«Қазақстандық әйелдер неге ажырасады?» деген сұраққа жауап табу үшін алты әйелмен сұхбаттастық
Қазақстанда той – жай ғана рәсім емес, бүкілхалықтық манифест. Ақ көйлек, лимузин, беташар – бәрі Instagram үшін емес, бақыттың дәлелі іспетті. Бірақ неге біз той тойлауға құмармыз да, ал некелескен бақытты жандар рейтингі бойынша көш соңындамыз, яғни ажырасу бойынша әлемдегі екінші елміз?
Оттай ыстық махаббат пен «бір жастықта бірге қартаямыз» деп армандап қосылған жастар қай кезде қателікке бой алдырады? «Сүйіп қосылдық, бірақ…» деп басталатын мыңдаған оқиғаның ар жағында не жатыр?
Мемлекеттік статистикаға сенсек, ажырасуға қатысты ең жиі көрсетілетін себептер мыналар: опасыздық (61%), туыстардың араласуы (61%), зорлық-зомбылық (51%) және тәуелділік – алкоголь, есірткі, құмар ойын (48%). Ал 50 жыл бойы қарым-қатынас феноменін зерттеген профессор, психолог Джон Готтманның айтуынша, ажырасуға итермелейтін «төрт салдарды» мыналар: бір-бірін сынау, менсінбеу, қорғаныс реакциясына түсу және диалогтан қашу.
Қазақстандық әйелдердің неге ажырасатынын білу үшін Адиса Кин алты қазақстандық әйелмен ашық сұхбаттасты. Олар кемінде 5 жыл отасқан. Біздің кейіпкерлеріміздің басым бөлігі 20 мен 30 жас аралығында тұрмыс құрған. Бұл – жай ғана көңілсіз оқиғалар емес, мұң мен қайғыға толы өмір өткелдері. Кей кейіпкерлер бұрынғы күйеулерінен қашып, дағдарыс орталықтарына бас сауғалауға мәжбүр болған. Қауіпсіздік мақсатында барлық есімдер өзгертілді.
«Басында бәрі романтика еді…»
Біздің кейіпкерлеріміз басында махаббат пен сүйіспеншілікке сенген. Көпбалалы, бақытты отбасы болуды армандаған. Бірақ уақыт өте келе сценарий Голливудтың happy end-не ұқсамады.
Сәуле: «Неке маған удай әсер етті».
30-дан кейін тұрмыс құрған Сәуле күн сайын сүйікті адамының қасында оянып, өзін сүйікті әрі қажетті сезінуді армандаған.
«Күйеуімнен кетер кезде бірнеше ай бұрын ғана психологиялық зорлық дегеннің не екені туралы оқып-біле бастадым. Некеде бақытты емес екенімді біле тұра, жан дүниемде болып жатқан өзгерістерді нақты ұға алмадым. Күйеуім күн сайын қадір-қасиетімді түсіріп, айла-шарғылар арқылы маған түрлі ой салатын. Мұның бәрін тек кейін түсіндім. Бәрі өзгереді деген үмітпен жүре бердім. Бірақ уытты қарым-қатынас жайлы көбірек оқыған сайын, дәл осындай ортада балаларымды өсірудің дұрыс емес екенін түсіндім. Күйеуім мені «ұрамын» деп қорқытқан күн шешуші сәт болды. Содан кейін екі ай ішінде бұл қарым-қатынасқа нүкте қойдым.
Абьюзердің ең күшті қаруы – өзіңді кінәлі сезіндіру. Күйеуім: «Маған күйеуге шыққаныңа шүкір ет, басқа біреу болса, баяғыда өлтіріп кетер еді» немесе «Сені тек мен ғана сүйемін, тіпті туғандарың да сені жақсы көрмеген», – деп айтатын. Бірақ мен бұл сөздердің қаншалықты у екенін кейін ғана аңғардым».
Меруерт: «Ол менің өз-өзімді бағаламауыма себеп болды»
21 жасында ес-түзсіз ғашық болып, тұрмыс құрған Меруерттің айтуынша, қарым-қатынас уытты болғанын өзі де бірден аңғармаған.
«Бәрі жинала келе пайда болған әсерден басталды. Күйеуім үнемі менің сырт келбетімді сынап, «қолыңнан түк келмейді» деп айтатын. Мен оған ұзақ уақыт бойы сеніп, өзімді кінәлайтынмын. Оның өзге біреумен ашық түрде көңіл жарастырып жүргенін білген сәттен соң көзім шайдай ашылды».
Салтанат: «Әкемнен көрмеген жылуды күйеуімнен күттім».
22 жасында тұрмысқа шығып, бір жылдан соң ана атанған Салтанаттың арманы өзара түсіністікке негізделген жақсы отбасы құру еді.
«Іштей әкемнен көрмеген тірек пен жылуды күйеуімнен күткен сияқтымын. Бірақ бәрі оның шешесінің кеңестеріне бағынып, уәделерін қайта-қайта бұзған сәтінен басталды. Әрбір талқыдан кейін де үміттене сенетінмін. Бірақ ол сосын өз жақындарымен, әсіресе шешесімен сөйлесіп келген соң, күрт өзгеріп сала беретін, солардың кеңесімен әрекет ететін. Сол кезде «әзірге шыдай тұрайын, аяққа нық тұрған соң кетемін» деген шешімге келдім. Қызымыз беске толғанда ажырастым».
Әсел: «Сезім суып, көмескі тартып кетті»
27 жасында тұрмыс құрған Әсел күйеуімен 11 жыл бірге өмір сүрген.
«Басында қарым-қатынасымыз мінсіз болатын. Мен үшін некеге бір-бірін саналы түрде таңдаған, тең құқылы және тәуелсіз екі адам тұру керек. Міндеттер мен рөлдерді өмірлік жағдайға байланысты икемді түрде бөлісу керек, тек «әйел мынаны істеуі керек», ал «еркек ананы істеуге тиіс» деген ескі ұстанымдармен өмір сүруге болмайды.
Бір кездері некеміз мінсіз болды, бір-бірімізге барынша қолдау көрсеттік. Мен өз мансабымда жетістікке жеттім, күйеуім маған қолдау білдірді. Бірақ уақыт өте келе түсініспеушіліктер көбейді. Пандемия, елдегі өзгерістер, отбасылық қиындықтар – бәрі жүйкемізді жұқартты. Екеуіміз де шаршадық. Соңғы жылымыз ажырасуды талқылаумен өтті. Ақыры кезекті жанжалдан кейін шешім қабылдадық».