Жан мен тән қатар жаңаратын wellness retreat демалыс орындары
Күнделікті күйбең тіршілік бітпейтін чаттар мен хабарландыруларға, Zoom-дағы қоңырауларға және 112 мен байланыс операторыңыздың SMS-теріне толы екені даусыз. Демалыс керек екенін білесіз, бірақ коктейль ішіп жағажайда қыздырынып жату енді ешкімді қызықтырмайтын секілді. Кейде пальмалардың астындағы экзотикалық һәм классикалық демалыс та сәннен шығып қалғандай көрінеді. Біздің ойымызша, сізге керекгі нақ ересектерше телефонсыз, мүлгіген тыныштықта детокс алу. Әсіресе желіден детокс болуы керек.
Wellness retreat атымен танымал демалыс түрлері – жай ғана демалтып қоймай, сіздің денеңіз бен санаңызды толықтай қайта жаңартуға әрекет етеді. Өзіміз де құм үстінде жатпасақ та, сарапшылардың сынынан өткен үздік демалыс орындарының топтамасын сіз үшін жасап қойдық. Гималайдағы таңертеңгі медитациядан бастап, Германиядағы ғылыми негізі бар ауыз бекіту бағдарламаларына дейін неше түрлінің бәрі бар. Мұндай демалыстар сізге тек жан тыныштығын ғана емес, құндақтағы сәбидей жаңарып, дүниеге қайтадан келгендей күй сыйлайды. Оған қоса, ол жерлерден кейін Instagram-ыңыз жұрттың көзін қызартып, ішін күйдіріп өтеді. Иә, иә, дәл солай!
Buahan, a Banyan Tree Escape
Тұмса табиғат, бай мәдениет және рухани жаңару – бұл Бали дегенде ойға оралатын үш тіркес. Индонезияның осы бөлігіне барғандар бекерден-бекер “жаңа туғандай болып қайттық” демесе керек.
Балидегі адамдар әлі де сиқырға сенеді. Ал Буахан аймағы бұл сөзіміздің нақ дәлелі. Аралдың солтүстігінде қалың джунглидің арасында орналасқан осы бір шипажай сізді адам мен табиғат үйлесім тапқан әлемге жетелейді. Есік те жоқ, қабырғаны да таппайсыз — жай ғана сіз және табиғат. Телефоныңызды ұмыттыратын сұлулық. Бұл орынның бағдарламасына тау көріністері бар жерлердегі виньяса-йога, кешкі алаудың айналасындағы көне ғұрыптар, мұз ванналары мен сауықтыру серуендері кіреді. Бір көргеннен-ақ, жанға жылулық сыйлайтын сән-салтанат екенін түсінесіз. Ал күн ұясына батқан сізді су жаңа қалпыңызға әкелетін массаж бен рухани тазалану рәсімдері күтеді.
