Диджей және фермер Арсен Рысдәулет Қазақстанның ауыл шаруашылығын қалай өзгертіп жатыр?

Дэвид Бекхэм Англияның Котсуолдс аймағындағы фермасында көкөніс өсіріп, тауық асыраса, Николь Кидман Сиднейде сиыр мен альпака баққалы біраз болды. Ал Кэлвин Харрис Ибицадағы ең үлкен органикалық ферма Терра Масияда ауыл шаруашылығымен айналысады. Голливуд жұлдыздары сән-салтанаттан бас тартып, агробизнеске бет бұрып келеді. Бұл тек Голливудта болып жатқан құбылыс емес. Түнде Алматы барларында диджей, ал күндіз фермерлікпен айналысатын Арсен Рысдаулетпен сөйлестік. Оның ауыл шаруашылығына деген көзқарасы әдеттегі өндірістен әлдеқайда ауқымды. Арсен үшін әлемдік тәжірибе мен үздік тәсілдерді қолдана отырып, елдің аграрлық секторын жаңғырту – үлкен миссия.

Диджейліктен ауыл шаруашылығына қалай келдіңіз? Алғашқы қадамыңыз қандай болды?

Мен ауыл шаруашылығына бірден емес, біртіндеп келдім. Басында 2007 жылы екі гектар алма бақ отырғыздым. 2010 жылы банк саласында жұмыс істеп жүріп, ауылшаруашылық жобалармен айналыстым. Сол кезде ауыл шаруашылығының экономикасын зерттеуге қызыға бастадым. Германияның ауыл шаруашылығы экономикасын үйрене бастап, Қазақстан үшін де бұл салада үлкен мүмкіндіктер бар екенін түсіндім. Музыка мен ауыл шаруашылығын қатар алып жүруге бел будым. Егер бір салада батылдық пен табандылық жетіспесе, екіншісіне ауысамын. Ауыл шаруашылығындағы кез келген батыл әрі қызықты жоба музыкаға деген табандылығымды арттырады, ал музыка саласында жаңа белестерді бағындырсам, фермерлік бизнесім жандана түседі. Бұл екеуі де – менің өмірімнің мәні, сондықтан да жан-тәніммен беріліп істеймін. Көбінесе демалыссыз, таң атқаннан кеш батқанға дейін тынбай еңбек етемін, бірақ ешқашан шаршап, жігерім құм болған емес.

Tatler Asia
Tatler Asia

Арсеннің ауылшаруашылық жобалары

  • Ауыл шаруашылығындағы еңбек жолында Арсен Рысдәулет ірі агрохолдингіні басқарды. Кейін Орталық Азияда суық тізбекті қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырды. Бұл тізбек – өнімді өндіруден бастап, әр кезеңде оңтайлы температура мен сақтау шарттарын қамтамасыз етіп, тұтынушыға жеткенге дейінгі сатыларды қамтитын логистикалық шаралардың жиынтығы. Сосын Арсен осы тізбекті қолданатын қоймалар туралы деректер жинап, тренингілік бағдарламаларды іске қосты.
  • Кейінірек «Қазақстандағы голландиялық жеміс шешімдері» атты жоба пайда болды. Бұл жоба 2019 жылы Алматы облысында сәтті жүзеге асырылды. Нидерланд елшілігінің қолдауымен Арсен сол елдің 15 серіктесін әкеліп, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен (ҚазҰАЗУ) тығыз жұмыс істеді.
  • ҚазҰАЗУ-де демонстрациялық алаң құрылды. Онда дәнді дақылдардың сегіз түрі, оның ішінде сүйекті жемістер мен қатты жемістер, сондай-ақ көкөністердің бірнеше түрі өсірілді. Бұл жоба жергілікті ауыл шаруашылығы мен өсіру технологияларын дамытудағы маңызды кезеңге айналды.
  • 2021 жылы Арсен өзінің тәжірибесі мен білімін Arbuz.kz платформасымен біріктіруді шешті. Arbuz.kz – тағамдар мен фермерлік өнімдерді жеткізетін платформа. Арсеннің кең ауқымды фермерлер желісі (50 фермерден тұрады) және жинақталған білімі мен тәжірибесінің арқасында 2022 жылы ұжым жергілікті жеміс-жидектерді және көкөністерді өсіру бойынша көптеген сәтті бастамаларды жүзеге асырды.
Tatler Asia

Кооперативіңіз қалай жұмыс істейді?

Біз фермерлермен кооператив жобамызды «Келісімшарттық шаруашылық» немесе «Arbuz.kz кооперативі» деп атаймыз. Бұл — жемістер, көкөністер, кептірілген жемістер, жидектер, шөптер, ашытылған сүт және сүт өнімдері, ет өнімдері, жергілікті жеңсік ас түрлерін және бал өсіріп, жеткізетін көптеген өндірушілердің басын қосқан кооператив. Барлық өнімдер өңделіп, Arbuz Select атты жеке сауда маркасы аясында сатылымға шығады.

Кооператив өзара әрекеттестіктің сәтті үлгісін көрсететін бірегей пилоттық жобаға айналды. Фермерлерге барлық кезеңдерде қолдау көрсетіледі. Тұқым таңдау, кеңес беру, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану бойынша ұсыныстар беріліп, суық тізбек үдерісін жолға қою және өнімді түпкілікті тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық процестер қамтылады.

Сіз қандай дақылдарды өсіресіз?

«Arbuz.kz кооперативі» жобасының аясында өсірілетін дәстүрлі және экзотикалық көкөніс дақылдарының  ассортименті кең. Бақша дақылдарымен жасалған эксперимент — ең ауқымды жобалардың бірі. 2022 жылы қарбыз бен қауынның 50 түрі өсірілді. Олардың ішінде түрлі дәм мен текстуралы, тіпті әр алуан түстісі де болды: сары, қызғылт сары, қызыл, жасыл, тәтті, дәнексіз, жартылай тәтті, қантсыз, сонымен қатар қант диабетімен ауыратындарға арналған сорттарын да өсірдік. Тұқымдар Еуропа, Латын Америка, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдерінен серіктестермен бірге әкелінді.

Кооператив елімізде аспарагус деп аталатын спаржа түрінің кеңінен таралуына зор үлес қосты. Бұрындары ол Қазақстан халқы үшін қымбат әрі экзотикалық өнім болған еді. Соңғы үш жылда аспарагустың бағасы екі-үш есе арзандады. Мейрамханалармен тығыз жұмыс істеудің арқасында аспарагус бағасы қолжетімді өнімге айналды.

Біздің ерекше өнімдеріміздің арасында күлгін түсті, қызғылт-сары, сары, жасыл қырыққабат, экологиялық таза картоп пен сәбіз де бар. 2022 жылы пішіні ерек романеско қырыққабатын өсіру жобасы жүзеге асырылды. Эксперимент ретінде окраны да өсірдік.

Tatler Asia

Экзотикалық дақылдарды өсіру жоспары бар ма?

Қазақстанда экзотикалық дақылдарды өсіру — фермерлерден де, орта және ірі ауылшаруашылық компанияларынан да батылдықты талап ететін үлкен сынақ. Суық климатта, тіпті еліміздің оңтүстік аймақтарында да мұндай жобаларды жүзеге асыру оңай емес. Дегенмен қазірдің өзінде лимон, банан және басқа да экзотикалық жемістер өсірілетін жылыжайлар бар.

Қыс мезгіліне тән қиындықтарға қарамастан, заманауи жылыжай технологияларының арқасында экзотикалық дақылдарды өсіруге болады.

Табандылық пен тиімді тәсілдерді қолданудың арқасында мұндай жобаны жүзеге асыруға болады, бірақ оған қыруар қаражат керек. Мұндай іске бел буған шаруалардың батылдығы құрметке лайық дер едім. Өйткені олар Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады.

Қазақстандағы фермерлер қандай мәселелер мен қиындықтарға тап болып отыр?

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы климаттық қиындықтардан басқа тағы көптеген мәселелерге тап болады. Мысалы, тұқым сапасы. Бұл ретте жаңа әдістер мен технологиялар туралы білім мен ақпараттың жетіспеуі де айқын байқалады. Инновацияларды енгізуге ресурс жетпейді, ал дәстүрлі дақылдар климаттың әсерінен нашарлайды.

Тағы бір өзекті мәселе — су тапшылығы. Бұл әсіресе құрғақшылықтан көз ашпайтын аймақтарда қатты сезіледі. Қазақстанда су қоры әр алуан: бір өңірде су жетіспесе, енді бір аймақта фермерлер тасқыннан шығынға батып жатады. Қала берді, сапасы сын көтермейтін инфрақұрылым мен жең ұшынан жаслғасқан сыбайлас жемқорлық жағдайды одан ары ушықтырып жатыр. 2024 жылғы су тасқыны өңірлердегі әлеуеттің төмен екенін көрсетті. Мұндай мәселелерді шешу үшін су ресурстары саласындағы мамандарды тарту қажет. Сонымен қатар шетелде оқыған жастар елге оралып, экология мен аймақтардың тұрақты дамуы саласында жобаларды жүзеге асырса, құба-құп болар еді.

Келесі қадам қандай болады, органика ма?

Органикалық ауыл шаруашылығы — қазақстандық өндірушілер үшін қисынды қадам. Бірақ органикаға көшер алдында фермерлерге тұрақты түрде сапалы өнім өсіруді, оны дұрыс қаптау, шығынды азайта отырып сату және қайта өңдеуді дамытуды үйрену керек. Бұл — Қазақстандағы ең басты мәселелердің бірі. Еккен өнім дұрыс шықпай, шаруалар шығынға ұшырап жататын жағдайлар көп болады. Күз түскенде көкөністер мен жемістер тұтынушыға дер кезінде жетпей, егіс алқаптары мен бақтарда шіріп жатады. Кейбір өңірлерде қайта өңдеу үдерісі жолға қойылғанымен, оның көлемі өнімнің үлкен партияларымен жұмыс істеуге жеткіліксіз. Қайта өңдеу мен сату саласы бізде әлі де кенже дамыған, сондықтан органикалық егіншілік туралы айту әлі-әзір ерте. Бұл мегасәнді үйлену тойын өз қаражатыңа емес, несиеге алған ақшаға өткізумен тең.

Дегенмен Қазақстанда органикалық көкөністер, көк шөптер және салаттар өндіруге маманданған шағын органикалық фермалар пайда бола бастады. Кейбіреулер тіпті органикалық алма өсіріп жатыр. Мұның барлығы саланың даму әлеуетінің айнасы дер ем. Мәселен, көрші Қырғызстанға қарасақ, онда фермерлер органикалық өнімдерді белсенді түрде сертификаттап, Еуропаға, АҚШ-қа және Азия елдеріне экспорттап жатыр. 

Егіншілік сізге не берді?

Әуелгіде титықтап жүріп, кейін саналы өмірге аяқ бастым. Алғашқы жылдары әр маусымның соңына қарай толықтай қажып кететінмін. Жылдың басындағы құлшыныс күзге қарай су сепкендей басылатын. Қыста депрессиядан қара басып, идеядан жұрдай қалатынмын. Әйтсе де сол жыл сайын қайталанатын жағдайдан да маңызды сабақ алдым. Не нәрсені де байыппен, ақылға салып істеу керек екенін ұқтым. Жұмысқа қатысты міндеттерді өзара бөлу, кей шаруаларды әріптестер мен серіктестерге сеніп тапсыруды үйренудің арқасында титықтамайтын болдым.

Фермерлікпен айналысқалы пайда болған тағы бір маңызды дағды — тайм-менеджмент. Ауыл шаруашылығы саласында асығыстық жақсылыққа апармайтынын түсіну керек. Мысалы, егін жиналған соң, бірден сатылып кетпесе, үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Қазіргі заманғы көкөніс пен жеміс-жидек сақтау қоймалары өнімді сақтау мерзімін едәуір ұзартып, асықпай бірте-бірте әділ бағамен сатуға мүмкіндік береді. Бірақ қыс мезгілінде, яғни тұқым бағасы арзан кезде ең жақсы сұрыптарды сатып алуғы тырысу керек.

Сіздің «фермерлік арманыңыз» бар ма?

Маған өз идеяларымның ешқашан жойылмай, бастаған ісім жыл өткен сайын дамып, өркендегені маңызды. Өзімнің, әріптестерім мен серіктестерімнің күш-жігері зая кетпей, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетуін қалаймын. Олардың маңдай тері маусым соңына дейін ғана емес, 5, 10, бәлкім, 20 жылдан кейін де ақталғанын өз көзіммен көргім келеді. Жерімізге бақ дарып, ырыс қонсын!

Темы