbotez

Шахмат ойыны және оның заманауи мәдениеттегі орны туралы пікір бөлісеміз

Шахмат көп уақыт бойы гиктер мен интелектуалдардың клубтарына қамалып алып ойнайтын ойыны болып келді. Sexy титулынан тіпті алыс ойын еді. Алайда танымал мәдениеттегі жағдай басты рөлін Аня Тейлор-Джой сомдаған «Ханшайымның жүрісі» сериалының жарық көруімен күрт өзгерді. Мұнда шахмат рок-н-ролл призмасы — секс, есірткі, қираған қонақүй бөлмелері арқылы көрсетілді. Нақты өмір, әрине, бұдан әлдеқайда қарапайым болғанымен, шахмат әлемі шынымен де өзгерді. Ойын қатал спорт шеңберінен шығып, жарқын кейіпкерлерін, драмасын және миллиондаған жанкүйерлерін ертіп, мәдениет алаңына қадам басты. Шахмат ойынының The New Sexy болу тарихын баяндаймыз.

PogChamps, «Ханшайымның жүрісі»

Қазіргі таңда ең танымал chess.com алаңында 189 миллионнан астам қолданушы тіркелген. Күн сайын 100 мыңнан астам жаңа қатысушы қосылып отырады. Ал тұрақты онлайн қолданушылар саны 200 мыңға жуық. Соңғы бірнеше жылда шахмат ойыны бұрын-соңды болмаған танымалдыққа ие болып жатыр және де chess.com алаңының бұл үрдіске тікелей қатысы бар. 2020 жылдың мамырында алаң Twitch стримерлері арасында PogChamps чемпионатын ұйымдастырды. Қатысушылар арасында кәсіби шахматшы жоқ еді, кейбіреулер тіпті фигуралардың қалай жүретінін білмейтін. Дегенмен миллиондаған көрермен интернет тұлғаларының ойындарын қызыға тамашалады. Мысалы, MoistCr1tikal-дың xQc-ге алты жүріс жасап мат қойған видеосы 19 миллион қаралым жинады. Кейін тағы төрт PogChamps өтті. «PogChamps чемпионатының арқасында шахматқа деген қоғами көзқарас өзгере бастады. Шахмат көңілді ойынға айналды», – дейді алаңның негізгі авторларының бірі Натаниель Грин.

Сол жылдың қазанында Netflix-тің «Ханшайымның жүрісі» сериалы жарық көрді: стриминг тарихындағы ең танымал мини-сериал 11 «Эмми» премиясына, екі «Алтын глобусқа» және басқа да сыйлықтарға ие болды. Аня Тейлор-Джой шахмат әлемінің бейнесіне айналды — әдемі, ақылды, батыл әрі мінезді. Дәл осы кезде chess.com ойыншыларының саны сегіз есе арта түседі. АҚШ-тағы шахмат дүкендері сөрелерінің босап қалғаны туралы хабарлап, сатылымдары 87%-ға өскенін мәлімдейді. Шахматқа қызығушылық танытқан әйелдердің саны артып, кейбірі тіпті кәсіби деңгейде ойнай бастайды. Екінші PogChamps чемпионатының жеңімпазы да әйел адам болды — Hafu лақабатымен танымал Румей Ван.

Tatler Asia
IMAGE Сериал "The Queen's Gambit" | Фото: film.ai

Ботез эффекті

Шахмат ойынының асқан танымалдығы оны мәдениет алаңына шығарды. Әрине, жаңа кейіпкерлерге деген сұраныс пайда болды. Магнус Карлсен қазірдің өзінде GQ, Time, Forbes сияқты лайфстайл басылымдарының жиі қонағы, сондай-ақ G-Star RAW жарнамалық кампаниясының бет-бейнесі. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені Магнус — киімге деген талғамымен ерекшеленетін, тарихтағы ең мықты шахматшы. Оның ізін басқандар да бар, мысалы, Даниил Дубов турнирлерге дәстүрлі костюм емес, Balenciaga жемпірін киіп келеді. Алайда шахмат әлемінің нағыз жұлдыздары кәсіби ойыншылар емес, нағыз жұлдыздар — кейіпкерлер.

Мысалы, апалы-сіңлілі Ботездер. Үлкені Александра бала кезінен шахмат ойнап, WFM (Woman FIDE Master) атағына ие болған. Кішісі ондай жетістіктерімен мақтана алмаса да, олардың ортақ botezlive арнасын Twitch-те 1,3 миллион, ал YouTube-те 1,7 миллион адам қарайды. Қыздардың мансаптарының өрлеуіне екі фактор себеп болды — сырт-келбеті мен жарқын мінезі. Біріншісі алайда екі жүзді қылышқа айналған жайы бар. Александра шахмат әлеміндегі сексизм туралы бірнеше рет үн қатқан болатын: «Көпшілік стримге менің сырт-келбетім үшін келіп, флирт жасауға тырысады. Ойынымды мүлде елемейді». Көпшілік апалы-сіңлілі Ботездерді тек «сырт-келбеті әдемі» қыздар деп қана қабылдайды, олар бұл стереотиппен талмай күресіп келеді. Алайда ашық мәлімдеме жасау не агрессияға барудың орнына қыздар бұл күресті өз-өздеріне деген ирониямен және әжуамен жүргізеді. Александра шахматшы Элизабет Петц туралы былай деген еді: «Ол гроссмейстер атағына ие болған 40-шы әйел болды. Әйелдер арасындағы гроссмейстер емес, нағыз гроссмейстер». Сонымен қатар Ботез өзінің қоғамдағы орны мен рөлін саналы түрде бағалайды екен: «Мен тек шахмат ойнап табыс таба алмас едім. Шахмат контентін жасау, шахматқа қатысты медиа — мұның бәріне, егер әйел адам болсаң, сырт-келбетің де маңызды. Тартымды әйел болу кез келген салада басымдылық береді». Жаңа шахмат медиа әлемінде палы-сіңлілі Ботездерден басқа да көптеген әйелдер — Циюй Чжоу, Jules Gambit, Дина Беленькая, Анна Крамлинг, Анна Рудольф және Нургюл Салимова сынды тұлғалар бар.

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 7 Jules Gambit | Instagram @julesgambit
Фото 2 из 7 Цию Чжоу | Instagram @akanemsko
Фото 3 из 7 Дина Беленкая | Instagram @dinabelenkaya
Фото 4 из 7 Анна Крамлинг | Instagram @annacramling
Фото 5 из 7 Нургюл Салимова | Instagram @nurgyulll
Фото 6 из 7 Анна Рудольф | Instagram @annarudolf_chess
Фото 7 из 7 Александра Ботез | Instagram @missbotez

Ерлер шахматының YouTube және Twitch алаңдары да қарқынды дамып келеді. Әлемдегі ең мықты шахматшылардың бірі саналатын гроссмейстерлер де контент жасауды белсенді түрде қолға ала бастады. Бұл бағытта ең сәтті нәтиже көрсетіп жүрген Хикару Накамура (YouTube арнасында 2,6 миллион, ал Twitch-та 1,9 миллион жазылушысы бар). Қалған шахматшылар бұл бағытқа аз көңіл бөлгендіктен, контенті тым салмақты болып қалып жатады. Осы үрдіс аясында ерекше деуге болатын адам — GothamChess арнасының негізін қалаушы Леви Розман. Леви шахмат ойынын танымал ету туралы пікір бөліскен болатын: «Алдымен Хикару мен PogChamps қана болды. Сосын Хикару, Ботез, PogChamps 2 және chess.com келді. Одан кейін «Ханшайымның жүрісі» жарық көрді. Ал сосын мен келдім». Розман шахматтың танымал болуына әсер еткен басқа жайттарды атап өтсе де, оның контентінің арқасында шахмат әлеміне кем дегенде жүз мыңдаған адам келгені рас. Мұны Wired YouTube арнасы мен оның «Twitter сұрақтары» айдары мысалында тексеріп көруге болады. GothamChess қатысқан видео 8,1 миллион қаралым, ал Флоренс Пью мен Эндрю Гарфилдтің ортақ сұхбаты тек 1,1 миллион қаралым ғана жинаған болатын. Бұл сандарға түсініктеме берудің қажеті жоқ.

Карлсен мен Ниманн арасындағы драма

Заманауи шахматқа спорттық тұрғыдан қарасақ, жағдай біршама мұңды еді. Алайда 2022 жылдың қыркүйегінде өткен Синкфилд Кубогында ерекше жағдай орын алды. Ханс Ниманн Магнус Карлсенді жеңіп, шахмат әлемін дүр сілкіндірді. Бұған дейін Ханс көпшілікке беймәлім ойыншы болатын, ойыны да айрықша назар аударуға тұрарлық емес еді. Осы орайда Карлсен оны алаяқтық жасады деп айыптап, турнирден шығып кетеді. Бұл Карлсеннің мансабында алғаш рет орын алған жағдай әрі шахмат әлемі үшін бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Кейінірек екеуі Julius Baer Generation кубогында кездескенде, Карлсен қара фигураның алғашқы жүрісінен соң-ақ жеңілгенін мойындады. Бұл даулы оқиғада нақты дәлел болмағанымен, Ниман Карлсенді, (ойыншыға бан берген) chess.com алаңын және (дауды белсенді түрде талқылаған) Хикару Накамураны сотқа берді.

Жағдай уақыт өте келе реттелгенімен, Ханс Ниманн шахмат «антагонисті» болып қала берді. Бұл мәртебені Ниманнің өзі қуана-қуана қабылдаған секілді. Карлсен екеуі 2024 жылы Speed Chess Championship жартылай финалында қайта кездесті. Матч алдында берген сұхбатында Ханс өзін батыл әрі сенімді ұстады. Әсіресе GothamChess (Леви Розман) сұрақ қойған кезде гроссмейстер оны сүлікке теңеп, (оғаш қылықтарымен танымал) жаттықтырушысы Владимир Крамниктің арқасында дайындығы жақсы екенін мақтана айтқан болатын. Алайда жарыс барысында Ниманн жеңіліп қана қоймай, үшінші орын талас барысындағы Накамураға қарсы ойында да сәтсіздікке ұшырады.

Шахмат ойынының танымалдығының артуы Қазақстанда да байқалады. Әсіресе кәсіби сахнада. Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат, Әлішер Сүлейменов — Қазақстан шахматының жаңа толқыны. Дегенмен қыздар арасындағы жетістіктер ерекше көзге түседі: Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова. 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасының (FIDE Chess Olympiad) күміс жүлдегері атанды. Мұнда да драма болды. Жансая Әбдімәлік бұл турнирге қатысқан жоқ еді. Жансая туралы сұраққа Бибісара былай жауап берген болатын: «Нәтиже өздігінен-ақ бәрін көрсетіп тұр. Факті — қыңыр нәрсе». Мұның бәрі шахматтың тар бағытты хобби емес екенін көрсетеді. Қазіргі таңда бұл ойын — заманауи мәдениеттің өзіндік рөлдік модельдері мен даулы оқиғалары бар, ажырамас бөлігі. Бұрын шахмат саябақтағы қариялардың ойыны болса, қазір шахмат тақтасы ең сәнді деген барлардың бәрінде бар. Ешкім оған таңқалмайды да, керісінше қызыға қарайды.

Темы