IMAGE Нео Сора (Фото: Айко Масубучи ұсынған)

Аты аңызға айналған музыкант Рюити Сакамотоның ұлы өзінің жаңа фильмі арқылы дара жолын қалыптастырып жүр. Нео Сора әкесінің көлеңкесінен шығып, Голливудтағы алуан түрліліктің «үстіртін» екенін түсіндіреді

Атақты ата-ананың көлеңкесінде өмір сүретін балалар кейде үлкен қысымға тап болады. Нео Сораның әкесі – Азия музыкасының дамуына зор ықпал еткен Жапонияның ұлы музыканты Рюити Сакамото.
Дегенмен режиссер әрі сценарист ретінде Сора өзінің дара жолын қалыптастыруға бекінген. Ол бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді: оның дебюттік Happyend (2024) фильмі «Азия киносының үздік жаңа режиссері» номинациясына ұсынылған. Бұл фильм Golden Horse фестивалінде «Азия киносы шолушысының арнайы жүлдесін» жеңіп алып, Венеция кинофестивалінде көрсетілді.

Happyend – болашақ Токиодағы музыкаға құмар жасөспірімдер туралы хикая. Еркін әрі үмітке толы күндерді бастан кешіп жүрген кейіпкерлер мектептегі авторитаризм мен зілзаладан кейінгі ауыртпалықтарға тап болады.

23 қаңтарда Гонконгта көрсетілетін фильмінің алдында Нео Сора Tatler журналына сұхбат берді.

Happyend фильміне не шабыттандырды?

Фильмге үш жер сілкінісі шабыт берді. Біріншісі – 2011 жылдың 11 наурызында болған Фукусимадағы зілзала. Сол кезде мен АҚШ-та университетте оқып жүр едім. Бұл оқиға қоғамдағы саяси құрылымдар туралы, яғни капитализм мен үкіметтің өзара әрекеті, демократияның шынайы еместігі жайлы ойларды қалыптастырды. Сол кезден бастап антиядролық қозғалыстарға қатыса бастадым.

Маған әсер еткен екінші жер сілкінісі – 1923 жылғы Канто аймағында болған аса ірі зілзала. Бұл апатқа өрттер негізгі себеп болды, бірақ нәубет кезінде кәрістердің жаппай қырылғанын көп адам білмейді. БАҚ, полиция және үкімет кәрістер құдықтарды улап, үйлерді өртеді деген қауесет таратты. Өздерін қорғау үшін жапондар өзара топтасып, кәрістерді өлтіре бастады. Бұл оқиғада 6000-нан астам кәріс, сондай-ақ қытайлар мен жапон диалектінде сөйлей алмаған кейбір жапондар қаза тапты.

Үшінші жер сілкінісі – метафоралық. Жылда бізге Токиода тағы бір үлкен жер сілкінісі болатыны жайлы айтылады. Бірақ ол нәубет әзірге келе қойған жоқ. Егер біз Жапониядағы отарлық зомбылық түрінде көрінетін нәсілшілдік пен ксенофобияның түп-тамырын қайта қарастырмасақ, келесі жер сілкінісі болғанда не болмақ?

Мен осы ойларды және өзімнің орта мектеп пен университеттегі саяси белсенді шақтарымдағы естеліктерді бір арнаға тоғыстырдым. Сол кездегі достарыммен арамыздағы қақтығыстар мен алшақтықтар түсіну мен қабылдау және оларды өткеру өте қиын болды. Сол сезімдерді фильм арқылы жеткізгім келді.

Tatler Asia
IMAGE «Happyend» фильмінен алынған кадр | Фотo: Edko Film
Tatler Asia

Авторитаризм мен әлеуметтік-саяси жағдайларды қозғау сияқты нәзік тақырыптарды қалай жеткіздіңіз?
Жапонияда сөз еркіндігі әлі де бар. Фильмге жапон үкіметінің мәдени гранты бөлінді, бірақ біз ешқандай цензураға тап болған жоқпыз. Меніңше, Жапониядағы цензураның басым бөлігі өзін-өзі шектеуден туындайды, себебі кейбір мазмұнның тым саясиланып немесе дау тудыруы мүмкін екенінен қорқады.

Фильмде жапондық көзқарас басым ба әлде батыстық көзқарастың бәсі жоғары ма?
Мен АҚШ-та туып-өстім. Фильмдегі кейбір достардың бір-бірімен қарым-қатынасы менің өзімнің АҚШ-та қалыптасқан саяси көзқарастарымнан құрылған. Осы тұрғыдан алып қарағанда, менің көзқарасым Жапониядан ешқашан шықпаған жапондықтың көзқарасынан өзгешелеу болуы мүмкін.

Бірақ фильм арқылы «жапондық дегеніміз не?» деген сұрақты қоюды көздедім. Бүгінгі таңда кейбір адамдар жапонға ұқсамауы мүмкін, бірақ Жапонияда өсіп, менен асқан жапондық болуы мүмкін. Сондықтан «жапондық» пен «шетелдік» деген ұғымдар алуан түрлі деуге келмейді және оларды қалауыңызға орай қолдануға болады.

Фильмді қалай түсіре бастадыңыз?
Менің ата-анам да, достарым да фильмдерді жақсы көретін. Нью-Йоркте орта және жоғары мектепте оқыған кезде достарыммен бірге мектептен қайтар жолда кинотеатрға кіріп кететінбіз. Алдымен мен университетте лингвистика мамандығын таңдадым, бірақ профессорым зейнетке шыққаннан кейін философия мен киноға ауыстым. Мен сурет салғанды, музыканы және фотографияны жақсы көрдім. Осы қызығушылықтардың барлығын кино арқылы біріктіруге болатынын түсіндім.

Tatler Asia
IMAGE «Happyend» фильмінен алынған кадр | Фотo: Edko Film
Tatler Asia

Сізге қай режиссерлер әсер етті?
Алдымен, неміс режиссері Вернер Херцогқа ғашық болдым, әсіресе оның «Агуирре, Құдайдың қаһары» фильміне. Кейінірек өзім үшін тайваньдық режиссер Эдвард Янды аштым. Университетте классикалық Голливуд киноларына қарсылық көрсеткеніммен, кейін Эрнст Любич пен Альфред Хичкок секілді режиссерлердің ықпалынан классикалық фильмдерді де жақсы көріп кеттім.

Ата-анаңыз сіздің мансабыңызға әсер етті ме? Сіз әкеңіз туралы көп айтпайсыз, соның себебі бар ма?
Көптеген сұхбаттарда журналистер әкемнің Happyend-ке әсерін тым көп айтып, фильмді оның музыкасы арқылы бағалайды. Алайда фильмнің композиторы – Лиа Оуян Русли. Менің әкемнен гөрі, оған Джо Хисаишидің өнері жақынырақ.

Дегенмен ата-анам маған кино мен музыка әлеміне жол ашты. Олар фильмдерді жақсы көретін және маған да осы махаббатын дарытты.

Tatler Asia
IMAGE «Happyend» фильмінен алынған кадр | Фотo: Edko Film
Tatler Asia

Фильм саласында қандай өзгерістерді көргіңіз келеді?
АҚШ немесе Еуропада Азия халықтарының үн қосатын кездері болады. Бірақ белгілі бір дәрежеде бұл әлі де үстіртін. Голливуд құрылымдары азиялық кинолар мен дауыстарды қаржыландырып жатыр, өйткені олар Parasite немесе K-pop сияқты табыстардың арқасында бұл нарықтың тартымдылығын түсінді. Бір жағынан, бұл оң нәтиже береді, өйткені АҚШ пен Еуропадағы көрермендер азиялық оқиғаларды ашық қабылдай бастады. Бірақ, екінші жағынан, егер қаржылық құрылымға қарасақ, шешім қабылдаушылар – әлі де ақ нәсілді адамдар. Олар енді «әртүрлі дауыстардың» нарықта тартымды екенін түсінді. Голливудтың Marvel фильмдерінде кем дегенде бір қытай кейіпкерінің болуына Қытайдың үлкен нарық екенін түсінуі себеп деп ойлаймын. Сондықтан шешім қабылдауды нарықтық динамика басқарады. Мұны шынайы әртүрлілік деп ойламаймын.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Менде бірнеше идея бар. Көбі жапон кейіпкерлерімен байланысты. Мен комедияны жақсы көремін, сондықтан адамдарды күлдіретін фильмдер түсіруді жалғастырғым келеді.

Забрина Лоның бұл мақаласы алғаш рет 2025 жылдың 21 қаңтарында ағылшын тілінде жарияланған, Tatler KZ үшін қазақ тіліне 2025 жылдың 21 қаңтарында аударып, жаңартқан – Адиса Кин.

Темы