Алматылық Wallride командасы тағы да көзге түсті! Олар туралы Нью-Йорктің беделді Jenkem Magazine басылымы мен басқа да халықаралық медиа жарыса жазды.
Wallride – елімізде скейтбордингіні дамытуға және насихаттауға белсенді атсалысып жүрген жалғыз скейтшоп. 21 ақпанда Алматыда олардың «DIRTY PEOPLE» атты жаңа бейнеклипінің премьерасы өтті. Бейнебаян екі жыл бойы Түркия, Қырғызстан және Қазақстанның ерекше және көрнекті жерлерінде түсірілді. Жігіттер тіпті «Қазақстан» қонақ үйіне қарама-қарсы орналасқан Каспи университетінің төбесін де сынап көрді. Бейнебаянның премьерасы Алматыдан басқа Испания, Ресей және Қазақстанның бірнеше қаласында өтті. Басты іс-шара кезінде топ мүшелерінің бірін үлкен тосынсый күтіп тұрды. Алматылық жас скейтер Әмір Мирзоев өзінің алғашқы кәсіби скейтборд моделінің иегері атанды.


4 наурызда Нью-Йорктің Jenkem Magazine сайтында Wallride бейнебаянының әлемдік онлайн-премьерасы өтті. Бейнебаянның тұсаукесері скейтшоптың негізін қалаушы Алексей Ефимченконың эксклюзивті сұхбатымен толықтырылды. Сұхбатта тәуелсіз дүкенді басқарудың қиындықтары, түсірілім барысындағы кедергілер, қазақстандықтардың скейтбордингіге деген көзқарасы, көше мысықтары және басқа да қызықты тақырыптар қозғалды.