IMAGE «Приговор» фильмінен алынған кадр | Кинопоиск

Сценарист Полина Качалина әріптестерімен қазақстандық кино және саладағы әйелдердің рөлі туралы сұхбаттасты.

Ұзақ уақыт бойы қазақстандық кино әлемінде әйел қауымына деген көзқарас ерлер тарабынан ғана бағамдалып келді. Индустрияда әйел мамандар көбейіп келе жатқаны – қуантарлық жайт. Сондықтан да ескі оптиканы ауыстыратын кез келіп жетті деуге болады. Сценарист Полина Качалинадан түрлі продюсерлермен, режиссерлермен және сценаристермен сұхбаттасуды сұрадық. Әйел мамандар өзекті мәселелерді анықтап, Қазақстан кинематографының трансформациясы, салада әйелдер тап болатын қиындықтар, тауашалық (артхаустық) киноның ерекшеліктері және таптаурынды кейіпкерлерден арылу керектігі туралы әңгімелеп берді.

Tatler Asia

2005 жылы тәуелсіз продюсер болып бастағанда айналамдағылардың бәрі ерлер болды. Олардың құрметі мен сенімі үшін күресуге тура келді. Бұл бизнестегі көптеген әйелдердің басынан өткен жағдай деп ойлаймын. Продюсерлік және режиссерлік мансап ерлерге тән болып есептелетін. Әйелдер де, олардың хикаялары да аз болды. Ерлер көзқарасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, әйелдерге де, ерлерге де сіңіп үлгерді. Америкада, Еуропада әйелдер кино түсіре алғанымен, оларға ірі бюджет сеніп тапсырылмайтын.

Қазір киноиндустрияда әйелдердің дәурені жүріп тұр. Ірі фестивальдерде жеңіске жетіп, касса жинап жатқандар да – әйелдер. Мысалы, Жюстин Трие, Жюли Дюкурно, Мати Диоп. 2023 жылдың АҚШ нарығындағы ең табысты фильмін Грета Гервиг түсірді. Хлоя Жаоның жақында ғана үздік фильм атанып, «Оскар» алған фильмі де әйел хикаясын баяндайды.

Кино әлеміне де сіңген патриархат жойылып барады, алайда Қазақстанда бұл үрдіс баяу жүріп жатыр. Әйелдер туралы хикаялар әзірше аз. Орталық Азиядағы әйел тағдыры тақырыбы талқыланбағанына біраз жыл болды. Бұл жағдай міндетті түрде өзгереді. Әйел режиссерлер мен продюсерлер көбейіп келеді. Шәрипа Оразбаева, Айжан Қасымбек, Катерина Суворова, Жаннат Алшанова, Ольга Коротько, Әсел Аушакимова сынды мамандар ғажап кино түсіріп, ірі халықаралық алаңдарға Қазақстанның атынан барып жүр.

Бастысы – шектеу қоймау. Кейде әйелдер әйел адам туралы, ал ерлер ер адам туралы фильм түсіруі керек деп те айтып жатады. Сіздің сегіз қырлы, бір сырлы екендігіңіз критерий болмау керек. Сондықтан да салаға әйел режиссерлер, сценаристер, продюсерлер, операторлар, композиторлар көптеп келсін деймін. Кинематограф қайта жайнай түседі.

Tatler Asia
IMAGE «Бақыт» фильмінен алынған кадр | Кинопоиск
Tatler Asia

Біздің кинематографта табысты арулар бар. Алайда әйел режиссерлерді алатын болсақ, олар негізінен авторлық кино түсіреді. Бұл – қиын, қаржы құйылмайтын сегмент. Мұндай хикаялар нақты бір аудиторияға ғана бағытталады. Сол себепті режиссерлер «Инвесторға қанша ақша қайтара аламын?» деген ойдан арыла алмай жүреді. Мемлекет те сыйлық беруден шаршады.

Сондықтан бойжеткендердің жанрлық киноны қарастырғаны абзал. Бүл сегмент авторлық бэкграундты толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нарық ойыншылары қазіргі кезде адамдар ақша төлеп көретін entertainment түсірген жөн екенін түсінуі керек. Негізгі көрермен Netflix не HBO сынды жанрлы хикаялары мен сериалдары бар платформаларға бет бұрғандықтан, олармен теңесуге тура келеді. Әйел режиссерлермен бірнеше рет жұмыс істеп көрдім. Оларға тапсырыс бойынша жұмыс істеу, команда мен продюсерге құлақ асу қиынға түсті. Сол себепті біз әйелдер туралы хикаялар әйел сценаристердің қаламынан шыққанын қалаймыз. Алайда олар да көп емес. Қазақ кинематографында касса тұрғысынан табысты жанрлық кино түсіреді-ау деген әйел режиссер жоқ болып көрінеді. Әзірше біз шығармашылық жағынан мықты әрі көпшілікке қызық болатын арт-мейнстрим түсіре алмаймыз. Уақыт өте келе бұған да жетіп, кинода әйелдер саны көбейе түседі деп ойлаймын.

Бұл – ұзақ әрі азапты жол. Режиссер не продюсер бола салу мүмкін емес. Жалпы тұлға болып қалыптасу үшін көптеп қателік жіберіп, тәжірибе жинау керек. Әрине, «жоқ» сөзін мыңдаған жерден есту тәуекелі бар, рас. Алайда біздің кинода ерлер де қиналып жатады. Гендерлік айырмашылыққа баса назар аударудың қажеті жоқ. Мұнда қаржыландыру, нарық қажеттіліктері, істің сәті сынды басқа да факторлар бар.

Нарығымыз да аса дамыған деуге келмейді: бізде арнайы қорлар, платформалар, дистрибуция жоқ. Индустрия жүйеленіп, мамандар пайда бола бастағанда, біз де қазақстандықтарға да, әлемге де қызық сценарий жазып, өнім шығаруды қолға аламыз.

Tatler Asia
IMAGE «Приговор» фильмінен алынған кадр | Кинопоиск
Tatler Asia

Былтыр жазда Қазақстанда жаңа платформалардың біріне арнап қызық жоба әзірледім. Ол – «Ұлжан» сериалы. Жобаның бірегейлігі сол, команда тек әйелдерден құралды (бас және креативті продюсерлер, режиссер, сценарий авторы). Сериал музыкалық индустрияда өз жолын іздеген әйелдің хикаясын баяндайды, яғни бұл – әйелдердің әйел туралы жазған хикаясы. Жұмыс барысында, әрине, Қазақстан кинематографистеріне ортақ қиындықтарға тап болдық. Алайда гендерге қатысты бірде-бір проблема болған жоқ.

Өз басым киноны ерлер, әйелдер, қазақстандық, ресейлік, бразилиялық, қытайлық деп бөлмес едім. Кино – ұлттық және гендерлік таптаурындардан жоғары тұратын өнер. Кино әлемінің кілті кино түсіргісі келмейтіндерге, еріншектерге, қиындықтан қорқатын жандарға бұйырмайды. Оған тек жүрегінде жалыны, айтары бар адамдар жетеді. Жыныс пен ұлтқа қатысы жоқ жайт.

Қазақстандық кино әйелдер үшін қаншалықты қолжетімді кеңістік? Кеңістік – біреу ашатын нәрсе емес. Оны біз өз қолымызбен құрастырамыз. Шынымды айтсам, кинода әйелдерге қатысты таптаурындарды кездестіріп көргенім жоқ. Басқа өмір салаларында бар, иә, бірақ мен олармен күресіп жатпаймын. Назар аудармай-ақ, өз ісіммен айналысып жүре беремін.

Tatler Asia
IMAGE «Преподы на всю голову» фильмінен алынған кадр | Кинопоиск
Tatler Asia

Соңғы кезде әйел адамның көзқарасын қажет ететін хикаялар жөніндегі сауалдар көптеп түсіп жатыр. Қазақстанда әйелдер жазған сценарийлер бойынша түсірілген кинолар да көбейіп келеді. Алайда бұлар – әдетте әйелдер туралы не тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильмдер. Қазақстанда коммерциялық комедияларды ерлер түсіреді. Нарықта әйел сценаристердің табысы нашар. Әйелдер тіпті екі-үш есе аз табады деуге болады.

Меніңше, біздің кинода қазір екі түрлі әйел кейіпкер бар. Комедиядағы әйел міндетті түрде бас кейіпкердің сүйген жары болады. Әйел керісінше бас кейіпкер болса, оның сүйген ері болады. Архетиптер: әдепті қыз, мінсіз жар, келіншек, ана, еш кемшілігі жоқ жан. Ал егер фильм тұрмыстық зорлық-зомбылық не кемсітушілік туралы болса, бас кейіпкер періштеге айнала кетеді. Әйел кейіпкердің кемшіліктері болса, оны жағымсыз қылып көрсетеді.

Жалпы алғанда, біздің кинодағы әйел кейіпкер өзіндік мінезі бар жеке тұлға болып құрылмайды. Не жақсы, не нашар болады. Әйелдерді шынайы түрде, сондай-ақ сексуалдық тұрғысынан айқындау қажет. Өз басым кейіпкерді осылай жазғым келеді. Бірақ мұндай фильмді кинотеатрда көрсетпейді, өйткені біздің кинематограф нағыз әйелді, оның болмысын қабылдай алмай жүр.

Меніңше, біз бұл шектеуден жаймен шыға бастаймыз, өйткені көрермен де «тоя бастады». Болашақта күрделі хикаялар көп болады. Сауатты әрі дарынды сценаристер – әйелдер де, ерлер де көбейе түседі. Уақыт өте келе адамның жынысына емес, оның біліктілігіне қарайтын боламыз.

Tatler Asia
IMAGE Aool House фильмінен алынған кадр | Кинопоиск
Tatler Asia

Актерлік мансап жолында ә дегеннен бір типті рөлдер ұсынылды: не көңілдес, не тоқал, не ажырасқан көкбет әйел. Қазақстандық кино мен сериалдардағы әйел көп жағдайда жай ғана функция қызметін атқарады. Әйел адамның отбасынан тыс өмірін айқындайтын қазақстандық фильм жоқтың қасы. Бірнәрсе қайталана береді.

Осыған байланысты мен ер әріптестерімнен, сценаристерден, режиссерлерден: «Осы біздің кинода әйелдер неліктен аз?» – деп сұраймын. Басқа әйел кейіпкерлер қайда? Олар: «Білетін нәрсемді жазамын», – деп жауап береді. Рас қой, негізі, ер адам жазған киноны көргенде біз белгілі бір көзқарастың әсеріне тап боламыз. Сол себепті бізге әйел авторлар, әйелдердің хикаялары керек. Мұның бәрі біздің, яғни көрерменнің дүниетанымын кеңейтеді.

Қазақстандық кинодағы female gaze-ге қатысты жағдай жақсарып келеді. 2024 жылы халықаралық кинофестивальдерге қатысқан әйел режиссерлердің саны рекордтық деңгейге жетті. Жаһандық тенденцияның арқасында бұл есік біз үшін де ашылған сияқты. Алайда продюсерлер бізге әлі де сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан, меніңше, индустриядағы әйелдер, әсіресе ақиқат пен қиындықтар жөнінде хабардар, табысқа жеткен әйелдер бір-біріне көмектесуі керек. Әйел әйелді түсініп, қол ұшын бере алады. Мен бұған кәміл сенемін, сондықтан да қазір әйел авторлармен, режиссерлермен, соның ішінде мансап жолына енді түскен жандармен бірге жұмыс істеймін. Коммерциялық әрі ұлттық кино түсіретін әйел режиссерлер мен сценаристер көп болсын, кинематографымыздан әйелдердің үні шықсын деймін.

Tatler Asia
IMAGE «Қаракөз» фильмінен алынған кадр | Кинопоиск
Tatler Asia

Біздің кинода күрделі әрі жаны терең әйел кейіпкерлер жоқ. Бір қарағанда, жағдайды өзгерту үшін күрделі әрі жаны терең кейіпкер ойлап табу жеткілікті болып көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің түйіні онда жатқан жоқ. Бізге жай ғана өзгеріс емес, тектоникалық қозғалыс қажет.

Біріншіден, еліміздегі хикаяларды қысылмай, цензурасыз баяндағысы келетін әйелдерге қаржылық көмек көрсету керек. Екіншіден, бізге әйел кейіпкерлерді объективтендірмей, өз кинолары аясында әйелдерге басты рөлдер ұсынып, бірегей образдарды құнттап көрсете алатын ерлер қажет.

Тоз-тозы шыққан бас кейіпкердің әйелінің рөлі бірсарынды, қызықсыз әрі жансыз болуы шарт емес. Оны амбивалентті, жан-жақты, бірегей қылуға болады ғой. Өзіме де, таныс актрисаларға да әйел кейіпкерінің образы таптаурын мен штамптан құралған сценарийлер жиі келеді. Кейіпкердің түр-тұрпаты мен әлеуметтік рөлін айтпаймын (бұл да бір үлкен проблема). Оның ішкі дүниесіне, мінезіне, күрделілігіне, сексуалдығына нұсқап тұрмын. Поп-психологияда «Әдепті қыз образынан қалай арылуға болады?» деген бейнероликтер көп. Дәл осындай видеоны Қазақстандағы әйел кейіпкерлердің әдептілігі мен қарабайырлығы туралы да түсіру керек.

Байқауымша, қарабайыр рөлдердің көбін ер режиссерлер жазады. Индустрияда таптаурын образдарды қолдайтын әйелдер де бар. Сондықтан мен мұның бәріне гендерлік призма арқылы емес, актрисалар мен актерлер үйде оқып, толқып, оларды түн ұйқысынан айыратын сценарий жазу тұрғысынан қараймын. Олардың қағаз бетіне түскен мәтінді түсірілімге екі сағат қалғанда жаттап, қарапайым ғана кейіпкердің рөлін сомдап, ұмытып, ұялып, одан да нашар рөлдерді алғанын қаламайын.

Бірнеше жыл бұрын мен қызық рөлді күтуден шаршаған соң, кино түсіремін деп шештім. Қазір Фасбиндердің өзі түсе алмаған (аңыздарға сенсек), атақты берлиндік DFFB киномектебінде режиссердің оқуын оқып жатырмын. Жаңа салаға өту қиынға соқты, өмірім «дейін» мен «кейінге» қақ бөлінді. Маңызы зор кино түсірудің қиын екенін білемін. Бірақ ондай мүмкіндік бар. Бәріміз де осыған ұмтылсақ деймін.

Tatler Asia
IMAGE «Мне тебя обещали» фильмінен алынған кадр | Кинопоиск
Tatler Asia

Әйелдер баяндаған хикаялар заманауи Қазақстанда ауадай қажет. Алайда мәселенің түйіні тереңде жатыр: қыздарымызға олардың үндері ел үшін де, әлем үшін де маңызды екенін қалай айтып жеткіземіз?

Бәрі хикаядан, оны қағаз бетіне түсіруден басталады. Сценарий жанды, терең, қызық болсын деп оны айлап, тіпті жылдап өңдегеннен гөрі кино түсірген жеңіл. Сондықтан да бізге сценаристерді қолдау бағдарламалары, тәуелсіз питчингтер, мансабы кем дегенде 1-2 қадамға алға жылжыған, тәжірибелі кинематографистердің шеберлікті шыңдайтын сабақтары қажет. Қазақстан мен Америка арасында өмір сүріп, жұмыс істеп жатқаныма 12 жыл болды. Қазақстанда ыңғайлы, жанжал тудырмайтын, көпшіліктің көңілінен шығатын кино жоғары бағаланады. Батыл туындыларды қазақстандық емес, шетелдік қорлар қаржыландырады да, олар отанындағы аудиторияға бейтаныс «фестивальдік» кино болып қалады.

Екінші мәселе – перфекционизм, яғни «Мен нашар кино түсіргім келмейді» деген ойға оранған сенімсіздік. Бұл – қандай да бір мәртебеге сай болу керек деген ойға жіпсіз байланған бойжеткендерге қатысты мәселе. Сол себепті көптеген арулар мансабын бастамай жатып тастайды. Бірақ алғашқы еңбек оныншыдан оза алмайды ғой. Маман уақыт өте келе, туындыларын көрермен назарына ұсынған сайын өседі. Жанрлық эксперимент жасап, өз қызығушылықтарыңызға негізделген шағын жобалардан бастаған абзал. Бірте-бірте ауқымды картиналар мен бюджеті қомақты дүниелерге де ұсыныс түсетін болады.

Менің Off Hollywood атты қысқаметражды фильмім 2023 жылғы «Оскар» квалификациясынан өткен еді. Киноакадемия қорына кіру үшін түсірілімнен кейін тағы бірнеше қадам жасау керек. Бұл тәжірибе мансабыма серпіліс берді. Мен түсірген жетінші қысқаметражды фильм ғой деймін. Жұмыс, отбасы, бала-шаға және тәуелсіз шығармашылық арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру – әрбір Орталық Азия аруының қолынан келетін іс. Айтарыңыз болса, ел-жұрт сізді естісін десеңіз, кино түсіріп, оны көрермен назарына ұсыныңыз. «Диванный критик» не қияли біреу болып қала бермеңіз. Кім біледі, бәлкім, көрермен дәл сіздің жобаңызды, картинаңызды көруге асық болар? 

Tatler Asia
IMAGE Off Hollywood: The Undocumented Journey of Hope фильмінен алынған кадр | Кинопоиск

Темы