IMAGE Фотограф: Арчи Геотина

«Қытай қыздарының жаңа толқынын» ұсынуға ұмтылатын серфингшілерді қарсы алыңыздар. Олар Арчи Геотинаның Pearls жобасында таптаурындардың быт-шытын шығарады

Филиппин суретшісі Арчи Геотина Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі құрметіне Dragon Academy атты қытай тілін меңгеруге арналған платформамен бірігіп, Pearls деген атаумен фотосуреттер сериясын ұсынбақ.

2021 жылы бастау алған жоба уайтуошинг, расизм және сексизмге байланысты серфинг тарихына қарсы шығып, дәстүрлі киіммен толқындарды бағындырған серфингші әйелдерге арналған. Жоба әйелдердің дарынын, қайрат-жігерін дәріптейді. Өткен түсірілімдерге жаһандану дәуіріндегі сәйкестік, репрезентация проблемаларына тап болған Филиппин, Индонезия, Оңтүстік Корея серфингшілері қатысты.

Геотина Балидегі жаңа түсірілімде жеті қытай әйелін түсірді. Ол әйелдердің заманауи ципаомен серф теуіп жүргенін бейнеледі. Айтпақшы, киімдердің біреуін гонконгілік Sau Lee жасап шығарған.

Бойында қытай және шотланд қаны бар Dragon Academy-дің негізін қалаушы Шерил Ли Мэйнлэнд жобаның мақсаттарын қолдайтынын айтады. «Қытай сәйкестігі өте күрделі, – дейді ол Tatler-мен сұхбаттаса отырып, – мысалы, айналам мені «қытай қызы» деп білген емес. Анамның суреттерін көрсетіп, мандарин тілінде сөйлеп, қытай халқына қатысым бар екенін дәлелдеумен әлек болатынмын... Өз болмысым үшін ақталғанды жек көретінмін. Мен сияқты адамдар көп екенін білемін».

Tatler Asia
IMAGE Майке Су Фэнсин Альтенбург, Бекки Лю, Жозефина Бахари, Шерил Ли Мэйнлэнд, Нино Чу | Фотограф: Арчи Геотина

Мэйнлэнд пен Dragon Academy-дің стратегиялық серіктестіктерінің басшысы Нино Чу (Чэнду тумасы) да түсірілімге қатысты. Екеуі де серфингіні өздерінің қытайлық сәйкестігін қабылдау жолы деп біліпті. Соның арқасында бойжеткендер қытай қыздарының болмысына қатысты таптауырындарды бұзудың жолын тапты.

«Мен үшін серфинг дәстүрлі өмір салтына қарсы тұру мүмкіндігі болды. Қытай әйелі ретінде мен осы өмір салтын сақтауға міндеттімін деп ойлайтынмын, – дейді Tatler-ге сұхбат беріп отырған Чу, – отбасымызға жақын болып, сабақты беске оқып, жақсы жұмысқа тұрып, тұрмыс құрып, бала бағуымыз керек. Енді маған қараңыздаршы: серфингімен айналысқалы бері корпоративті жұмысымнан шығып, Балиге көшіп келдім... Неке мен отбасы өзі келеді деп ойлаймын. Материализмнен арылғаннан бері өмірім толық өзгерді».

Сонымен қатар Мэйнлэнд: «Серфингінің арқасында өзімнің шын мәнінде кім екенімді түсініп, қоғам таңған таптаурындардан ада әрі бірегей болмысымды қабылдадым. Қытай әйелдерінің атынан өнермен, серфингімен айналысу – шабыт беретін мүмкіндік», – дейді.

Tatler Asia
IMAGE Нино Чу | Фотограф: Арчи Геотина
Tatler Asia
IMAGE Шерил Ли Мэйнлэнд и Майке Су Фэнсин Альтенбург | Фотограф: Арчи Геотина

Pearls жобасы Филиппиннің оңтүстік-батысында орналасқан Сиаргао аралында COVID-19 пандемиясы кезінде жүзеге аса бастады. Бойжеткендер фотоға дәстүрлі филиппиндік әйелдер киімі Филипиниананы киіп, серфингімен айналысып жүріп түсті.

Жоба көп ұзамай интернет қауымның назарына ілікті. «Pearls – әйелдердің серфингіден алатын төзімділік, мәдениет және еркіндік салтанаты, – дейді Геотина Tatler-мен сұхбаттаса отырып, – мұхит пен серфингіге деген ортақ махаббатымыз бізді бір арнаға тоғыстырды деп сенемін. Жобаға қытай диаспорасынан шыққан осындай бір алуан түрлі топтың келуі олардың күшін, құмарлығын және басқа да мұхитқа жақын мәдениеттерден еш кем емес дарынын айқындайды».

«Жобаның ерекшелігі сол, әр ел оны өзінше бір мақтаныш деп біледі. Оның азиялық әйелдерге арналған платформаға айналумен қоса, олар үшін серфингіде өнер көрсетіп, теңіз толқындарын бағындыру мәдениетінде басымдыққа ие европеоидті ерлерге қарсы тұруға мүмкіндік беретін алаңқайға айналғанына қуанышымын», – дейді ол.

Мэйнлэнд пен Чудан басқа жобада Мэйнлэндтың қыздары Шарлотт пен Аврора Холл (қанының төрттен бірі қытай халқына тиесілі), бренд-стратег әрі Индонезиядан келген қытайлық иммигранттардың үшінші буынының өкілі Жозефин Бахари,  Нидерландта өскен қытай қызы, зергерлік бұйымдар дизайнері Мэйке Су Фэнсинь Альтенбург және Сингапурдан шыққан қытай спортшысы әрі серфингіге арналған шомылу киімдері бренді Haikini-дің негізін қалаушы Бекки Лю бар.

Олар мұнда қытайлық болмысының өз-өзін «үшінші ұлт тумасы» ретінде қабылдау не асырап алынғаннан кейін түп-тамырын іздеу сынды қиындықтарды еңсеріп, серфингінің көмегімен түп-тамырын қалай түгендегені туралы әңгімелейді.

Tatler Asia
IMAGE Lotta and the Waves

Қытайлық мұраңызды не деп білесіз?

Шерил Ли Мэйнлэнд: Қытайлық ата-бабамнан қалған мұраны мақтан тұтамын. Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір бола алатыныма да сенімім мол. Бұл мәселелерге терең бойлағаным соншалық, Dragon Academy компаниясы арқылы қытай тілі мен мәдениетін әлемге тарата бастадым.

Шарлотт Холл: Қанымның төрттен бірі ғана қытай болғанымен, жыл өткен сайын жаным да, тәнім де қытай қызына көбірек ұқсап келе жатқан сияқты. Қытай тілін бала кезімнен бері оқып келемін. Оны толық меңгермегеніммен, қытайша сөйлегеннен ләззат аламын. Мен үшін қытайлық мұра – отбасым мен достарым арасындағы байланыс.

Аврора Холл: Қытайлық ата-бабамның мұрасымен мақтанамын. Мені тұлға ретінде айқындап, анам мен «по по» деп атайтын әжеммен байланыстыратын да сол. Мандарин тілінде сөйлей алатыным – мен үшін үлкен мақтаныш, әлемдегі ең күрделі тілдердің бірі ғой.

Нино Чу: Қытайлық болмысымды 15 жасымда АҚШ-қа оқуға кеткенде ғана түсініп, бірте-бірте қабылдай бастадым. АҚШ-тағы достарымнан өзгеше екенімді де түсінетінмін. Disney Channel көріп өскен немесе Рождество тойлаған адам емес едім. Бауырларым да болған жоқ. Осының бәрін қазір еске алсам, мұның бәрі мен үшін бірегей мәдениет алмасу мүмкіндігі болғанын түсінемін. Қытай қызы болуымды мен жеке басымның құндылығы, ата-бабамның мұрасы әрі шексіз шабыт көзі деп білемін.

Жозефин Бахари: Қытай иммигранттарының үшінші буынының өкілі болғандықтан, болмысыма қатысты мақтанышым уақыт өте келе жойылып бара жатқандай болатын. Индонезиялық қыз бен «үшінші ұлт тумасы» болмыстарының арасында сандалып та жүрдім. Түп-тамырыма деген қызығушылық Қытайдан келген қызбен танысқанда ғана пайда болды. Ата-бабаларымның туған жері туралы оқып, отбасымның тарихына үңіле бастадым. Осылайша менің қытай-индонезиялық әйел ретінде кім екендігім де айқындала бастады.

Мэйке Су Фэнсинь Альтенбург: Бейжіңнен асырап алынып, Нидерландта өскен мен үшін қытайлық ата-бабамның мұрасы бейнебір алыстағы бір елес сынды еді. Үш жыл бұрын Балиге көшіп барып, қытай мәдениетінің қаншалықты бай екенін түсінетін адамдарға тап болдым. Бұл мен үшін өз-өзімді тану жолындағы үлкен саяхат болды.

Бекки Лю: Сингапурдың тумасы ретінде мен өзімнің қытайлық болмысым туралы бұрын-соңды ойланбаған едім. Жасым 20-дан асқанда Балиге көшіп барып, қытайлық түп-тамырыма жақындай түстім. Ата-баба мұрасына сүйіспеншілікпен қараймын, әсіресе оған тән коллективизмді, табиғатты, мәдениетті, мінсіздікке деген ұмтылысты және тағамдарды сүйемін.

Tatler Asia
IMAGE Майке Су Фэнсин Альтенбург | Фотограф: Арчи Геотина
Tatler Asia
IMAGE Жозефина Бахари, Майке Су Фэнсин Альтенбург, Нино Чу | Фотограф: Арчи Геотина

Ата-баба мұрасының Pearls жобасы аясында айқындалуына қалай қарайсыз?

Мэйнлэнд: Pearls – қызығушылықтарымның бәрін қамтитын, мінсіз жоба. Өзім серфингіге құмар, сән мен фотосессияларды сүйетін кәсіпкермін, ал миссиям – қытай тілі мен мәдениетін әлемге заманауи сипатта жеткізу.

Шарлотт Холл: Басында күмәндандым. Алайда анам мен Pearls жобасының қатысушыларымен бірге серфингімен айналысуға барған күні қытай мәдениетіне тереңдей түстім деп ойлаймын.

Аврора Холл: Жобаға келгеніме қуаныштымын. Басқа қыздармен байланыс құрғандай болдым. Бірге ципао киіп, лонгборд теуіп, серфингші болдық.

Чу: Pearls туралы о бастан білемін. Жобаның концепциясы лонгбординг, әйелдердің репрезентациясы, табиғат пен дәстүрлі мәдениетке деген сүйіспеншілік жағынан жақын.

Бахари: Бүкіл әлем бас иіп, мойындағандай, аса бір үлкен құрметке ие болғандай болып тұрмын. Серфингіден алған шаттық пен бақыт туралы ойлап қалсам, төбем көкке жетеді. Сондай-ақ сезімдерімді айқындап, басқаларға да таптаурындардан босап шығуға мүмкіндігінше шабыт бере алатыныма қуанамын.

Су Фэнсинь Альтенбург: Pearls-тың жеке хикаяларымызды айшықтап, мұхитқа деген көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, оның бәрімізге ортақ екенін көрсететіні ұнайды.

Бекки Лю: Жобаның бөлшегі болу арманым еді. Бұл – әсіресе серфинг индустриясындағы әйелдерге арналған мәдени қозғалыс. Батысқа тән серфинг образын жаңартып, оны инклюзивті қыламыз. Әртүрлі мәдениеттен шыққан адамдар жобаны толықтыра түседі деп үміттенемін.

Tatler Asia
IMAGE Жозефина Бахари, Нино Чу | Фотограф: Арчи Геотина
Tatler Asia
IMAGE Жозефина Бахари, Майке Су Фэнсин Альтенбург, Нино Чу, Шерил Ли Мэйнлэнд | Фотограф: Арчи Геотина

Серфинг сізге өміріңіз бен тарихты айқындауға қалай көмектеседі?

Мэйнлэнд: 40-қа келгенде серфингімен айналысу – өнегелі, әсерлі де ауыр іс. Бұл тәжірибе маған баға жетпес өмірлік сабақ берді. Әрбір қадам – ғажап жетістік. Бірнәрсені жай ғана білгеннен гөрі онымен күнде, қайта-қайта, әртүрлі жерде айналысу адамды шын мәнінде сенімді әрі төзімді етеді.

Шарлотт Холл: Серфингіні өмірлік сабақтары үшін жақсы көремін. Соның арқасында, мысалы, өмірде біз басқара алмайтын дүниелер болатынын түсіндім. Серфинг – мені бауырларыма, әпкеме, анама жақындата түсетін бейнебір байланыс құралы.

Аврора Холл: Былтыр алғаш рет серфинг жарысына қатыстым. Ол маған жеңуді де, жеңілуді де үйретті. Алдыма мақсат қойсам, қайтпас қайсар екенімді түсіндім.

Чу: Серфингінің арқасында жаңа жерлерді көріп, әсер алып, жаңа адамдармен танысып, өмірге деген көзқарасымды өзгерттім. Ол мені әлемнің түкпір-түкпіріндегі жергілікті серферлермен, жақын достарыммен, серігіммен және комьюнитиіммен байланыстырды. Серфинг маған дәстүрлі болмаса да, ең бастысы, жаныма жақын өмір салтын құруға шабыт сыйлады.

Бахари: Серфингіні таңдауды күшті өмір сүруге бел буу деп білемін. Алайда үйде отырған құрдастарым сияқты жұмыс істеп, отбасыммен бірге болуды да ұмытпаймын. Бұл – менің өз ережелеріме сай сүретін өмірім.

Су Фэнсинь Альтенбург: Серфинг маған физикалық және менталдық тұрғыдан тыңдау жасауды үйретті. Соның арқасында жуасып, шығармашыл, адал және білімқұмар болып өмір сүретін болдым.

Лю: Серфинг өмірімді толықтай өзгертті. Мансап, жеке даму жағынан жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Оған жасөспірім кезімде келгеніме қуаныштымын. Көңіл күйің жоқ болса, серфингімен айналыс. Күйзеліске тап болдың ба? Серфингімен айналыс.

Саломе Груардың бұл мақаласы алғаш рет 2025 жылдың алтыншы ақпанында ағылшын тілінде жарық көрді, ал 2025 жылдың 20 ақпанында Егор Ходаков оны Tatler KZ-ке арнап орыс тіліне аударып, жаңартты.

Темы