IMAGE Фотограф: Тимур Омуралиев

Қазақ оюларындағы киелі таңбалар мен олардың қате қолданылуы туралы суретші Лейла Махатпен сұхбаттастық.

Қошқармүйіз, көкорай, ботакөз... Әр иірімінде тұтас әлем жасырынған қазақ оюларының атауларын оқып отырып, сан ғасырлық даналық пен киені сіз де сезетін шығарсыз. Қазақ өрнектерін зерттеу және жинаумен 40 жылдан астам уақыт айналысқан өнертанушы Ғани Иляев: «Ою-өрнек бәрін жеткізеді. Қуаныш пен мұңды, махаббат пен бақытты айқын бейнелей алады. Онда қазақтың айналасындағы дүниенің бәрі көрініс табады», – деген. Ою-өрнектердің құрылымынан, түсінен, сипатынан да осыны байқауға болады. Бүгінде бұл өрнектер киімнен бастап сәулет өнеріне дейін кеңінен қолданылады. Алайда олардың шынайы мағынасы мен дәстүрлік мәні жайлы ойланып жататындар аз. Осы тақырыпта біз Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, суретші әрі куратор Лейла Махатпен әңгімелестік.

«Қазақтың ою-өрнегі – жай ғана сәндік элемент емес, символ тілі, – деп түсіндіреді Лейла, – әрбір ою белгілі бір рудың, адамның әлеуметтік мәртебесінің, дүниетанымының және түрлі құбылыстарға қарсы қорғанысының көрсеткіші болған. Ою арқылы адамның қай өңірден немесе қай рудан шыққанын білуге болатын, ал өрнектің күрделілігі мәртебе мен жастың үлкендігін білдіретін. Кейбір өрнектер тылсым күштерден қорғайтын тұмар қызметін атқарды. Мысалы, өңірлермен байланысына тоқталар болсақ, Батыс Қазақстанда қатаң геометриялық пішіндер басым келсе, оңтүстікте гүлді мотивтер кең тараған, ал Орталық Қазақстанда табиғат пен жан-жануарларға қатысты өрнектер жиі қолданылған».

Әрбір ою терең мағынаға ие: космогониялық өрнектер күн, ай, жұлдыздар арқылы ғаламның құрылымын сипаттаса, рулық белгілер атадан балаға мұра болып, ұрпақтар сабақтастығын білдіретін. Ал тұмарлық белгілер көз тию мен жаман рухтардан қорғайтын.

«Ең қуатты символдардың бірі – «қошқармүйіз», ол күш-қуатты, қорғанысты және молшылықты бейнелейді. Ғалым, археолог және шығыстанушы Әлкей Марғұлан «Қазақ халқының қолданбалы өнері» атты кітабында Ескендір Зұлқарнайын жайлы айта келіп, оның «қос мүйізді» атануы жайдан-жай емес екенін жазады. Ежелгі Орта Азия мен Қазақстан аңыздарында қошқар билік пен қуаттың символы саналған. Осы себепті көне дәуірдің жауынгерлері қос қошқармүйіз бейнеленген бас киім киген. «Түйетабан» төзімділікті білдірсе, «ботакөз» көз тиюден сақтайтын белгі болған», – дейді Лейла Махат.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Қазіргі заманның қателіктері

Өкінішке қарай, бүгінгі күні қазақ оюларының түпкі мәні жоғалып, бұрмаланған қолданыстар жиі кездеседі. Лейла «қошқармүйіз» өрнегін мысалға келтіреді: «Бұрын бұл өрнек күш пен байлықтың нышаны болған, ал бүгінде оны мағынасына үңілместен, бей-берекет қолданады. Мұндай бұрмалаушылыққа жаппай өндіріс, ою үйлесімін түсінбеу және коммерцияландыру себеп».

Суретші «көкорай» өрнегін де ерекше атап өтеді: «Бұл өрнек жастық шақ пен жаңа өмірдің символы болған. Ол ер адамның бас киімінде қолданылғанын көргенде таң қалдым. Өйткені бұл өрнек бұрын жас қыздардың киімін, әшекейлерін, үй тұрмысына арналған бұйымдарын безендіруге арналған еді. Ол тазалық пен жаңаруды бейнелейтін. Тіпті оюдың атауы да ерте гүлдейтін көктем гүлі бәйшешекпен байланысты», – дейді ол. Мұндай келеңсіздіктер білместік не мәдени дәстүрлерді елемеудің салдары болса керек.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Кейде мұндай бұрмалаулар тіпті ызаңды келтіреді. «Қазақ оюларының қоқыс жәшіктері мен бір реттік ыдыстарда қолданылғанын көргенде, оның киесіне нұқсан келгенін сезіндім. Оюлар тек коммерциялық сәндік элемент емес, өнер мен мәдениеттің бір бөлігі болуы тиіс», – дейді Лейла. 

Мәселен, 2016 жылы Алматы әкімдігі қала бойынша және саябақтарда тұратын қоқыс жәшіктеріне «арқармүйіз» және «қошқармүйіз» өрнектерін қолданды. Олар бұл арқылы қаланың бірыңғай стилін қалыптастыруды және вандализмге қарсы тұруды көздеген. Бірақ бұл шешім дәстүрлік мағынаны ескерместен қабылданған.

Тағы бір мысал: арнайы бас киімдерге арналған оюларды басқа киімдерге қолдану. Мысалы, «ит құйрық» өрнегі ешқашан бас киімдерде қолданылмаған. Себебі дәстүр бойынша мұндай оюдың орналасу орны ерекше мәнге ие. «Жауың сенің кеудеңнен жоғары көтерілмесін» деген ниетпен өрнектелетін болған.

Өнертанушы Ерлан Қожабаевтың айтуынша, өмірдің тоқтауын білдіретін өрнектер де бар. Өкінішке қарай, мұндай оюлар тірі адамдарға арналған бұйымдарда қате қолданылып жатады. Мысалы, сағат тілімен бағыттас өрнектер – өмірдің символы, ал кері бағыттағы өрнектер о дүниені бейнелейді. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі свастикалардың барлығы кері бағытта салынған, бұл – ата-баба рухының Тәңірмен бірге екеніне сенімнің белгісі.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Дәстүр мен жаңашылдықтың үндестігі

Лейла қазақ оюларын қолданудағы саналы көзқарастың маңыздылығын атап өтеді: «Оюларды дұрыс үйлестірмеу, дәстүрлі және ислами мотивтердің араласуы, символиканы түсінбеу – бәрі мәдениеттің жоғалуына әкеледі».

Қазіргі заманның талабы басқа: оюлар басқа мәдени элементтермен араласып, минималистік стильде жаңаша көрініс таба алады. Әрі қазақтың төл оюларына шетелде де қызығушылық артып келеді. Көптің назарындағы «Неономадизм» дәстүрлі өнер мен цифрлық технологиялардың тоғысуы арқылы қазақ өрнектерінің жаңа форматта қайта жандануына бастап келе жатыр.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Лейла ою-өрнектеріміздің заманға сай бейімделуі қажет екенін мойындайды, бірақ түпнұсқаны да сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті: «Көркемдік қуаныш үшін оюдың мәнін жоғалтпауымыз керек. Бұл өрнектер – біздің өткенімізбен байланысымыз, мәдени кодымыз, бабалар ізі. Егер оны сақтамасақ, заманауи трендтер ағынында жоғалып кетеміз. Әрбір ою – ата-бабаларымыздың үндеуі, біз оны түсініп, келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет», – дейді Лейла.

Темы