Биодизайн мен мәдениеттің үйлесімі арқылы экологияны сақтап, дәстүрді жаңғырту жолындағы жаңа қадам

Дана Молжігіт – 2024 жылы Forbes 30 Under 30 тізіміне енген Алматылық биодизайнер. Ол биология, дизайн, архитектура және цифрлық технологиялар тоғысындағы жобаларды жасап, дәстүрлі материалдарды экологиялық баламалармен алмастыру жолдарын зерттейді.

Дананың шығармашылыққа және ғылымға деген қызығушылығы балалық шақта оянған. Ол академиктердің отбасында өсіп, кітаптар оның өмірінің ажырамас бөлігі болды. Жазғы демалыстарын әжесімен ауылда өткізгенде киіз басуды, жүнді бояуды үйреніп, сурет салды. Бұл ерте әсерлер оның дизайнға деген қызығушылығын және табиғи материалдармен жұмыс істеуге деген ұмтылысын қалыптастырды.

ҚазҰӨИ (Жургенов атындағы өнер және мәдениет академиясы – Tatler) және Лондонның Бартлетт оқу орындарын био-интеграцияланған дизайн бойынша магистратураны тәмамдағаннан кейін, Дана тек беделді байқауларды жеңіп қана қоймай, биодизайн саласында өз жолын тапты. Бүгінде ол Сүлейман Демирел университетінде мицелий негізіндегі композиттерді жасап,  Ancient Futures фестивалін басқарып, тұрақты даму мәселелерін талқылау үшін зерттеушілер мен дизайнерлерді біріктіретін алаң құрады.

Біз Дана Молжигитпен кездесіп, дизайн біздің болашағымызды қалай өзгерте алатыны және табиғатпен жұмыс істеудің тренд емес, қажеттілік екендігі туралы сұхбат алдық.

Tatler Asia

Бала күнгі шабыт және отбасының ықпалы

Дананың жобаға деген құштарлығы тек соңғы жылдардың жемісі емес екен. Бұл оның бала кезінен басталған әңгіме.

– Бала кезімде ауылда апамның үйінде қонақта болатынмын, – деп еске алады ол. – Бірде кішкентайымда анам мені апарып тастап кеткен кезде апам жөргектерді (подгузник - Татлер) жуып қойыпты. Жөргектердің бір рет қолдануға арналғанын білмеген екен. Бірақ бұл отбасыма тән нәрсе еді. Олар ешқашан қалдық қалдырмайтын, әр нәрсені қайта қолдануға тырысатын. Апам құрақ көрпелер жасайтын, ал анам философиялық тұрғыдан тәңіршілдік пен шаманизмнің қазақ-қырғыз халықтарына әсерін зерттеп, табиғатқа құрмет туралы әңгімелейтін. Бала күнімде анамның осы айтқандары мен апамның өмір салты маған ерекше әсер етті. Бұл отбасылық дәстүрлер кейін менің дизайндағы және өмірдегі басты қағидаларыма айналды.

Дана кішкентайынан сурет салуға, эскиздер жасауға қызығып, шығармашылыққа ден қойған. Бірақ оның дизайнға деген көзқарасы бірте-бірте қалыптасқан. Алматыдағы Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүргенде, ол дизайнның барлығы тек адамға бағытталғанын байқады. Бұл ой оған тыныштық бермеді.

– Біз үйді адамға, киімді адамға, тіпті табиғаттың өзін де адамға бейімдеп жасаймыз. Адам әрқашан орталықта. Ал мен бұған мүлде келіспейтінімді түсіндім. Дизайн табиғатпен бірге, табиғаттың бір бөлігі ретінде жасалуы керек. Биодизайнның әдеттегі дизайннан айырмашылығы - табиғатты ортаға қоюы. 

Дана бұл идеяны бойына сіңіріп, оны жүзеге асыруға тырысты. Кейін ол әйгілі Cosmopolitan журналында жұмыс істеп жүріп, биодизайн туралы мақаланы оқиды. Бұл оның жаңа бағытқа бет бұруына үлкен серпін береді.

– Сол кезде Лондонда оқитын бір қыз туралы оқыдым. Ол биопластиктен фэшн коллекция жасапты. Бұл мені қатты шабыттандырды. Кейін Netflix желісінен Abstract деген деректі фильмді көріп, Нери Оксман туралы білдім. Оксманның биодизайндағы еңбектері мені таңқалдырды. Менің қолымнан келмейді деп ойладым, бірақ содан соң өзіме мүмкіндік беріп көру керек екенін түсіндім.

Tatler Asia

Лондон және жаңа көзқарас

Дана Болашақ бағдарламасы арқылы Англияға биодизайн саласы бойынша магистратураға түседі. Лондонда алған білім мен тәжірибе оның көзқарасын айтарлықтай өзгертті. Десе де, батыстың табиғатты қорғау тәсілі оны әрдайым қанағаттандырмаған.

– Олар экологиялық дағдарыстарды технология және технократия арқылы шешуге тырысады. Мен үшін бұл тәсіл жетіспейтіндей көрінді. Табиғатпен үйлесім табатын, оның заңдылығын бұзбайтын шешімдер жақынырақ. Оның үстіне, батыс Орталық Азияның индигендік сәулетін мойындай бермейді. Бұл менің өзіме деген сенімділігімді арттырды. Бізге өз мәдениетімізді насихаттау маңызды.

Бірақ бұл түсінік бірден қалыптасқан жоқ. Ол Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүргенде, еуропалық сәулет пен дизайнның тамаша үлгілерін зерттеген сайын, өз елі туралы терең ойға бататын.

– Бізге әрдайым еуропалық мәдениет, еуропалық сәулет үлгілері романтизацияланып көрсетілетін. Олар шынында да керемет еді, әр беттен таңғажайып ғимараттардың суреттерін көріп, қызығып отыратынмын. Париж, Вена, Лондон – сол жерлерге барып, солардың бір бөлшегі болуды армандайтынмын. Мен Қазақстанда туғаным үшін кейде ұялатынмын да. Бұл орынсыз ойлар екенін қазір түсінемін, бірақ сол кездері "неге мен осындай архитектуралық ғажайыптардың ортасында өмір сүрмеймін?" деп жиі ойлайтынмын.

Дана биодизайнды зерттей бастаған кезде, бұл ойы түбегейлі өзгерді.

– Біздің сәулетіміз, көшпенділердің табиғатқа бейімделген өмір салты, индигендік дизайнның маңыздылығы керемет екеніне көзім жетті. Біздің дәстүрлеріміз, әдістеріміз батыстың шешімдерінен әлдеқайда терең әрі табиғатпен үйлесімді екенін түсіндім. Табиғатқа із қалдырмайтын, оны құрметтейтін біздің дәстүріміз – нағыз гениалдылықтың үлгісі.

Лондондағы оқуы оған жаңа тәжірибе сыйласа да, Дана өз түп-тамырын қайта бағалап, жергілікті мәдениетті насихаттауды өмірлік миссиясына айналдырды.

Tatler Asia

«Ancient Futures» жобасы

Осылайша Дана Қазақстанға оралып, өз тобымен бірге «Ancient Futures» жобасын бастайды. Бұл жоба дизайн, сәулет, биология және экология саласындағы мамандарды біріктіретін платформа. Жобаның басты мақсаты – қалдықсыз, табиғатқа зиян келтірмейтін, жергілікті материалдарға негізделген өнімдер жасау.

Топтың мүшелері әртүрлі бағыттарда жұмыс істейді. Әсел Есжанова – қазіргі климаттық және әлеуметтік мәселелерді бейнелейтін кілемдер сериясын жасап жатқан дарынды сәулетші. Ханна Свель – топырақ бактерияларын зерттеп, сол арқылы осы кілемдерге арналған тұрақты пигменттер жасауға бағытталған биотехнолог және жобаның тең құрылтайшысы. Көшпелі қолөнер дәстүріне негізделген бұл кілем жүннен киіз басу мен ежелгі ағаш өрнектерін ғылыми инновациямен біріктіреді. Streptomyces coelicolor топырақ бактериясы, pH-қа сезімтал пигменттері мен «жаңбырдан кейінгі» иісімен, шіру және қалпына келу циклдерін бейнелейтін ерекше бояу әдісін жасайды. Нәтижесінде пайда болған кілем жердің табиғи иісін сақтап, адамзат пен табиғат тарихының байланысын сезінуге шақырады және тұрақты болашақ туралы ой салады. Бұл екі маманның еңбегі дәстүрлі өнер мен заманауи биотехнологияны үйлестіретін ерекше жұмыс. Молекулалық биолог Әнел Өмірбаева STEM бағдарламасы арқылы балалар мен жасөспірімдерге дәрістер өткізіп, биологияның маңыздылығын түсіндіруде. Сонымен бірге, ол жобада биоматериалдарды зерттеумен де айналысады. Эколог Алтын Мустафина Орталық Азияның табиғи ресурстарын зерттеп, оларды экологиялық тұрғыда тиімді пайдаланудың жаңа тәсілдерін іздестіруде. Сондай-ақ Алтын көшпелі мәдениеттің «өмір тасы» деп аталатын құрттан (ашыған ірімшік) материалдық жүйелер жасаумен айналысып жатыр.

Жобаның әкімшілік және ұйымдастырушылық бөлігін Мила Панкратова басқарады. Владислав Слудский – «Ancient Futures» жобасының продюсері. Оның жетекшілігімен жоба шығармашылықтан бастап қаржыландыру мен жаһандық танытуға дейінгі жұмыстарды сәтті жүргізуде.

– Біз қазір кілемдер жасаумен және жүннен киіз үй құрастырумен айналысып жатырмыз. Бұрын қазақ қыздары тұрмысқа шыққанда өздеріне арнап кілем тоқитын. ұл дәстүр кілемнің тек күнделікті тұрмыстық бұйым ғана емес, үлкен мағынаға ие болғанын көрсетеді. Кілем тек сәндік немесе тұрмыстық зат емес, ол – отбасының тарихы мен құндылықтарын бейнелейтін символ. Біз де сол дәстүрді жаңғыртуды мақсат еттік. Сонымен қатар, бұл кілемдер арқылы заманауи экологиялық үндеуді жеткізгіміз келеді, – дейді Дана. 

Кілем Орталық Азия мен Таяу Шығыс мәдениетінде ерекше орын алған. Қазақ халқының дәстүрінде кілем тек безендіру немесе тұрмыстық қажеттілік үшін емес, рухани және әлеуметтік маңызға ие болған. Әр ою, әр түс белгілі бір мағына береді, ал кілемдер арқылы отбасылық құндылықтар мен өмірлік сабақтар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілген.

– Кілем – бұл үндеу. Оның әрбір жібі, әрбір оюы артында белгілі бір әңгіме бар екенін білдіреді. Біз өз кілемімізді жасағанда, осы ежелгі дәстүрді құрметтеп, экология туралы заманауи идеяларды да қосамыз, – дейді Дана. 

Tatler Asia
Tatler Asia

Алдағы жоспарлар

«Ancient Futures» жобасының алғашқы үлкен көрмесі келесі жылдың сәуірінде Алматыдағы Egin Art Space галереясында өтеді. Көрме кейін Ташкентте, сосын Лондонда ұсынылады. Бұл көрмеде тек өнімдер ғана емес, олардың артында жатқан философия да көрсетілмек.

– Біздің мақсатымыз – адамдарды табиғатты сыйлауға шабыттандыру. Сонымен қатар, бізге биодизайн зертханасын құру маңызды. Онда дизайнерлер мен ғалымдар бірге жұмыс істеп, инновациялық жобаларды жүзеге асырады, – дейді Дана.

Дананың пікірінше, Қазақстандағы ерекше климаттық жағдайлар жергілікті материалдарды қолдана отырып, экологиялық әрі тиімді шешімдер табуды талап етеді.

– Біздің елімізде климат өте қатал: жазда аптап ыстық болса, қыста сүйектен өтетін аяз. Мұндай жағдайда қазіргі қолданылатын материалдар, мысалы, асфальт пен цемент, бізге тиімсіз әрі табиғатқа зиян келтіреді. Асфальт күннің ыстығында тез қызып, қала ауасын одан әрі қыздырып жібереді. Ал цемент пен бетон – тыныс алмайтын материалдар. Олар ғимараттарды жазда қатты қыздырады, қыста жылы ұстау қиын. Қазақстанда қолжетімді жергілікті материалдар көп: топырақ, жүн, ағаш. Топырақ – бұл «тыныс алатын» материал. Ол жазда салқын, ал қыста жылы болады. Осындай материалдарды қайтадан қолданысқа енгізуіміз керек, – дейді Дана.

«Ancient Futures» жобасы дәл осы экологиялық және табиғи шешімдерге бағытталған. Жоба қатысушылары топырақты, жүнді және басқа да жергілікті ресурстарды тиімді пайдалана отырып, қалдықсыз, экологиялық таза өнімдер жасауды мақсат етеді. Бұрын көшпенділер үйлерін, ыдыс-аяқтарын, тіпті күнделікті заттарын да табиғаттан алып, қалдық қалдырмай жасайтын. Бұл дәстүрді жаңғырту қазіргі заманның климаттық және экологиялық проблемаларына жауап бола алады.

– Біз жергілікті материалдарды зерттеп, оларды заманауи шешімдерге бейімдегіміз келеді. Иә, бастапқыда мұндай процестер қымбат болуы мүмкін. Бірақ технология дамыған сайын, бұл тәсілдер қолжетімді әрі тиімді бола бастайды. Оның үстіне, біз мұны тек экологиялық емес, экономикалық тұрғыда да пайдалы етуге тырысамыз, – дейді Дана.

Ол жергілікті өндірісті дамытып, отандық өндірушілермен серіктестік құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Ancient Futures» жоба қатысушылары жергілікті дизайнерлермен, экология саласындағы мамандармен және ғылыми зерттеушілермен ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын. Бұл тек дизайн мен өндіріс емес, сонымен бірге, мәдениет пен дәстүрді насихаттау жолы.

Данамен сұхбат аяқталған кезде, оның сөздері жай ғана дизайн туралы емес, жалпы өмірдің мәні туралы сияқты көрінді. Табиғаттан үйрену, оны құрметтеу, одан тек қажеттіні ғана алу – бұл тек дизайн емес, өмір сүрудің жаңа парадигмасы.

– Қазақстанда бізге табиғатпен үндесіп өмір сүруді қайтадан үйрену керек. Бұл тек біздің экологиямызды сақтап қалу емес, болашақ ұрпақ үшін маңызды шешім. Біздің климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жергілікті материалдармен жұмыс істеп, жаңа шешімдерді бірге табуымыз қажет. Сондықтан да бізге табиғатты құрметтеуді түсінетін, креативті ойлайтын серіктестер керек, – деп сөзін қорытындылады Дана.

Авторы

Фотография  

Уалиева Алуа

Стайлинг   

Чингиз Ескали

Макияж  

Карина Бабеджанова

Шаш  

Екатерина Чистюнина

Киім  

Diesel @frgroup.kz

Киім  

Корсет - Blackhorse.kz

Темы